Әлем • 19 Шілде, 2019

Айыппұл салудың әлемдік тәжірибесі

479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше күн бұрын ақпарат кеңістігінде Финляндия құқық қорғаушыларының көлік жылдамдығын ұлғайтқаны үшін Ferrari көлігінің иесіне көлемді айыппұл салғаны туралы жаңалық таралып кетті. Хабарламаға қарағанда, жарыс көліктері клубының 20 жылдығына орай өткізілген шеру шеңберінде Хельсинки көшелерінде әлгі жүргізуші автокөлік жылдамдығын белгіленген межеден асырғаны үшін он мың еуродан астам айыппұл төлеген.

Айыппұл салудың әлемдік тәжірибесі

Биыл Финляндия үшін үлкен көлемдегі айыппұлдар жылы болды. Мәселен, шілденің басында ҰХЛ ойыншысы Расмус Ристолайнен сағатына 40 километр жылдамдықпен жүру рұқсаты берілген жерде сағатына 81 ша­қы­рыммен жүріп өткен. 24 жастағы Buffalo Sab­re қорғаушысы бұл әрекеті үшін 120 680 еуро көлемінде айыппұл өтеді. Бұл – Финляндия тарихындағы көлік жүргізушіге салынған ең жоғары айыппұл.

Финляндияда жол ережесіне қатысты айыппұлдың екі түрі қалыптасқан. Rikesakko деп аталатын түрі белгіленген шамадан 20 км/сағ дейін асырғандар үшін қолданылады. Ол 140-200 еуро арасында болады. Ал Päiväsakko деп аталатын айыппұл түрі заң бұзушының табысына тікелей байланыс­ты. Бұл 6 еуродан басталады, дегенмен алдыңғысынан аз болмайды. Мұны еліміздегі АЕК-пен шамалас десек болады. Бірақ бұл жерде бір күндік есептік көрсеткіш негізге алынады. Финляндия полициясының сайтында айыппұл көлемін әр азаматтың табысына негіздеп есептеп беретін арнайы бағдарлама бар. Айыппұл барлық салық пен төлемдерден кейін түсетін табыстан есептелінеді. Мысалы, азамат айына 3000 еуро тапса, айыппұл көлемі 1620 еуро көлеміне дейін баруы мүмкін. 2002 жылы «Нокиа» компаниясының бұрынғы басшысы Анси Ваньоки автокөлікті 50 км/сағ жылдамдықпен айдауға рұқсат етілген жерде көлігін сағатына 75 шақырым жылдамдықпен жүргізгені үшін 116 000 еуро төлеуге мәжбүр болған. Яғни, заң бұзушының табысы неғұрлым жоғары болса, айыппұл көлемі сәйкесінше көп болмақ. Са­рап­шылардың ойынша, мұндай шаралар азаматтарды жолда ұқыпты болуға үйре­теді. Финляндиялықтардың айтуынша, бұл азаматтың табысы артқан сайын жауап­кершілігі де арта түсетінін түсіндіреді. Фин­ляндия үкіметі үшін шетелдіктерге айыппұл белгілеу біраз қиындық туғызады. Өйткені шетел азаматының табысы туралы дәл әрі жедел ақпарат алу мүмкін емес. Дегенмен, қонақ жүргізушілер бүгінге дейін заң бұзғаны үшін Финляндиядан жазасыз қайтпаған. Сонымен бірге қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін Финляндия жүргізушілеріне 70 еуро көлемінде айыппұл салынады. Ал жүр­гізуші жол ережесін бір жылдың ішінде үш рет бұзса, жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.

Жалпы, әлем тарихында жол ережесін бұзу бойынша тіркелген ең көлемді айыппұл Швеция тұрғынына салынған. 37 жастағы Mersedes көлігінің жүргізушісі бақылау камераларына 290 км/сағ жылдамдықпен өтіп бара жатқан жерінен түсіп, бір миллион АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеген. Швеция да айыппұлды азаматтың табысына қарай кесетін мемлекеттер қатарында. Айыппұл көлемі жоғары болып саналатын мемлекеттердің қатарында аталған елдерден бөлек, Швейцария, Франция, Италия мен БАӘ бар. Кейбір елдерде заңға сәйкес айыппұл көлемімен қатар өтеу мерзімі мен тәсілі де өзгеше болып жатады. Мысалы, Португалияның жол полициясы заң бұзушыға оқиға орнында-ақ айыппұл төлете алады. Бұл елдің әр полицейінде арнайы терминалы бар. Ал Германияда жылдамдықты асыру көлемді айыппұл кесілетін заң бұзушылықтар қатарына жатпайды. Жылдамдықты асырған көлік жүргізушісіне ең көп дегенде 623 АҚШ доллары көлемінде айыппұл кесіледі.

Елімізде белгіленген жылдамдықтан асқан жағдайда айыппұл көлемі 5 АЕК-тен, яғни 12 625 теңгеден басталады. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2018 жылы елімізде 3 637 000 жеке автокөлік тіркелген. Биылғы 1 мамырдағы статистика бойынша, жеңіл автокөліктердің саны – 3 942 146-ға жеткен. Дәл сол 2018 жылы 15 771 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде 4 520-сы жылдамдықты асыру бойынша. Бұл 2015, 2016, 2017 жылдардағы көрсеткіштерден төмен. 2016 жылы тіркелген 17 947 жолда жүру ережесін бұзу фактісінің 5 646-сы жылдамдықты асыру бойынша тіркелгені. Бір ескеретін жайт, 2016 жылы АЕК көлемі 2 121 теңге болса, 2019 жылы АЕК мөлшері 2 525 теңге деп белгіленді. 2015 жылы бұл көрсеткіш 1 982 теңге болатын. Алайда, бұл айыппұлдың өсуіне себеп болмады. Өйткені 2018 жылдан бастап әкімшілік құқық бұзуға салынатын айыппұл көлемі төмендетілген болатын. Мәселен, 2017 жылы көлік жылдамдығын белгіленген жылдамдықтан сағатына 10-20 шақырымға асырған жағдайда жүргізушілерге 22 700 көлемінде айыппұл салынса, 2018 жылдан бастап бұл 12 000-ға дейін төмендетілді. Дегенмен, деректерге назар салсақ, жолда жүру ережесінің жыл санап азайып келе жатқанын көре аламыз. Ал елімізде айыппұл көлемін жол ережесін бұзушының табысына негіздесе, құқық бұзушылардың саны қаншалықты азаймақ?

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше