Қазақстан • 19 Шілде, 2019

Жер құнарын жақсарту қажет

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттің даму деңгейін ең алдымен экономикалық өсім арқылы біле аламыз. Барлық саланың желкеніне жел үрлеп алға жетелейтін, әлеуметтің жағдайын жақсартатын, тұрақты дамудың даңғайыр жолына апаратын да әуелі мемлекеттің экономикалық табыстары. Бірер күн бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының тамырына қан жүгіртетін негізгі факторларды жіпке тізгендей қы-лып атап көрсетті. Индустрияландырудың әлі де болса өркен жая алмай келе жатқанын тілге тиек еткен Мемле-кет басшысы бұл бағыттағы жұмыс қарқынын барынша күшейтіп, кедергілерді түбегейлі тойтару қажеттігін баса айтқан болатын.

Жер құнарын жақсарту қажет

Экономиканың басты қозғаушы күші – өндіріс. Яғни, сапалы өнім өндіріп, экспорт пен импортты жүйелі жолға қою маңызды мәселе. Ғылыми ізденістерімді ауыл шаруашылығы ғылымына арнаған ғалым ретінде айтарым, әр өңірге тән сапалы азық-түлік белдеуін қалыптастырмай, халықты таза тауармен қамту мүмкін емес. Тарихтан сабақ алып, айналамызды ақылмен барласақ, өндірісі мықты елдер қашанда көш басында жүреді. Өндіріс деп отырғанымыз күнде­лікті өзіміз тұтынатын азық-түлік та­уар­ларынан бастап, тұрмыстық техни­каларға, керек десеңіз инновациялық жетістіктерге дейін жалғаса береді. Осыдан нақты қорытынды шығарып, іске кірісетін кез келген сияқты. Бұл ретте ғылым мен өндіріс бір-бірімен егіз қозыдай жамырасып қатар дамып отыруы керек. Қазір еліміз бойынша жер құнары 25 пайызға төмендеп бара жатыр. Бұл шын мәнінде өте өзекті проблема. 35,7 пайыз егістік көлемінің 16,5 пайызы пайдаланылмай жатыр. Мониторинг жасап, осының барлығын ретке келтіруді Президент жауапты органдар мен өңір басшыларына қатаң тапсырғаны осы кедергілерді оңтайлы шешеді деп сенеміз. Жер құнарын сақтайтын мамандар даярлаудың өрісін республика бойынша ұлғайту қажет. Облыс, аудан, ауыл әкімдері жерді дұрыс пайдалануды жүйелі қадағалап, жерді дұрыс пайдаланатын шаруаларға үлестіруі тиіс. Қазір мемлекет алдында агроөндірісті 2,3 пайызға көбейту міндеті тұр. Бұл үшін жер құнарын көтеру керек. Яғни, топырақты тоздырмауға уақыт оздырмай кіріскеніміз абзал. Бидай егістігін азайтып соя, бұршақ секілді май дақылдарының көлемін көбейту мәселесіне көңіл бөлгеніміз жөн. Себебі мұндай өнімдерге сұраныс өте жоғары болып отыр. Қазір Қазақстандағы топырақтың 65 пайызы су және жел эрозиясына ұшыраған. Мұның ішінде суармалы жерлердің үлес салмағы 90 пайызды құрап отыр. Орталық Қазақстан жерінің 45-50 пайызы эрозияға ұшыраған. Бұл жайылымдық жерлердің жойылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ет өнімдерінің көлемін арттыру үшін осыны да назарда ұстағанымыз дұрыс. Бұрын жайылым көлемі 700-800 мың гектар болса, енді оны 2,1 миллионға дейін ұлғайту керек деп жатырмыз.

 Осы уақытқа дейін егін өнімі 14 центнерден асып көрген жоқ. Мұның басты себебі, жерге минералдық тыңайт­қыш беру өте төмен. Өткен жылы 1 гектарға 2 кило ғана тыңайт­қыш бөлінген. Суармалы жерде тыңайт­қышсыз өнім алуға болмайды. Бидай, күріш, мақта өнімдерінің төмен­деу себебі тікелей осы жағдайлармен байланысты. Осының бәрін тереңнен бағдарлап отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмалар беріп, игі бастамаларды мықтап қолға алып отырғаны көңіл қуантады.

 

Рақымжан ЕЛЕШОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор