Әлем • 19 Шілде, 2019

«Қара алтын» нарығында қашан теңгерім орнайды?

253 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Брент маркалы мұнай бағасының 1 баррелі 67,72 долларға дейін жетіп, 2018 жылдың қарашасынан бергі максимумға қымбаттады. Бағаның көтерілуіне АҚШ-тың Венесуэлаға санкциясы, доллардың өзіндік құнының арзандауы, АҚШ энергетика агенттігінің мәлімдемесі мен ОПЕК айналасындағы соңғы жаңалықтар ықпал етті.

«Қара алтын» нарығында  қашан теңгерім орнайды?

Таяуда АҚШ-тың Вене­суэладағы арнайы елшісі Элиотт Абрамс алдағы уақытта Құрама Штаттардың Венесуэлаға қатысты ірі санкциялар қабылдайтынын хабарлаған-ды. Абрамс айтып аузын жиғанша, мұнай бағасы 67 доллардан аса бастады.

АҚШ елшісі нақты қандай шаралар қабылданатынын айтпаса да, Венесуэла президенті Николас Мадуромен байланысы бар кей азаматтарға берілген ви­за­ның күшін жоюы мүмкін еке­нін мәлімдеді. «Қаржы ұйым­дарына қосымша санкциялар қа­былданып, кей визалардың күші жойылады», деді елші.

Айта кетейік, өткен аптада Ве­несуэла Парламенті елде төтенше жағдай жариялаған. Оған себеп электр қуатының өшуі мен соның кесірінен мұнай экспортының тоқтап қалғаны. Нәтижесінде мил­лиондаған халық азық-түлік­сіз қалған.

 

Доллардың өзіндік құны арзандады

Сәрсенбіде АҚШ долларының бағамы төмендеді. Оған себеп – Федералды резерв жүйе­сі­нің доллардың пайыздық мөл­шер­лемесін көтеруді тоқтата тұруы, ел экономикасының соған сай төмендеуі. Ресми есепте көрсетілгендей, ақпан айында АҚШ-тағы баға сәл көтеріліп, өндірушілер бағасының инфляциясы тұтынушылық инфляцияға жақындады, яғни елдегі жалпы инфляциялық қысым төмендеді.

Қаңтар айында АҚШ-тағы ұзақ­мерзімді пайдалану тауар­лары­ның өндірісіне берілген тапсы­рыстар соңғы алты айдағы ең жоғары көрсеткішке көтеріл­генімен, жыл басында ел эко­но­микасының бәсең өсімін өзгерте алмай отыр. Экономикалық өсім­нің бәсеңдігі мен әлсіз инфляция ФРЖ басшысы Джером Пауэллдің базалық мөлшерлемені көтеруіне мүмкіндік бермей отыр. Нәтижесінде АҚШ долларының еуро және фунтқа шаққандағы бағамы айтарлықтай төмендеп кетті. Осының бәрі мұнайдың қымбаттауына да әсер етпей қой­мады.

Жалпы, АҚШ Энергетика ми­нистрлігі 2019 жылы елдегі мұнай өндірісінің көлемі бұрын айтылғандай 12,4 млн баррель емес, 12,3 млн баррель болады деп болжап отыр. Бұл да «қара алтын­ның» қымбаттауына түрткі болғаны анық.

ОПЕК елдері мен оған мүше емес мұнай экспорттаушы мемлекеттер екі жылдан артық уа­қыт­тан бері өзара келісім бойын­ша мұнай экспортын азайтып жат­қанына қарамастан, нарықта әлі де баланс орнамай тұр. Оның үсті­не АҚШ-тың өндірісті жыл санап арттырып жатқаны онсыз да қым­батт­ата алмай отырған «қара алтын» құнын одан сайын төмен тартуда.

Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих нарықтағы ұсыныс пен сұранысты теңестіріп, бағаны көтеру үшін ОПЕК+ шартының жалғаса беретінін айтып, Саудия алдағы уақытта мұнай өндіруді 10 млн баррельге түсіретінін мә­лімдеді. Келісімнің негізгі екі ірі мүшесі Саудия мен Ресей өндірісті қысқартуды кемінде мау­сым айы­на дейін жалғастырмақ. Ал Сау­дия сәуір айынан бастап экспортты тәулігіне 7 млн баррельге азайтуға бекініп отыр. Дегенмен қазіргі таңда бұл елден мұнай сатып алатын мемлекеттерге тәулігіне 7,6 млн баррель қажет. Ал Саудия әдейі қолдан тапшылық жасамақ. Ақпарат құралдарының мәліметінше, Сауд Арабиясы 2019 жылдың екінші жартысында да келісімді сақтап, өндірісті азайта бермеуге тиіс.

Өз кезегінде Ресей де келісімді артығымен орындап, бағаның кө­те­рілгеніне мүдделі болып отыр. Ал тағы екі ірі экспорттаушы Ве­не­суэла мен Иран ОПЕК+ келісі­мін­сіз АҚШ-тың қысымына бай­ла­нысты қолдарында бар мұнай­ды сата алмай отырған жайы бар.

Нарықтың тағы бір ойыншысы Біріккен Араб Әмірлігінің мұнай министрі Сүхейіл әл-Мазруи ОПЕК+ келісімінің бүгінге дейін 119%-ға орындалғанын айта келіп, Әмірліктің өндірісті тағы 115 мың баррельге азайтатынын айтты, нарықта баланс орнап келе жатқанын мәлімдеді.

Қазақстан өндіріс көлемін көбейтіп жатыр

Мұнай өндірісін тежеу туралы ОПЕК+ келісімін орындамай отырған мемлекет тек Қазақстан секілді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың өзі Қазақстанның аталған келісім аясында тәулігіне әрі кетсе 1,885 млн баррель өндіруге тиіс екеніне қарамастан, жыл басынан бергі орташа өндіріс 1,88 млн баррельді құрайтынын айтып, көрсеткіштің уақыт өткен сайын өсіп келе жатқанын мойындады. Мәселен, қаңтарда өндіріс көлемі тәулігіне 1,885 млн баррель болса, ақпанда көрсеткіш 1,893 млн баррельді құрады. Дегенмен жылдық көр­сет­кіште өндіріс былтырғыдан 1,4 млн тоннаға азаятыны бұрын ай­тылған. 2018 жылы 90,4 млн баррель «қара алтын» шығарған Қазақстан биыл 89 млн-нан асырмайын деп тұр. Оның өзінде бұл ОПЕК келісімін сақтау үшін емес, «Теңіз» бен «Қашағанда» жөндеу жұмыстарын жүргізетін болғандықтан, өндірісті бұдан асыруға мүмкіндік болмайын деп тұр.

Министрдің өзі де Қазақ­стан­ның бар болғаны 20 мың баррель артық өндіріп жатқанын айта келіп, алдағы уақытта шарт талаптарын орындауға тырысатынын, сөйтіп өндірісті тәулігіне 40 мың баррельге азайтатынын айтты. Бұл Қазақстанның ОПЕК+ шартын алғаш рет бұзуы емес. Келісім қабылданғалы бе­рі екі жылдан артық уақытта уағ­да­ласқан мемлекеттер бірнеше рет Қазақстанның келісімге нем­құ­райлы қарап, міндеттемесін айналып өтуге тырысатынын айтып шағымданған еді.

 

2019 жылы баға қандай болады?

2018 жыл мұнай бағасының та­рихтағы ең құбылмалы кезеңі бол­ғаны анық. Жыл басын 65-70 дол­лардың айналасында баста­ған «қара алтын» құны күзге қарай 80 долларға жақындаса, жел­тоқ­санның басында 53 долларға дейін түсіп кетіп, жылды 60 дол­лармен жапты. Осылайша, жыл­дың орташа бағасы шамамен 72-73 доллар айналасында болды.

Биыл баға 60 доллардан төмен түспеуі мүмкін дегенмен, орташа баға былтырғыдан анағұрлым тө­мен болатыны анық. Нарықтың екі айдан бергі салыстырмалы түрде тұрақтылығы сала маман­дары­ның болжам жасауына мүм­кіндік беріп отыр.

Мәселен, АҚШ Энергетика агент­тігі 2019 жылдың орташа бағасын 63 доллар деп болжаса, Дүниежүзілік банк биылғы ба­ғаның 67 доллар болатынын хабарлайды. АҚШ энергетика агент­тігі бірнеше институттардың ішіндегі ең пессимистік жорамал жасаса, Дүниежүзілік банктің болжамы ең жоғары көрсеткіш. Яғни, биыл баға 63-67 доллар дәлізінің ішінде болуы тиіс.

Жалпы, 2019 жыл мұнай на­ры­ғында соңғы бірнеше жыл­дың ішінде ең жайлы және тұрақ­тысы болғалы тұр. Екі айдан бергі бағаның айтарлықтай ауыт­қымауы мен нарық қатысу­шы­ларының ұзақмерзімді жоспары және геосаяси ахуалдың бір соқ­паққа түсуі «қара алтын» құнын «тыныш» ұстап тұрмақ.