Руханият • 18 Шілде, 2019

Жұртым деп келген жеткіншектер

498 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау өңірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша шетелдердегі қазақ диаспорасына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты XVI халықаралық олимпиада өткен еді. Бұл олимпиаданың мақсаты – әлемнің 40-тан аса елінде өмір сүріп жатқан қандастардың мектеп жасындағы ұл-қызын атажұртына шақырып, елі­мен табыстыру, жұртымен қауыш­тыру, тілінің қадір-қасие­тін ұқтыру болатын. Бұл білім са­йысына алыс-жақын жеті мем­лекеттен 62 оқушы қатысты.

Жұртым деп келген жеткіншектер

Оқушылардың білімін баға­лайтын қазылар алқасында әдебиет пен тілдің білгірлері, профессорлар Қадыр Жүсіп, Дандай Ысқақ бастаған ғалымдар жұмыс істеді. Олар атажұртына келген әр бала­ның жүрек лүпіліне жете мән беріп, шынайы қамқор ниеттерін таныт­ты. Х.Досмұхамедұлы атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­си­тетінің базасында талапкерлер жазбаша, ауызша және шығармашылық таланттары бойынша емтихан тапсырды. Емтиханнан кейінгі уақытта өңірдегі киелі орындармен, әсіресе «Хан ордалы Сарайшық» музей- қорығында болып, бабаларының өткен тарихымен танысты.

Олимпиаданың жабылу салтанатына Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Шапкенов қатысып, атамекеніне табан тигізген жастарға бағалы сыйлықтар тапсырды. Жеңімпаздар Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов белгілеген І, ІІ, ІІІ дәрежелі дип­лом­дарға ие болды. Бұған қоса, Өзбекстаннан, Қытайдан, Ресейден, Моң­ғолиядан келген жастар Қазақ­станның жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік беретін грант­тар алды. Алыста жүрген аға­йын баласына грант берген білім ордаларының қатарында Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік, Семейдегі Шәкәрім, Х.Дос­мұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік, Павлодар мемлекеттік педагогикалық, С.Бәйішев атын­дағы Ақтөбе университеттері бар. Осы оқу орындарының ішінде С.Бәйішев университеті өзгелерге үлгі боларлық қадам жасады.

Қолда барда алтынның қадірін біле бермейтініміз ақиқат. Өз ел, өз жерімізде жүргенде жер киесіне, тіл құдіретіне көңіл бөлмейді екенбіз. Осы жолы аңғарғанымыз, көздері ботаның көзіндей мөлдіреген ұл мен қыз болса да, халқына деген шынайы сезімдерін сөзбен айтып жеткізе алмай, кейде жанарлары мөлтілдеп кете берді. Қазақ топырағына табандары тигенде қатты толқығандарын, «Біздің сыртта жүргенде алтын басымыз тордағы балықтай болушы еді. Шекарадан өткенде алдымыздан кең дүние шыққандай болды, көз аясы кеңіді, көңіл көкжиегі алысқа самғады» десе, екіншісі: «Біз үшін жұмақ – Қазақ елі екен ғой» дейді. Қазақ ақындарының өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтқанда жанарлары жасаурайды. Шетінен ән айтып, күй тартады. Ағыл-тегіл сөйлеп, өздері шығарған өлеңдерін жатқа айтады. «Сәлем бердім, Атырау, Мен туғанда жан атам, Ақсарбасын сойыпты. Есімімді сол атам, Ерге лайық болсын деп, Исатай деп қойыпты. Атыраудай жеріңе, Исатай боп келген соң, Махамбеттің аруағын бір аунатпай кетпен бе?!» десе Исатай Жоламан, «Ей, адамдар, тоқтаңдар, Қараңдар айналаға, Не болып кеткесіңдер? Ниетің пайда ғана, Ағайын-туыс­қан­мен кездесіп тойда ғана, Өтірік беттен сүйіп, өтірік аймалама», дейді ирандық қазақ Айдын Асқар.

Ал оқушыларды басқарып келген жетекшілерімен сөйлескенде, қазақ тіліне қатысты біраз мәселелерді алға тартты. Айталық, Өзбекстанда қазақ мектептері бар екені белгілі. Бірақ сол қазақ мектептерінде қазақ мұғалімдерінің жетіспеушілігінен әсіресе жаратылыстану пәндерінен сабақты өзбек мұғалімдері өткізеді екен. Бұл оқушылар үшін қиындық туғызатынын, соның кесірінен қазақ тіліндегі оқулықтардан гөрі, өзбек тіліндегі оқулықтарға ден қоятындарын өкінішпен алға тартады. Кириллица әрпімен мектеп бітіріп, колледж бен институттарға барғанда латын әліпбиінде оқу да оңай түспейтінін жеткізеді. Іргелес жатқан Қырғыз мемлекетінде бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Ресейдің Самара, Саратов өңірлерінде де қазақ мектебі табылмайды. Омбы облысының 100 пайыз қазақ тұратын ауылында 13 қазақ мектебі бар екен. Аты қазақ болғанмен, заты орыстілді. Омбыдағы басқа білім ордаларын айтпағанда, қазақ жиі қоныстанған жерлердегі 4 мектеп те орыс тілді екен. Әйтсе де ондағы оқушылардың 50 пайызын қазақтың қара көздері құрайтын көрінеді. Ом­бы­дан келген жетекші Бәткен Төлеу­линова биылғы жаңа оқу жы­лынан бастап, өзге ұлттар үшін «Ана тілі» пәні енгізіліп жатқанын ай­тып, «Мұның қазақ балаларына қа­тысы болмай тұр. Себебі Ресей өз құрамындағы ұлттарға солай қам­қор­лық жасап отыр. Біздің талабы­мыз­ға айтар уәждері, «Қазақ елі Ресей құрамына кірмейді. Оның үстіне оқулық жоқ, білім стандарты жасалмаған», дейді.

Ираннан 13 оқушы келіпті. Шеті­нен халық әндеріне жетік екен­дерін көрсетті. «Бізге бұл өнерді үйрететін Иранда өнерлі жан кемде-кем. «Ұстазымыз» интернет бо­лып тұр», дейді Ескелді Ясер Мұрат. 9-сыныпта оқитын Алла­нияз есімді бала: «Мен енді Иранға кетпеймін. Егер атажұртым қабылдап жатса келмеймін деп әке-шешеме де айтқам. Мен ол жаққа барғаннан кейін әскерге жасым жетсе, ешқашан атамекеніме келе алмаймын. Сондықтан маған бір жанашырлық танытыңыздар!», деп қараторы жүзі мың құбылғанда етжүрек елжіремей қалай тұрсын. Оның өтінішінен құлақтанған өзге оқушылар да байтақ еліміздің ыстық құшағын қимай тұрды.