Экономика • 18 Шілде, 2019

20 мыңға жуық адамның азабы – жол

679 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жол – экономиканың күретамыры деп бекер айтылмаған. Алайда, елімізде нашар жолдың тауқыметін тартып келе жатқан ауылдар аз емес.

20 мыңға жуық адамның азабы – жол

Батыс Қазақстан облысында Жайықтың сол жағалауындағы ірі округ орталықтары Сарытоғай, Базар­шолан, Базартөбе, Қарауыл­төбе, Есенсай, Көнеккеткен, Құрай­лысай, Шағатай, Ақсоғым ауыл­дарын есептемегенде, осы округ­терге қарайтын ондаған кіші­гірім ауыл халқы Кеңес өкі­меті кезінен бері жол азабын тартып келеді. Осы жол бойында, 300 километр аралықта тұратын 20 000-ға жуық халықтың зары бұл. Бұл ауыл тұрғындары жыл­дың тек ашық ауа райында ғана облыс орталығы немесе өзге аудан­дармен қатынас жасай алады. Немесе тәуекелге бел байлап, Жайықтың оң бетіне шығып кетуге тырысады. Бірақ оған да­йын тұрған көпір қайда? Сенсеңіз, бүкіл Батыс Қазақстан облысында Орал қаласынан төмен қарай Атырау облысының Индер кентіне дейін бірде-бір көпір жоқ. Бұл 325 шақырым жер ғой.

Жайықтан өту – тәуекел дедік. Себебі жазда тұрғындар өзеннің оң жағалауындағы Атырау – Орал тас жолына шығу үшін паромға жалынады. Паром әр ауылдың тұсында бар дегенмен, олардың кейбірі екі жағаға арқан керіп, қол күшімен тартып шығаратын жабайы сал. Бұл әркім өз өмірін, шыбын жанын бәске тіккенмен бір­дей. Сондықтан ауыл халқы қыс түсуін, Жайықтың бетін мұз ба­суын күтеді. Бірақ ол да оңай емес. Жұқа мұз жарылып, су ас­тына кеткен оқиға талай болған. Тіпті қайғылы оқиғалар жыл са­йын қай­таланады десе де болғандай.

Ел болғасын әркімнің өз шаруа­сы, әлеуметтік мәселесі немесе қуа­нышы мен қайғысына байланысты күнделікті жол сапары болады ғой. Жайықтың Бұқар бет жағалауындағы халықтың үнемі осы жол азабына төзіп келе жат­қаны облыс басшыларына, халық қалаулыларына бел­гілі болса керек. Бірақ кеңес кезі­нен қалған осы күрделі, халық үшін азапқа ай­нал­ған мәселе тәуел­сіздік жылдарында да еш шешімін тап­пады. 2016 жыл Барбастау – Ин­дер жолы күрделі жөндеуден өтеді деген әңгіме қозғал­ғанда ел-жұрт бір қуанып қалып еді. Бүгінде ол көлең­кеде қалды.

Cонымен қатар соңғы 15 жыл бойы Чапаев ауылы тұсынан көпір салу мәселесі үздіксіз көтері­ліп келе жатса да, оның іске асуы «орындалмас арман» екеніне тұрғындардың көзі жеткен сияқты.

Күні кеше облысымызға сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың автожолдары еш сын көтермейтінін, осы мәселемен шұғылдану керектігін бірінші орынға қойды. Жайықтың сол жағалауында әр 30 километр сайын орналасқан ауылдарды бола­шағы жоқ деп айтуға кел­мейді. Себебі олар өзінің өмір­шеңдігін 90-жылдардағы эконо­микалық дағдарыс кезінде де дәлелдеді емес пе? «Өзен жаға­лағанның өзегі талмайды» дегендей, сол қысылтаяң кез­де қырдағы ауылдар бір қойын бір сабынға айырбастап күн көрді. Халықтың жағдайы өте мүшкіл болған кезде де Жа­йық бо­йын­дағылар шаруасын дөңгелетіп, мал басын да сақтап қалып еді ғой. Шапса шабындығы, жақ­са отыны, ішсе тегін суы, терсе же­міс-жидегі, салса бау-бақ­ша­сы­на қолайлы қонысын әлі де ешкім тастап, үдере көшкен емес. Сол себепті болашағы жоқ ауылдар деп қарауға болмайды. Жол салынса, оның бойында неше түрлі инфрақұрылым мен шағын бизнес дамитыны, халықтың әл-ауқаты еселене түсері хақ.

Халықтың зарына айналған Ақжайық – Индер жолы соңғы жылдары әртүрлі деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы есеп­терінде де айтылмай кетті. Тіп­ті Ресей патшалығы кезінде де халық Жайық үшін жандасып, сол жағалаудағы шұрайлы қо­нысты жатқа бермей қалып еді. Енді ХХІ ғасырдағы ең басты ин­фрақұрылым – жол бол­маған­дықтан, тұрғындардың ата қоны­сы­нан үдере көшуі ғана қалды.

...Бүгінге дейін ол ауылдардан та­лай адам көшіп те кетті. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес қой. Бір сөзбен айтқанда, Жайықтың сол жағына жол түсуін күткен дү­йім жұрт көптен бері алаңдап отыр. Тек естір құлақ, жанашыр Үкімет керек.

 

Біржан КӘРІМҰЛЫ

 Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы

Соңғы жаңалықтар