Осы орайда Ақтөбе облыстық мәслихатында қазіргі кезге дейін қалыптасып үлгерген бірқатар оң үрдістер мен тәжірибелерді айтқым келеді. Менің ойымша, бюджетті қабылдау ісіне, оның кірісі мен шығысын мұқият есептеуге ұқыпты көзқарас қалыптастыру үлкен жауапкершілік әрі сенім. Сондықтан мәслихат сессиясында бюджетті қабылдап бекітер алдында оны терең сүзгіден өткіземіз. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар мен қаржылық органдардың өкілдері және тексеру комиссиясының мүшелері енген. Халқымыздың ұғым-түсінігіне сай «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мәселе дәл осы тұстан бастау алады. Сондай-ақ бюджетті қабылдауға және бюджеттің шығыстары мен кірістерін есепке алуға арналған облыстық мәслихаттың сессиялары онлайн режімінде өткізіліп, оған ашықтық пен жариялылық беріледі.
Осы мәселеге қатысты облыстың әр тұрғыны өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізе алады. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың сайты арқылы да әрқайсысы тиісті үн қоса алады. Бұл орайда біз ең алдыңғы кезекте бюджет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері айтқан қонымды ұсыныстар пен ой-пікірлерді ұдайы назарда ұстауды тәжірибеге енгізіп келеміз.
Соған қарамастан өңірде бюджет қаражаттарын тиімді жұмсау ісінде кейбір «әттеген-айлар» да кездесіп қалатынын жасырып қала алмаймыз. Айталық, жобалық-сметалық құжаттар жасау кезінде осындай үстірттіктер орын алғаны, соның салдарынан өңірдің кейбір шалғай аумақтарындағы әлеуметтік нысандардың дұрыс жобаланбағаны, яғни қажетсіз бос алаңдар салынып кеткені сабақ алуға тұрарлық жайт деп білеміз.
Бюджет тиімділігін көтеру ісіне қаржылық тәртіп пен оның ойдағыдай сақталуы септігін тигізе алады. Бұған қоса тайға таңба басқандай айқын жоспарлау қажет. Сондай-ақ әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша дәл экономикалық есептер жасалмаса, бюджеттің тиімсіз тұстары жойылмақ емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджет тиімділігін көтеру жөнінде қойған міндеттері аталған мәселелерді нақты атқаруды жүктейді.
Бюджет қаражаттарын мақсатты жұмсау мәселесінде белгіленген заңдылықтарды бұзу көріністері де кездеспей тұрмайды. Мысалы, облыстық мәслихаттың өткен сессияларының бірінде 2017 жылдың бюджеттік тапсырмаларын орындау кезінде осы сияқты көріністер орын алғаны тексеру комиссиясы тарапынан айтылды. Бүгінде оның анық-қанығы зерттелу үстінде. Түйіп айтқанда, бюджет қаражаттарының үнемді және тиімді жұмсалуы алға дамудың басты тұтқаларының бірі.
Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА,
Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы
АҚТӨБЕ