Аймақтар • 18 Шілде, 2019

Тырнақалды туындының тың тынысы

460 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры «Ноғайбай» тарихи драмасын сахналап, өнерсүйер қауымның назарына ұсынды.

Тырнақалды туындының тың тынысы

Алдымен осы ұжым­ның белді актері, мәде­ниет қай­раткері Болат Мамыт­бе­ковтің әлі сиясы кебе қой­маған тырнақалды туын­дысына арқау болған тұл­ға жайлы бірер сөз. Ноғай­бай Батырбекұлы 1834–1917 жылдары қазіргі М.Жұ­мабаев ауданында өмір сүр­ген. Қазақстан мен Ресей мұ­рағат­тарында сақталған құ­жаттарға қарағанда Полу­дин болысын басқара отырып, ел, жер дауларына араласып, халық пайдасына шешіп отырған. От ауызды, орақ тілді шешен, би ретінде әділдігімен қара қылды қақ жарған. Мемлекетаралық мә­селелерге де араласып, пат­шалық отарлау саясатына қар­сылығын ашық білдірген. Ресейдің әлеуметтік саяси ар­хивінен бабамыздың бір топ билермен 1876–1877 жыл­дар­дағы орыс-түрік со­ғы­­сы­на қатысты патшаға жол­да­ған хаты табылған. Со­ған қарағанда түбі бір түр­кі туыс­қандарға қолдау көр­се­­туге тырысқанын аңғару қиын емес. Омбы архивінде сақталған бір құжатта патша шекаралық аймақта ты­ныш­тық, ауызбіршілік ор­на­туға зор үлес қосқан биге өз ри­за­шылығын білдіргені ай­тылған.

Спектакль желісі халқына пана, ұлтына қамқор болған тұлғаның өмірінен алынған нақты оқиғалар негізінде құрыла отырып, парасатты, кемеңгерлік биік тұлғасын жан-жақты сомдауға арнал­ған. Ерлі-зайыптылар ара­сындағы тұрмыстық жанжалдардан бастап жер, мал дауы, отарлау саясаты әбден дендеген қоғамдағы шытырман қайшылықтар анық та нанымды суреттеледі. Ел бірлігі, ата­кәсіпті дамыту, ағайындық татулық, оқу-білімге шақыру мәселелері талқыға түскенде бидің «ынтымақсыз елді ұрыс билейді. Ынтымақты елді ырыс билейді. Біз кетерміз.Ендігі ел мен жердің иесі де, киесі де сендерсіңдер. Б­үгін ұрпақтың алдында ама­нат арқалап тұрсың, деп жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ұлы Ақылбекке ақ батасын беруі ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың жалғастығын, ата-баба дәс­түрі үзілмейтінін, оның арғы жа­ғында «ұяда не көрсең ұш­қанда соны ілесің» деген тә­лім-тәрбиенің жатқанын біл­діреді.

Басты рөлді театр директоры Біржан Жалғасбаев сәтті сомдап шыққан. Актерлер Нұр­бол Құмаршиев, Дәурен Тойбазаров, Асылхан Рәзиев те, көркемдік жетекші, «Да­рын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының иегері Фар­хад Молдағали да өзде­ріне жүк­телген талап үде­сінен кө­ріне білген. Жұртшы­лық­тың қайта-қайта қол соғып, үлкен қошемет көрсетуі премье­ра­ның ойдағыдай өткенін аңғартса керек.


Солтүстік Қазақстан облысы