Аталған шараның екінші кезеңі аясында, яғни 14 шілде күні полиция қызметкерлері Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылында Өзбекстан Республикасының 31 азаматын ұстады. Ұсталғандардың барлығы жергілікті кірпіш зауытында рұқсат құжатынсыз заңсыз еңбек етіп келген.
Жамбыл облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Арман Тұрдалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Өзбекстан Республикасының азаматтарына қатысты әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодекстің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, шешім қабылдау үшін Т.Рысқұлов ауданының сотына жіберілген. Сонымен қатар, шетел азаматтарын рұқсатсыз еңбек қызметіне заңсыз тартқаны үшін жұмыс беруші де Қазақстан Республикасы әкімшілік-құқықбұзушылық Кодексінің 519-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ 17 шілде күні де Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы дүкендердің бірінің үй-жайында Жамбыл облысының Полиция департаменті заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке ротасының қызметкерлері Қазақстанда заңсыз жүрген және нан өнімдерін пісірумен айналысқан Өзбекстан Республикасының жеті азаматын анықтаған. «Ұсталған еңбек мигранттарына қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік-құқықбұзушылық Кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік материал хаттама толтырылды. Ал шетелдік жұмыс күшін тарту ережесін бұзғаны үшін нан пісіретін цехтың иесіне қатысты әкімшілік-құқықбұзушылық Кодексінің 519-бабы бойынша әкімшілік жаза тағайындалды. Барлық істер Байзақ ауданының әкімшілік сотына жолданды», дейді, аталған басқарманың бастығы, полиция подполковнигі Арман Тұрдалиев.