Мақсат – сенімділік және тұрақты өсім
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:40
«KEGOC» компаниясы қашанда өршіл істерге ұмтылады
2012 жылы елімізде Халықтық IPO басталды. Мемлекет өз азаматтарына ірі ұлттық компанияларға бірге иелік етуді алғаш рет ұсынды. Кейбір сарапшылардың күмәнді жорамалдарына қарамастан, халық мемлекеттік бағдарламаға аса жоғары қызығушылық танытты. Айта кетсек, «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларына деген сұраныс ұсыныстан 2,5 есеге артып, 34 мыңнан астам қазақстандық акционер атанды.
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:40
«KEGOC» компаниясы қашанда өршіл істерге ұмтылады
2012 жылы елімізде Халықтық IPO басталды. Мемлекет өз азаматтарына ірі ұлттық компанияларға бірге иелік етуді алғаш рет ұсынды. Кейбір сарапшылардың күмәнді жорамалдарына қарамастан, халық мемлекеттік бағдарламаға аса жоғары қызығушылық танытты. Айта кетсек, «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларына деген сұраныс ұсыныстан 2,5 есеге артып, 34 мыңнан астам қазақстандық акционер атанды. Үстіміздегі жылы да Үкімет бірнеше ұлттық компанияның акциялар топтамасын сатуға шығаруды жоспарлап отыр. Бұл тізімде бірінші болып «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстандық компания «KEGOC» акционерлік қоғамы алдағы екі-үш айдың ішінде Халықтық IPO-ға шығады. Біз «KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы Бақытжан ҚАЖИЕВТЕН «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына компанияның осы маңызды шараға дайындығы туралы айтып беруін өтіндік.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, таяу арада KEGOC акциялары қазақстандықтарға ұсынылатын болады. Жұртшылыққа компания және оның айналысатын қызмет түрлері мен ауқымы туралы айтып өтсеңіз.
– KEGOC 2004 жылдан бастап Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (әрі қарай – БЭЖ) жүйелік операторы қызметін толық атқарып келеді, біз электр қуатын өндіру-тұтынуды диспетчерлендіру мен теңгерімдеуді, сондай-ақ іргелес жатқан елдердің энергия жүйелерімен параллель жұмысты қамтамасыз етеміз. Былайша айтқанда, жылына 365 күн және тәулігіне 24 сағат бойы тұтас мемлекет аумағындағы энергия ағындарын басқарамыз.
Осы мақсатта компания ұзындығы 24,5 мың шақырымға созылған жоғары вольтты электр жеткізу желілері мен 76 қосалқы стансадан тұратын Ұлттық электр торабына иелік етеді, басқарады, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүзеге асырады. KEGOC-тың міндеті – желінің үздіксіз жұмысы мен оның мемлекет мүддесі үшін озық деңгейде дамуын қамтамасыз ету.
– Халықтық IPO-ға шығуда мемлекет таңдауының KEGOC компаниясына түсу себебі неде? Компанияға жеке инвесторлардың қаржысы қаншалықты қажет?
– Әрине, компанияның дамуы үшін қосымша қаржыландыру да, қаражат та керек. Дегенмен, менің түсінігімде, «Халықтық ІPO» бағдарламасының негізгі мақсаты – ұлттық компаниялар қызметінің мейлінше ашық болуына жол ашу, халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру арқылы қор нарығын жандандыру. Бүгінгі күні KEGOC акцияларының 100% «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ иелігі арқылы ҚР Үкіметіне тиесілі болса, енді бірінші жартыжылдық соңына дейін барша азаматтар акционер болуға мүмкіндік алады.
Біз үшін бұл корпоративтік дамудың жаңа кезеңі болмақ. Әрі қай компанияның менеджменті үшін де бұл үндеу іспетті. «Халықтық IPO» туралы шешім қабылданбай тұрып та KEGOC бірқатар даму бағыттарын талқылап, қор нарығына шығуды қарастырған болатын. Демек, ерте ме, кеш пе, түбінде осындай шешімге келер едік. KEGOC құрылған сәтінен бастап электр желілік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырумен белсенді айналысып келеді. Сондықтан да, компания жұмысының сенімділігі мен тұрақтылығы – ел экономикасын жақсартудағы негізгі факторлардың бірі. 2000 жылдары инвестицияға өте зәру болдық. Ол кезде мемлекеттік бюджетте де артық қаражат жоқ еді. Сондықтан арзан қаржылық ресурс көзі – инвестицияларға ие болу мақсатында шетелдік жетекші даму институттарымен ынтымақтастық орнатуды жолға қойдық. Олар да біздің мақсат-міндеті айқын, жұмысы тұрақты компания екенімізге көз жеткізді. Жаңа желілер тарту, жабдықтарды жаңғырту бағытындағы бірлескен жұмыстар барысында ЕҚДБ мен ДБ-ның сенімді әріптестіне айналдық. Бірақ халықаралық жоғары стандарт талаптарына сәйкес келуіміз үшін компания ішінде біраз тер төгуімізге тура келді. Еңбегіміз ақталып, өткен жылы компаниялар арасында жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша KEGOC-тың корпоративтік басқару деңгейі өте жоғары бағаланды.
– Қазақстандықтардың KEGOC-қа инвестиция салуы қажет пе, қалай ойлайсыз?
Бүгінде акцияларды қор нарығына орналастыруға байланысты белгілі бір шектеулер қойылып отыр. Мәселен, болжам жасауға немесе үйіп-төгіп уәде беруге болмайды – тек айқын деректер мен нақты көрсеткіштер қажет. Компанияның IPO-ға шығуына орай KEGOC басшылығы мен қызметкерлеріне ақпарат таратуға қатысты белгілі бір шектеулер қойылған. Акцияға жазылу ресми жарияланғанға дейін тікелей IPO көрсеткіштеріне байланысты сұрақтарға қандай да бір түсіндірме жасауға, әсіресе, насихат жүргізуге болмайды. Акционер болғысы келе ме, әлде жоқ па, мұндай шешімді әрбір адам өзі қабылдағаны жөн.
– Компанияның өткен жылдардағы өндірістік, қаржылық көрсеткіштеріне тоқталсаңыз?
– Бұл құпия ақпарат емес. Жыл сайын есептеріміз толық жарияланып тұрады, олар компания сайтында да бар, кез келген адам танысып, талдау жүргізе алады. Соңғы үш жылда компания табысы, көрсетілетін қызметтер көлемі сенімді түрде артып келеді, оған себеп – елімізде электр қуатын пайдалану деңгейінің өсуі.
1-кесте. «KEGOC» АҚ өндірістік және қаржылық көрсеткіштері
KEGOC-тың негізгі бизнесі тұрақты қалпын сақтап отыр, оның айқын дәлелі – операциялық көрсеткіштер динамикасы. 2011 жылы таза табысымыз үштен бірге (34.5%) өсіп, 7,8 млрд. теңгеге жетті. Бұл біз үшін рекордты жыл. Ал былтырғы жылғы қорытынды бойынша 7 млрд. теңге мөлшеріндегі көрсеткіш бағам айырмасының шығындарына байланысты өткен жылға қарағанда төмендеу болды. Жоғарыда айтып өткенімдей, инвестициялық жобалар үшін қарыз қаражаты шетел валютасында, АҚШ долларымен және еуромен тартылғандықтан, теңге бағамының өзгеруі пайданың көлеміне де ықпал етті.
– Компанияның инвестициялық жобаларына нақтырақ тоқталып, оқырмандарға толығырақ айта өтсеңіз…
– Компания аймақаралық және мемлекетаралық электр байланысын қамтамасыз ету, нарық субъектілерінің электр қуатын өндіруі мен тұтынуын теңгерімдеуге қатысты жедел жұмыстарды атқарады. Бұған қоса, қай өңірдің болсын электр қуатына деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан біртұтас энергия жүйесінде қашан, нені жаңартып, қандай құрылысты бастау керектігін бірнеше жыл бұрын біліп отыруы қажет.
Егер электр қуаты сенімді де сапалы түрде жеткізіліп тұрса, сол өңірде бизнес те, өндіріс те дамиды деген сөз. Яғни жаңа кәсіпорындар мен өндірістер ашылса, жаңа жұмыс орындары пайда болып, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарады, сол облыстың немесе ауданның экономикасы дамиды, өркендейді деген сөз.
Осы басымдықтарға сай ұлттық компания соңғы 10 жылда Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қолдауымен ҰЭТ-ты дамыту бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алып, сәтті жүзеге асыруда. Ұзындығы 1100 шақырым «Солтүстік-Оңтүстік» екінші транзит желісінің құрылысы жаңғыртудың бірінші кезеңі болып табылады. «Батыс транзитпен» бірге мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде 500 кВ-тық «Жітіқара-Үлке» әуе желісін іске қостық. Соның нәтижесінде Ақтөбе энергия торабы Қазақстанның біртұтас энергия жүйесіне қосылды, өнеркәсіптік аймақ шетелдік электр қуатына тәуелділіктен құтылды.
2011 жылы ОБТҚ-500 автотрансформаторлары ауыстырылды, нәтижесінде елордалық энергия торабы қуатының қоры 25%-ға артты.
Компания жүзеге асыратын үш инвестициялық жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына (ҮИИДМБ) және Қазақстанды индустрияландыру картасына енді. Алматы облысында 220 кВ-тық әуе желісі тартылып, Мойнақ ГЭС қуатын тапсыру жобасы жүзеге асырылды. Алматы аймағын электр қуатымен қамту сенімділігі артты – өткен жылдың желтоқсан айында 500 кВт «Алма» қосалқы стансасы мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл тәуелсіздік жылдары ішінде салынған осындай санаттағы бірінші қосалқы станса болатын. ҰЭТ-ты жаңғыртудың екінші кезеңі басталды. Соның арқасында қосалқы стансаларды заманауи қондырғылармен жабдықтауға мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта KEGOC орталық және солтүстік Қазақстанда энергиямен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталған басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтар болсам, 220 кВт «ОБТҚ-Осакаровка» жоғары вольттық желісін қайта құру, Павлодар энергия торабының Қазақстанның БЭЖ-мен байланысын күшейту. Тағы бір ауқымды жоба бойынша әзірлік жұмыстары жүргізілуде, ол – шығыс өңірі арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің үшінші желісінің құрылысы.
– Осындай ауқымды жобалар үлкен қаржы салымдарын қажет ететін болар. Оларды жүзеге асыруға қажетті қаражатты KEGOC қайдан алып отыр?
– Салық төлеушілердің қалтасына біздің қол салғымыз келмейтінін ескеру қажет, десек те осы жүзеге асырылған жобалардың иесі де, пайдасын көруші де – мемлекет. 2000 жылдан бастап компания Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесін дамытуға 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы тартты. Бұл соманың басым бөлігін халықаралық даму институттарының займдары (ЕҚДБ мен Дүниежүзілік банк) құрайды. Біздің кредиторларымыз да «KEGOC» АҚ-қа мемлекет пен акционер тарапынан қолдау жоғары екенін бағалап отыр. Жобаларды қаржыландыруға тартылған займдардың бір бөлігі Үкімет кепілімен алынды, сонымен қатар жеке қаражат, оның ішінде компанияның жарғылық капиталын ұлғайтуға берілген қаржы пайдаланылды.
– Компания қызметтерінің бағасы қалай белгіленеді, қарапайым тұтынушылар – халықтың пайдаланатын электр қуатының бағасына KEGOCтарифтерінің әсері қандай?
– KEGOC электр қуатының көтерме нарығына қатысушылармен ғана жұмыс істейді. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңға сәйкес электр қуатын диспетчерлендіру, жеткізу, өндіру мен тұтынуды теңгерімдеу секілді компания көрсететін қызмет түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Сондықтан да біздің қызметіміз тарифтердің бекітілуі арқылы реттеледі, компания өз табысының негізгі бөлігін де содан алады.
Осы жерде айта кететін маңызды жайт, электр қуатының ақырғы бағасында KEGOC үлесінің 10% құрайтындығы. Яғни, қазақстандықтардың электр қуатына төлеген 100 теңгесінен бізге 10 теңгеге жуығы түседі. Бұл соманың қалған бөлігі – электр стансаларының шығындары, таратушы және энергия қуатымен жабдықтау компанияларының қызмет ақысы. Сондықтан біздің тарифтер тұрғындар төлейтін коммуналдық қызмет бағасына айтарлықтай әсер етпейді.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, компанияның болашақ жоспарлары қандай? Осы туралы ойыңызды тарқатсаңыз?
– «KEGOC» АҚ-тың басты мақсаты – әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті компания дәрежесіне көтерілу. 1997 жылы компания алғаш құрылған сәтте бұл қиялдағы асқақ ой ғана болатын. KEGOC-тың бүгінгі негізгі 4 мақсаты - Қазақстан БЭЖ-нің сенімді де сапалы қызметін қамтамасыз ету, озық салалық компания деңгейіне қол жеткізу, компанияның акционерлік құнын тұрақты түрде өсіріп отыру, корпоративтік даму деңгейі бойынша көшбасшыға айналу.
Бүгінгі таңда бұл биік мақсаттар табысты тәжірибемен және жүзеге асқан ауқымды жобалармен беки түсті. Компания келешек даму бағыттары мен басты міндеттерін 2025 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясында айқын белгілеп отыр. Компания Электр энергетикасын дамыту жөніндегі салалық бағдарлама аясында ел экономикасы үшін аса маңызды жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».