Руханият • 17 Шілде, 2019

Қаймағы бұзылмаған қазына

664 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллинаның «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының камералық залында өткен «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» өнер кешінде халық әндері, сал-серілердің музыкалық мұрасы, отандық композиторлардың вокалдық әрі аспаптық шығармалары, сондай-ақ ұлттық опералық классикадан таңдаулы ариялар шырқалды.

Қаймағы бұзылмаған қазына

«Япырай», «Бір арпа би­дай», «Шәпибаяу», «Ті­леу­­қа­бақ», «Екі жирен», «Ақ қу­рай», «Баян­ауыл», «Сұр­­же­кей»  сынды ха­лық ән­деріне қо­са Ақан сері­нің «Сы­рымбет», Сегіз се­рі­нің «Қар­ғаш», Мәди Бә­пи­ұлының «Қара­кесек», Ес­тайдың «Құсни-Қорлан», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Абай Құнанбайұлының «Кө­зімнің қарасы», Мұхит Мералы­ұлының «Айнамкөз», Зілқара Байтоқаұлының «Жиырма бес» шығармалары, аспаптық туындылардан М.Төлебаевтың скрипкаға, К.Күмісбековтің виолончельге арналған поэмалары, Ә.Мәмбетовтің Трио-Эле­гиясы сыршыл да сазды си­патта орындалып, сезім тол­қынындағы ән желкені жан тербеді.

Әлемнің 50-ден астам елінде шеберлік сыныбын өткізіп, қа­зақ ұлттық опера өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген Шахимардан Әбіловтің кім еке­нін тағы бір мәрте әйгілеп айтып жату, артық болар, сірә. Дей тұрғанмен Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» опе­расындағы ол сомдаған Абай бей­несі бүгінде қа­зақ ұлттық опера өнері тари­хын­дағы шоқтығы биік айтулы партия ретінде жоғары бағаланатынын, ақынның ұлы жүрегінің махаббатын, ішкі жан тебіренісін, толғаныс-толқуы мен арман-аңсарын асқақтата шырқап, әупілдектей әуелеткен әр сәтін көпшілікке өнеге ете жүр­сек, мұның өзі кейінгі өске­лең ұрпақ үшін мәні зор өнеге болмақ. Шахимардан Әбі­лов бейнелеуіндегі Абай мұрасы бұған дейінгі сүр­леу-соқпаққа ұқса­майтын өзгеше сұлу өрнегімен, байсалды да сымбатты күйімен ерекшеленіп, көңілді әрдайым сыршыл сазбен көмкеріп тұратындығы ең алдымен, қай шығарманы да оның көңіл безбеніне салып, жүрекпен орындауында. Ал Вердидің «Риголетто», «Травиата» және «Аида» спектакльдеріндегі Риголетто, Жермон, Амо­насро, Чайковскийдің «Қарға­ның мәт­кесіндегі» – Том­ский, Рим­ский-Корсаковтың «Патша қа­лыңдығындағы» – Грязнов, Ер­кеғали Рахма­диевтің «Абылай ханындағы» Бұқар жырау сынды шоқтығы биік партиялары өз алдына бөлек иірім, әлемдік һәм отандық рухани қазынаны қатар игерудегі сан тарау ірі жетістік дер едік.

Түркия Президенті С.Де­ми­­релдің бастамасымен сах­наланған «Арарат туралы аңыз» операсындағы Ахмет рөлін түбі түркі жұртынан түрік тілінде сайратқан тұң­ғыш қазағыңыз да, түрік ба­уырлардың «Көроғлы» операсына арнайы шақыртылып, бас партияны орындаған тұлғаңыз да міне, осы әнші екенін біреу білсе, бүгінде біреу біле бермеуі мүмкін-ау! 

Италиян, орыс, неміс, т.т. сол сияқты небір әлем­дік ән мек­тептерін шебер мең­гере жүріп, өзіңнің хал­қыңның жан дүниесіне етене жақын, ХІХ ғасырдың өзінде-ақ кәсіби тұрғыда ке­мелдікке жеткен қазақ ұлт­тық ән мектебін әрдайым қадір тұтып өтуді, қай сахнада болсын төл мұраны, дала мәдениетін басқа өр­кениеттің мәдениетінен оқ бойы оздыртып, мерейін үстем етуді өмірлік ұста­нымға айналдырған әнші Лондонның әйгілі Барбикан орталығында, Париждің ең мықты Плейель залында, Мәскеудегі Композиторлар одағы залында, Чайковский атындағы консерваторияның Кіші залында, әсіресе халық әндерін үзілдіре шырқағанда ондағы халық орындарынан өре түрегеліп, қазақтың халық әндерінің кереметтігіне таңдай қаққанын әншінің өз аузынан естіп қалған жайымыз бар. 

Бұл туралы өзі: «Шетелдегі сондай бір кезекті концерттен кейін танымал бір тұлға келіп: «Мынау неткен ғажап дүние! Әлгінде орындаған тамаша туындыңыздың авторы кім, композиторы кім? Мұндай классикалық үлгідегі халықтық шығарманы алғаш рет естуіміз» деп ән тарихын қызыға сұрастырып, сүйсініс білдірді» деп жазды. 

Ал «Астана Опера» театры­ның жетекші солисі Жұ­пар Ғабдуллинаның вокал­дық, сахналық шеберлігі, дауыс ерекшелігі көпшілікке кеңінен мәлім десек, жақында ғана ол Түркияда өткен Ха­лық­аралық Ыстанбұл опера және балет фестивалінің мерейтойлық оныншы ашылу салтанатына қатысып қайтты. Дж.Пуччинидің «Турандот» операсындағы басты партияны орындаған қазақ ән­шісіне сарапшылар жоғары баға берді. «2500 орынға шақ­тал­ған Zorlu PSM Studio концерт залында ине шаншар орын бол­ған жоқ», деп жазды бұл ту­ралы жергілікті басылымдар. 

Журналистерге берген сұхбатында Жұпар Ғабдул­лина концерттің ерекшелігі туралы айта келіп: 

– Себебі опера әншісі үшін камералық музыканың орны қашанда бөлек, – деді. – Құрманғазы атындағы консер­ваторияның аспирантурасында Шахимардан ағаның сыныбында оқыдым. Сол себепті камералық залда ұстазыммен бірге өнер көрсету бақытына ие болғаныма қуаныштымын.

Екіншіден, көрерменге қазақ халқының төл туындыларын орындау, сырнай, домбыра аспаптарында шырқалған көне дүниелерді, сал-серілер мен дала композиторларының шығармаларын ұсыну баға жетпес байлықты үлгі тұту деп есептеймін. Ұлан-ғайыр, кең-байтақ өлкемізде туған байырғы сансыз сарынды ұдайы дәріптеп отыру – әрбіріміздің басты парызымыз. Ата-бабаларымыздан қалған осынау асыл мұраны, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша сақталып жеткен жауһар туындыларды классикалық үлгіде жаңғырту жобасы мұнан кейін де әрі қарай жарасымды жалғасын таба береріне сенемін. 

Классикалық музыка кешінде сондай-ақ Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрип­ка), Асқар Мұқанов (виолончель), Раушан Бес­кембирова (фортепиано) өнер көрсетті.