Аймақтар • 18 Шілде, 2019

Баянауыл ұлттық паркінде орман өртенді

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдікте өткен жиында аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов оқиға барысын баяндады.

Баянауыл ұлттық паркінде орман өртенді

Өрт табиғи парктің   40 гектар аумағын шарпыған. Өртті сөндіруге 150 адам, 30 техника жұмылдырылған.  Арнайы техника, мамандандырылған, облыстық өрт сөндіру және авариялық-құтқару  қызметінің мамандары жіберілген.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, өрт 14 шілдеде басталған. Соңғы күндері өңірде аптап ыстық болып тұрғаны  мәлім. Бірақ, әзірге өрттің неден болғаны  туралы  нақты ақпарат жоқ.

Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстары әлі де жүргізілуде.

Жалпы, табиғи парктің жалпы аумағы 68452,8 га құрайды. Парк Баянауыл, Жасыбай, Далба секілді  бөлімшелерден тұрады.

Қорық режимі, экологиялық тұрақтандыру, туристік және рекреациялық, шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарына бөлінген.  Аумақта 13 туристік бағыт бекітілген.

Сонымен бірге, Өскеменнен жіберілген Ми-8 тікұшақтары орман аумағын  әуеден бақылауда, екіншісі 2,5 мың текше сумен өртті сөндіруде.

Қазір өрт аумағында күндіз-түні  парктің, аудандық әкімдіктің, облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, облыстық өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері де бірлесе жұмыс жасауда.