Саясат • 18 Шілде, 2019

Күн тәртібінде – саяси реформалар

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды Платформасын іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті. Сол тұғырнамада айтылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.

Күн тәртібінде – саяси реформалар

Мемлекет басшысы күні кеше, яғни Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сі құрамын жасақтау алдында Үкімет жұмысын бір пысықтап, минис­трлерді серпілтіп алды. Осылайша халықтың көкейіндегі, ойындағы мәселелерден қалыс қалмағанын, керісінше, жағдайды бақылауда ұс­тап отырғанын көрсетті. Бұл – әб­ден қиюы келіскен, өлшеп-пішілген дұрыс қадам. 

Жалпы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы қоғам үшін де, билік үшін де күрделілеу, жаңғыру уақытында басталғалы тұр. Қазір қоғамдық-саяси үдерістер жеделдеп, көпшіліктің талабы да өзгерді. Қоғам биліктен елдегі қоғамдық-саяси үдерістерді белсенділікпен жүргізуді талап етуде. Сондықтан да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұ­мысы барынша ашық, сан салалы, мемлекетіміздегі барлық қоғамдық күштермен диалог арқылы жүруі тиіс. Оған қоса, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сайлау процесін либе­ра­лизациялаудың транзитті кезе­ңіндегі өтпелі құрал деп қарауға болады. 

Бұл аспект елдегі саяси процес­тердің барлық қозғаушы күші жиналатын плюралистік және де­мократиялық Парламент жұмысының басымдығына айналуы керек. 

Сонымен қатар елдегі саяси процестердің географиясын кеңейтіп, елдің саяси өміріне барлық өңірлерді белсене қатыстыру қажет. Өйткені Қазақстандағы саяси процестер тым орталықтандырылып кеткендіктен, азғантай толқулар да саяси жүйені тәлтіректетіп жібереді. Егер саяси процестер орталықтан алыстатылса, мемлекет бекемдене түседі. Осы сая­си процестерді орталықсыздандыру аясында еліміздің барлық өңірлерінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты кеңестер құруды ұсынған болар едім. Бұл қадам биліктің қоғамдық географияны бөле-жармай пайдаланатынын көрсетіп, жергілікті истеблишменттің саяси мәдениетін көтере түсер еді. Қазір болса өңірлердегі саяси процестер қаңтарулы тұр. 

Президент Қ.Тоқаев атап өткен­дей, ендігі жерде биліктің халық алдындағы жауапкершілігі мен есеп­тілігінің тетіктері күшейтіле түседі. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі негізгі әрекетінің бір тармағы ре­тінде жастармен жұмысты қолға алуы керек. Бүгінде жастар барлық сая­си процестердің локомотивіне айналды. Жастардың бір бөлігі тә­уелсіздік жылдары қабылданған бағ­дарламалардың жастарға қайыры болмағанын айтып, саяси процестерге белсене араласуға ниет білдіріп отыр. Бұл серпілісте оларға көмек қолын созу артықтық етпейді. 
Біз үшін саяси өзгерістердің мақсаты – қоғам мен мемлекетті тиімді басқара алатын билігі бар ұйысқан демократияға қарай жылжу. Ең бастысы, саяси реформалар жүр­гізу кезінде мемлекеттік бас­қару уыстан шығып кетпеуі керек. Осы пиғылмен қарайтын болсақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы біздің ерекшелігіміз бен саяси үрдістеріміз есепке алынатын демократиялық реформалардың нақты бағыттары мен тың тетіктерін қалыптастыруға бағытталатын сияқ­ты. Қоғамдық сенімнен – Ұлт­тық диалогқа! 
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру қоғаммен арадағы диалогқа бастайтын маңызды, өзекті және ауқымды қадам. 
Мен бұл бастаманы қолдай отырып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі еліміздің саяси өміріндегі жаңа либерализация дәуіріне жасалған оңды қадам болды деп есептеймін. 

Ерлан САЙЫРОВ, 
саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі