Президент • 18 Шілде, 2019

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бағыты айқын

1028 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі және құрамы бекітілді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бағыты айқын

Бұл туралы алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Twitter-дегі парақшасында «Сайлау­ал­ды бағдарламаны жүзеге асыру мақса­тында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық кеңес мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері елімізді жаңғырту ісіне елеулі үлес қосады деп сенемін. Бұл – өте маңызды мін­дет» деп жазды.

Аталған Жарлықтың жай-жап­сары Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында баяндалды. Жиында сөз бастаған Президенттің кеңесшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин кеңес құрамы қалай жасақталғанын, оның алдында қандай міндеттер тұрғанын айтып берді. Оның айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – Қазақстан Президенті жа­нын­дағы консультативтік-кеңес­ші орган. Кеңестің негізгі мақ­саты – жұртшылықтың, саяси пар­тиялардың, азаматтық қоғам өкіл­дерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелер бойынша бастамаларды, ұсыныстарды тұжырымдау. Сонымен қатар тұжырымдамалардың, мем­лекеттік бағдарламалар мен нор­мативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стра­тегиялық проблемаларды қарау, сындарлы диалогты қамтамасыз ету – кеңестің негізгі міндеттері.

– Ұлттық кеңеске Президенттің өзі төрағалық етеді. Ұлттық кеңес құ­рамына саяси партиялар өкіл­дері, қоғам белсенділері, сарапшылар, жастар ұйымдарының көш­бас­шылары еніп отыр. Кеңестің құра­мын анықтау мақсатында соңғы бір айда консультациялар өткі­зілді. Бұл іс-шаралар маусым айын­дағы Мемлекет басшысының бір ай ішін­де Ұлттық кеңес құру туралы Жарлығының шеңберінде ұйым­дас­тырылды. Консультациялар барысында Президент Әкімшілігінің өкілдері түрлі қоғам белсенділерімен, саясаткерлермен, сарапшылармен кездесулер өткізіп, кеңестің құрамы қалай құрылатыны, оның алаңында қандай мәселелер көтерілу керектігі жөнінде пікірлестік. Осындай жиындарда айтылған пікірлерді жүйелеп, бір шешімге келдік. Кеңеске кіретін қоғам белсенділері мынандай тәр­тіпке сәйкес іріктелді. Олар – ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты түрде көтеріп, көпшіліктің назарын аударып жүрген белсенділер және нақты бір саланы дамытуға үн қосып, еңбектенген кәсі­би мамандар. Кеңес құрамында қоғамның барлық саласының өкіл­дері қамтылды. Саяси-қоғамдық алаң­дардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппо­зицияның да, жаңа қалыптасып келе жатқан қозғалыстардың да өкіл­дері бар. Консультациялар кезінде Кеңес құрамымен қатар жұмысы туралы да ой қозғадық. Ақылдаса келе алдағы уақытта Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысы жүйелі болуы үшін құрамына енген мүшелері бірнеше жұмыс топтарына бөлінуі мүмкін деген байлам жасадық. Оның қалай жіктелетіні жайында кейін тағы мағ­лұмат береміз. Қазіргі уақытта ор­тақ ұстаным бар. Яғни, Ұлттық кеңес тек қана белгілі бір уақыт сайы­н салтанатты түрде өтетін жи­ын алаңы емес, нақты мәселелер қара­латын, талқыланатын алаң болады. Жұмыс топтарына бөлінген Ке­ңес мүшелері белгілі бір бағыттар бо­йынша өз ұсыныстарын дайындай­ды. Ұсыныстар нәтижесінде қабылданған шешімдер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жалпы отырысында қара­лады, – деді Ерлан Қарин.

Ұлттық кеңестің құрамы 42 адамнан жасақталды. Олардың бір тобын Мұхтар Тайжан, Арман Шораев, Қа­зыбек Иса, Мұрат Әбенов сияқты көпке аты мәлім қоғам қайраткерлері құрады. Сондай-ақ кеңеске қоғам бел­сенділері – Жәнібек Қожық, Азамат­хан Әміртаев, Бақытжан Бұқарбай және құқық қорғау өкілдері – Жеміс Тұрмағамбетова, Айман Омарова, Айгүл Орынбек мүше болды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің жұмыс бағдарынан хабардар еткен баспасөз жиынында осы Ке­ңестің құрамынан табылған қо­ғам қайраткерлері де өз пікірлерін білдірді. Соның бірі Кеңес мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан билік пен қоғам арасында диалог орнату туралы бұрыннан көтеріп келе жат­қанын, сол ойы осы Ұлттық кеңес арқылы жүзеге асатынын айтты. Ол бұл бастамаға қолдау көрсетіп, көптің көкейінде жүрген мәселелерді бірлесіп талқылауға сеп болатын, тұрақты түрде жұмыс істейтін жи­ын болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ қоғам белсендісі Кеңес жұмы­сының ашық, жемісті болуына атсалысатынын айтып, бұл Қазақ­станның болашақта өркениетті, құқықтық, демократиялық, шынайы нарықтық мемлекетке айналуына, келешек ұрпаққа дамыған елді қалдырып кетуге басты қадам болады деп үміт­тенетінін жеткізді.

– Халық пен биліктің арасын жақындату үшін Кеңестің құрылуын, оның қажеттілігін түсініп отырмыз. Мен жаңа ғана шыққан Жарлықтың ішіндегі тізімді қарап шықтым. Ма­ған ұнап тұрғаны – әртүрлі сала­ның, әртүрлі саяси партиялардың өкілдерінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамына кіргені. Мен мұны анда-санда, екі-үш айда бір рет тек ресми жиын есебінде емес, нақты қоғамдағы ең өзекті проблемаларды көтеріп, соны шешуге тырысатын жақсы Кеңес болады деп ойлаймын. Тағы бір байқағаным, осы Кеңес жұмысының төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеуметтік проблемалар, мем­лекеттік бағдарламалар сарапталып, қаралады. Бұл ортада көптеген оң ұсыныс айтылып, проблемаларды шешуде олқылықтар болса, бірден талқыланып, одан әрі жағдайдың ушығуына, күшейіп кетуіне жол бермей, дер кезінде дұрыс өзгерістер жасауға мүмкіндік бе­реді деп сенемін. Бүгінгі таңда азаматтар өте белсенді. Бірақ барлық кезде мемлекеттік органдардың бас­­шыларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бола бермейді. Бір министрлік ашық, жария түрде жұмыс істеп, алдын ала ақылдасады. Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары жабық түрде жұмыс істейді. Мен осы Кеңестің берген өкілеттігін пайдаланып, Кеңес мүшелері өз жауапкершілігін түсініп, әрқайсысы өз саласы бойынша нәтижелі жұ­мыс істейді деп сенім білдіремін. Мысалы, мен бірқатар әлеуметтік сала: білім саласын, медицинаны дамыту, жас­тардың проблемасы сияқты мәселелерді жиі көтеремін. Осы Кеңесте өзім жете түсінетін проблемалардың оң шешілуіне күш саламын. Мәселелер көп, бірақ оның бәрін кімге жеткізерімізді біл­мейміз немесе тек қана әлеуметтік желілермен ғана шектелеміз. Ал енді бұл алаң тиімді ұсыныстар айтылатын, кеңінен отырып кеңесетін орта болмақ, – деді Кеңес мүшесі, қоғам қайраткері, Ұлттық «Серпін» білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар бұл жиында Маң­ғыстау облысынан келген қоғам белсендісі, Кеңес мүшесі Жәні­бек Қожық та Ұлттық кеңес туралы өз ойын жеткізді. Ол Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесі билік пен халық арасындағы алтын көпір бола­тынына сенетінін атап, шамасы келгенше Кеңес мүшесі ретінде халық­ты толғандырған мәселелерді көтеруге, тың ой қозғап, түйткілді жағдайлардың түйінін тарқатуға атсалысатынын айтты. Сондай-ақ бұл Кеңес мемлекетіміз өзгелермен терезесі тең болып, өркениет көшінен қалмасақ деген үміттің үдесінен шықса екен деген ниетін білдірді.

Баспасөз жиынының соңына қарай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин кеңестің алғашқы жиыны шамамен тамыз айының 20-сына қарай өтеді деп жоспарланып отырғанын мә­лімдеді. Сондай-ақ ол диалог, талқылаулар Кеңес үстелінің басында ғана шектелмей, әлеу­меттік топтардың кез­десулері өңір-өңірде өтетінін айтты.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстан Ұлттық архивінің «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесін құру Пре­зи­денттің сайлауалды бағ­­дарламасында көр­се­тілген еді. Кеңес бір жа­­­ғынан қоғам­дағы түр­лі пікірлерді ескеріп, ұсы­ныстарды жинаса, екінші жағынан негізгі диалог алаңын жасап, мамандармен, сарапшылармен ақылдасу үшін құрылады деген жоспар бар. Кеңес құрамында қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген қайраткерлер, журналистер, блогерлер, саясаткерлер бар. Менің ойымша, бұл кеңес Президент жанын­дағы консультативті-кеңесші орган ретінде саяси реформалар, әлеуметтік, эконо­микалық жағдайларға қатысты қажетті әрі еліміздің дамуына маңызды ұсыныстар беріп отырады.

Жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі саяси қоғамдағы ең өзекті мәселелер бойын­ша ұсыныстар беруі тиіс. Жеке өзім руханият, ұлттың дамуы, жер­гілікті мемлекеттік басқару, оның ішінде ауыл мәселесі, әкімдердің жұмысы, өңірлік саясатпен байланысты тәжірибем мен ұсыныстарымды бөлісемін деп ойлаймын.


Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ,

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Жаңа құрылған кеңеске жүктелген жа­уапкершілік мол. Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесін құру – бүгінгі күннің та­лабы. Қазақстан Рес­публикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев өте маңызды Жар­лыққа қол қойды. Бұл – еліміз үшін өте үл­кен бастама. Кеңес мемле­кетіміздің дамуына өзіндік үлесін қосады деп сенемін.

Диалог алаңы қазіргі қоғамға қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру – үлкен шаруа. Бұл мемлекетке емес, халыққа қажет деп есептеймін. Кеңес арқылы билік пен халық арасында байланыс орнайды. Кеңес мүшелері өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсінеді деп сенемін. Бәрі алғашқы отырыстан кейін белгілі болады. Ең бас­тысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін Президент өзі басқарады, демек атқарылатын шаруалар 100% нәтижелі болмақ.


Марат ШИБҰТОВ,

«Транспаренси Казахстан» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Кеңес құрамына кө­ңілі толатындар да, толмайтындар да бар. Менің ойымша, ол қалыпты жағ­дай. Ең бастысы, Кеңес құрамынан қоғамдағы барлық саяси топтардың өкілдерін көре алдық. Де­путаттар, саясаткерлер, журналистер, сарапшылар да енгені қуантты. Барлығы әлі күнге дейін қоғамдық өмірде белсенді. Қоғамдық өмірден алыстаса да, бұрынғы еңбегі үшін қосып қоятын қоғам қайраткерлері жоқ. Сонымен бірге тым радикалды ойлайтындарды, мүлде таныс еместерді де көре алмадық. Яғни, кеңес құрамына тәжірибелі, өзіндік ойы бар тұлғалар енген. Барлығын уақыт көрсетеді. Алғашқы жиналыстан соң Кеңестің бағыты мен күнтізбесі белгілі болады.


Бақытжан БҰҚАРБАЙ,

қоғам қайраткері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық кеңес қо­ғам­дағы өзекті мәсе­ле­лерді шешуде маңызды рөл атқармақ. Қоғамның, халықтың, партиялардың сұрақтарды кеңінен тал­қылауы арқылы мем­лекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойын­ша кеңес беру басты міндет болмақ. Билік азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып өзекті мә­селелерге қатысты шешімдерді бірге қа­былдауды негізгі мақсаты ретінде айқындап отыр. Бұл – құптарлық іс. Өзім әзірге нақты қай бағытты қарастыратынымды, қандай мәселе ұсынарымды дөп басып айта алмаймын. Алғашқы отырысқа дейін көтеретін мәселе айқындалады. Мен бұған дейін де қоғамдық мәселелермен айналысып келдім. Біз 4 жылдан бері мыңдаған адамға қазақ тілін үйреттік. 3 жылдай жастар арасында кітап оқуды қайтадан трендке айналдыру үшін еңбек етіп жүрмін. Осы бағытта білімім, тәжірибем бар, бірнеше кітабым шықты. Қазақстан стратегиялық зерттеу институтында 3 жылдай қызмет еттім. Аналитикалық тәжірибем бар. Осы бағыттағы білім мен тәжірибемді ел игілігіне жаратамын деп айта аламын.