Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Абайдың 175 жылдығына дайындық басталды

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл­дық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Абайдың 175 жылдығына дайындық басталды

30 мамырда «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққаны белгілі. Ұлы ақынның мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамына Парламент депутаттары Бақытжан Жұмағұлов пен Сауытбек Абдрахманов, көрнекті қаламгерлер, қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов, Роллан Сейсенбаев, Мұрат Әуезов, орталық мемле­кет­тік органдардың басшылары, акаде­мия­лық және шығармашылық қоғам өкілдері енген болатын.

Премьер-Министрдің орынбасары отырыстың ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай – әлем мойындаған дана ұстаз, ақын және адам­заттың данышпаны. Данышпан Абайдың ұлы­лығы мен ерекшелігі, табандылық пен мақ­саттылықты дәріптеп және оны өз ұлты­ның санасына енгізе отырып, ұлттық рухты бұрын-соңды болмаған биікке көтерді. Біз Абай сияқты мақтан тұтатын рухани тірегіміздің барына алғыс айтуымыз керек» деген сөзіне көңіл аударды.

«Бүгін елімізде саяси-экономикалық және рухани дамуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қолға алынып отырған шаралар халықтың рухани да­муына негіз болып отыр. Ұлы Абайдың шы­ғар­машылығы қазіргі таңда жастар арасында Отанға, тілге, еңбекке деген сүйіспеншілікті арттырады. Ақынның мерейтойын тойлау халықтың рухани және адамгершілік дамуына өз үлесін қосады», деді Г.Әбдіқалықова.

Мерейтой аясында халықаралық, рес­пуб­ликалық және өңірлік деңгейде 500-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып, комиссия отырысында оларды ұйымдастыру жағы талқыланды. Атап айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Абай» көркем фильмі көрсетілмек. Сонымен қатар Абай шығармаларын шетел тілдеріне аудару, Абай үйі-музейінің жан-жақты таныстырылымы, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының ғылыми-реставрациялық жұмыстарын жүргізу, Абайдың әкесі Құнан­бай­дың тұлғалық маңызы мен тарихи-мәдени рөлін арттыру көзделіп отыр. Бұған қоса бүгін­де әлеуметтік желілерде сәтті іске асы­рылған #Abai175 челленджі жаһандық форматта жалғасын таппақ.

Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова мемлекеттік ор­гандарға бірқатар тапсырма берді.