Омарта шаруашылығын құру
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:01
Біз «Бір нәсіпке – жүз кәсіп» айдарымен берілген өткендегі алғашқы мақаламызда саз балшықтан қыш бұйымдарын жасап, саудалау мәселесін сөз еткен едік. Ал, бұл жолғы мақаламызда омарта шаруашылығын қалай құруға болатындығына тоқталмақпыз. Бұл бизнестің түпкілікті мақсаты – ара өсіріп, бал мен балауыз, басқа да омарта өнімдерін өндіріп, оларды сатып, пайда табу, бал өнімдерін пайдаланып, денсаулықты түзеу. Жалпы, таза табиғат аясында омарта шаруашылығымен шұғылданатын жандар ісіне қызығушылық бұрыннан да байқалып келеді.
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:01
Біз «Бір нәсіпке – жүз кәсіп» айдарымен берілген өткендегі алғашқы мақаламызда саз балшықтан қыш бұйымдарын жасап, саудалау мәселесін сөз еткен едік. Ал, бұл жолғы мақаламызда омарта шаруашылығын қалай құруға болатындығына тоқталмақпыз. Бұл бизнестің түпкілікті мақсаты – ара өсіріп, бал мен балауыз, басқа да омарта өнімдерін өндіріп, оларды сатып, пайда табу, бал өнімдерін пайдаланып, денсаулықты түзеу. Жалпы, таза табиғат аясында омарта шаруашылығымен шұғылданатын жандар ісіне қызығушылық бұрыннан да байқалып келеді.
Араның 25 мыңға жуық түрі бар. Солардың ішінде омарта шаруашылығын жүргізіп, бал өндіру үшін ең қолайлылары ортаорыстық, карпаттық және қиыршығыстық ара тұқымдары болып келеді.
Істі неден бастау керек? Істі омарта (бірнеше ара ұялары) орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастаған жөн. Ол үшін омарта орналастырылатын жер телімі желден жақсы қорғалған құрғақ жерден таңдалғаны дұрыс. Сонымен қатар, болашақ омартаның айналасында орман немесе ағаш шоғырларының, бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақтардың болуын ескерген абзал. Омартаны орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берудің де маңызы зор. Өйткені, оның сапасы жұмыс істеуге қабілетті аралар тобының қалыптасуына, сонымен қатар омарташының еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді.
Қажет болатын құрал-жабдықтар мен технология. Істі, ең алдымен, ара ұяларын әзірлеуден бастаған жөн. Тәжірибелі омарташылар ара ұяларын өз қолдарымен жасайды. Олардың осындай ұяларды жасау үшін қажетті ағаш өңдейтін құрал-жабдықтары болады. Егер сіз бұл шаруаның ыңғайын білмейтін болсаңыз, онда ең дұрысы – оларды сатып алу.
Ара ұяларын сатып алған кезде олардың жаңасынан гөрі бұрын пайдалануда болған ескілеулерін, бірақ сапасы жақсыларын таңдай білген жөн. Әдетте, бұрын пайдалануда болған ара ұялары оншама қымбат бола қоймайды. Өйткені, олардың құны өтелген деп есептеледі. Сондықтан мұндай ара ұясын 1200-1500 теңгеге сатып алуға болады.
Әрине, сіз омарта шаруашылығымен шұғылданғаннан кейін тек бір ұямен ғана шектеліп қалмайтыныңыз айқын. Сіздің жаңа кәсібіңіз өзіңізге неғұрлым тиімді болып, табыс әкелуі үшін кемінде бес ұя қажет болады. Әр ұяға бір-бірден ара үйірі орналастырылады. Әрине, ара ұяларын бұдан да көбейте түсудің пайдасы мол екендігі анық. Бірақ істі жүргізу тәжірибеңіз болмаса, онда сізге ең дұрысы – жұмысыңызды аз-аздан бастап, оны бірте-бірте игеру. Өйткені, тәжірибесіз адам үшін кез келген жаңа істің өзіндік қыры мен сыры болатыны түсінікті. Сондықтан бастапқы кез үшін сізге бес ара ұясының өзі жетіп жатыр.
Ендігі бір үлкен шаруа – ара сатып алу. Араны үйірімен сатып алады. Ара сатып алу шаруашылықты бастаудың ең қарапайым, бірақ ең қымбат тәсілі болып табылады. Себебі, араның бір үйірі орта есеппен 11000-13000 теңге тұрады.
Мұнан кейін сізге арадан қорғанатын торкөзді бетперде, түтін салғыш, қолғап сатып алу керек. Өйткені, бұларсыз сіз ара ұясына жақындай алмайсыз. Сонымен қоса, үстіңізге ашық түсті түксіз киім киіп, араларды үркітетін желпуіш (оған қаздың қанаты да жарайды) ұстағаныңыз жөн.
Араны азықтандыру тәсілі. Ара үшін негізгі құнарлы азық – гүл шырыны (гүлден бөлінетін тәтті сұйық). Ондай азықты аралар өзі іздеп табады және қысқа қажетті қорды да өздері жинайды. Олар өсімдікті тозаңдандыру арқылы одан азық өңдейді. Сонымен қатар, араларды қант шырынымен қосымша азықтандыру да қажет. Қант шырынын алу үшін қантқа шарап қышқылын қосып, оны сумен араластыру керек.
Араны көбейту. Бал беретін аралар екі жолмен көбейеді: шағылысу және үйірге бөліну арқылы. Араны үйірге бөлген кезде үйірдегі арадан тағы бір үйір ара бөлініп шығады.
Бұл үдеріс былайша жүреді. Үйірдегі барлық аралардың ортақ бір анасы болады. Шағылысқан соң 3-4 күн өткеннен кейін аналық ара жұмыртқалайды. Жұмыртқалау барысында бір ара тәулігіне 2-3 мыңға дейін жұмыртқа тастауы мүмкін. Аналық ара отыз күн ішінде өзінің ұрықтану қабілетін сақтайды.
Жаңа үйірді бөліп шығаруға дайындық барысында аралар үйірі шырын жинау мен тозаңдандыруды күрт төмендетеді. Аналық араның ауысуы жаңа үйірлердің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл үдеріс жаз ортасында, гүл шырындары азайған тұста жүреді. Үйірлердің пайда болуы екі аптадан алты аптаға дейінгі уақытты қамтиды. Жаңадан пайда болған аралар пішіні неғұрлым жұмсақ түсті және түкті келеді. Алғашқы үш тәулікте олар ана сүтімен қоректенеді. Үшінші тәулік соңында жұмысшы аралардың қамқорлығына көшіп, бал мен балтозаң араласқан көмірсулы сұйықпен азықтандырылады. Осы үш аптаның нәтижесінде олардың салмағы бірнеше есе өсіп, жетіледі.
Өнімдерді өткізу. Омарта шаруашылығымен шұғылданған адам балдың өзінен тыс, қосымша өнімдер де өндіреді. Олар – ара сүті, балауыз, балтозаң және тағы басқалар. Дегенмен, омарта шаруашылығының негізгі өнімін ара балы құрайды. Барлық өнімдердің 80 пайызы ара балынан тұрады.
Омарта өнімдерін сіз өз туыстарыңызға, достарыңызға және олардың таныстары мен дос-жарандарына өткізе аласыз. Өйткені, қазіргі күні таза қолдан шыққан сенімді ара балына деген сұраныс күшті. Бал өнімдерін адамдар негізінен өз таныстарынан немесе олардың ұсынысы негізінде сатып алғанды жөн көреді. Артылып жатса, қалған өнімдерді сауда дүкендері мен базарларға шығаруға болады.
Жұмысты алғаш ұйымдастыруға жұмсалатын шығындар:
Бұрын пайдалануда болған 5 дана ара ұясын сатып алуға – 10 000 теңге.
Ара сатып алуға (5 үйір) – 11 000 х 5 = 55 000 теңге
Қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға – 15 000-16 000 теңге.
Сонда барлығын қосқанда 80 000 теңге көлемінде шығын жұмсалады.
Кіріс:
Бүгінде 1литр бал кемінде 1 200-1 500 теңге тұрады. Бір маусымда араның бір ұясынан немесе бір үйірінен 30 кило тауарлық бал өндіруге болады. Бұл шамамен алғанда 20 литр бал деген сөз. Сонда сіз 1 ара ұясынан ғана кемінде 24 000 теңге, ал 5 ұядан 120 000 мың теңге табыс табасыз. Мұның сыртында балауыз, балтозаң сатып та пайдаға кенелесіз.
Ал келесі маусымда сізден ешқандай бір шығын шықпайды. Тәжірибеңіз де толыса түседі. Оның үстіне, сіз енді ара ұяларын өз бетіңізше көбейте аласыз. Яғни келесі маусымдағы табысыңыз бірінші жолғыдан бірнеше есе қомақты болуы әбден мүмкін.
Жалпы, тәжірибелі омарташы бір маусымда 30 және одан да көп ара ұясын ұстайды. Ал сіз бұл іспен отбасыңызбен бірге шұғылдансаңыз 60 және одан да көп ара ұясын ұстауыңызға болады. Яғни бір маусымның өзінде миллион теңгеден астам табыс таба аласыз.
Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуыңызға болады:
www.zoodrug.ru
www.opchelah.com
http://www.medovik.info
http://www.pcheloverh.ru
http://www.pchelodom.ru
Әзірлеген
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».