Бүгінгі таңда Жамбыл облысына тиесілі 3-секторда 50 жеке тұрғын үй аяқталып отыр. Мұның бәрі де күннің ыстығына қарамай жұмыс істеп жатқан жамбылдық құрылысшылардың еңбегі. Айта кетейік, қазіргі кезде 3-сектор аумағындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына жамбылдық 4 құрылыс компаниясынан 450-ден аса құрылысшы мен 21 техника жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген болатын. Онда 312 тұрғын үйлермен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйлердің бәрінің ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Қираған 3 үйдің екеуі қайтадан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мұнда қажетті құрылыс материалдары кезек күттірмей күн сайын жеткізілуде. Ал, тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылуда.
Өз кезегінде 3-сектор аумағындағы арыстық тұрғындар әулиеаталық құрылысшылардың жұмысына оң бағасын беріп, алғыс білдірді. Жамбылдық құрылысшылар еңбегінің елеулі екеніне тоқталды. Сонымен қатар, арыстық тұрғындар мұндағы жұмыстардың сапалы орындалып жатқанын, оқиға орын алған сын сәтте жамбылдықтардың алғаш болып көмекке келгендерін де айтты. Мәселен, Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету бойынша «Арыс. Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Тараз қаласынан 4 қабылдау пункті ашылған болатын. «Nur Otan» партиясының облыстық және аудандық филиалдарында ұйымдастырылған арнайы пункттерде жиналған көмек материалдары, азық-түлік пен өте қажеттіліктегі заттар Арыс қаласына жөнелтілген еді. Күні бүгінге дейін барлығы 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек берілген. Ал, тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңге қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер Арыс қаласына жіберілген. Енді бүгінгі таңда «Әулие Ата – Демеу» қайырымдылық қорына бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындардан ақша аударылуда. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысы тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмек әлі де жалғасуда. Бүгінде Арыс қаласынан келген 323 бала Әулиеата өңіріндегі «Тау самалы», «Жұрындысай», «Жұлдыз» сияқты жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуда.
Жамбыл облысы