– Асхат Максимұлы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында биылғы оқуға қабылдау жүйесіндегі айқын жаңалық – академия ғимараты алдындағы алаңға арнаулы LED экран қойылып, 8-13 шілде аралығында өткен шығармашылық емтихан тапсырған талапкерлердің өнерін олардың ата-аналарының, жақындарының және жалпы ықылас білдірген көпшіліктің көріп тұруына жағдай жасалуы болды. Бұл идея әу баста неден туындады?
– Қашанда ұлттық мәдениетті әлемдік кеңістікте тұлға дәріптейді. Ал ондай тұлғаларды тәрбиелеп шығару өнер адамының бала кезінен басталуы тиіс. Дегенмен бұл жерде мына нәрсе ескерілуі керек: әдетте өнер оқу орнына түсу үшін жүректері тек өнер деп соққан талапты жастар келеді. Біздің академия да осы санатта. Бірақ талантты тап басып тану оңай емес. Әрине бір адамда қабілет болуы мүмкін. Бірақ қабілеттінің барлығын талантты деп айтуға болмайды. Қазақтың «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөзі осы жерге дәл. Яғни, талант жүздеген-мыңдаған қабілетті адамның ішінен ілуде біреу ғана кездеседі дегенді білдіреді. Осы орайда қабылдау комиссиясының құрамына өз ісінің шеберлерін тарттық. Екіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы саясатымен үндестіре отырып елде ашық қоғам құру жөніндегі ұстанымын, яғни транспаренттілікті негізге алдық. Қоғамда кез келген салада ашықтық, тазалық болғанда ғана іс алға басады.
Ата-аналардың көңілінде күдік қалмасын деген оймен ғимарат алдына LED экран қойып, жиылған жұртқа шығармашылық емтиханды көрсету жөніндегі ой осы екі мәселеден туындады. Жалпы шығармашылық сынақты ашық жағдайда көрсету бұрын-соңды шығармашылық оқу орындарында болмаған. Себебі өнердің өз өлшемі, шарттары болады. Дегенмен біздің бұл батыл идеямызға оқытушы-профессорлық құрам түсіністікпен қарады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың тарапынан да қолдауға ие болды. Шығармашылық емтиханды экраннан ғана емес, фейсбук, инстаграм желілері арқылы тікелей эфир түрінде көрсетіп отыру жөніндегі ойды айтқан да Ақтоты Райымқұлова. Нәтиже – күткендегідей. Талапкерлердің ата-аналары, жанашырлары тарапынан әдетте орын алып жататын өкпе-назға жол берілген жоқ. Әсіресе абитуриент жастардың көңілдері толды. Біздің академияға негізінен алыс ауылдардан келеді ғой. Солар өздері экраннан ғана көретін атақты өнер қайраткерлерінің өздеріне өбектеп, жанашырлықпен қамқорлық танытқанын көріп, тіпті толқып, көздеріне жас іркілгендері де кездесті. Дәстүр жалғаса беретін болады. Келесі жылы дипломдық спектакльдерімізді де осы жолға салсақ деген ойымыз бар. Яғни, Еуропадағы, жалпы әлемдік тәжірибедегі театр академияларының дипломдық спектакльдерді әлеуметтік желілер арқылы көрсетіп отыру әдісін келешекте өзімізде қолданып көрсек дейміз.
– Биыл академияда алғаш рет ашық негізде өткізілген шығармашылық сынақты тікелей көрсетілім арқылы көпшілік сарабына салу, олардың тарапынан әрқилы пікір туғызуға алып келеді деп ойламайсыз ба?
– Сіздің айтқыңыз келгені, бір талапкердің өнерін қарап отырған көпшіліктің әртүрлі бағалауы ғой. Негізінде біз осындай жағдайдың болатынын білгенбіз. Сөз басында өнердің өз өлшемі, ұстанымы болады деген едім. Яғни, әлемдік тәжірибеде өнер «дара тауар» деген ұғым қалыптасқан, соған сәйкес өнер кәсіби мамандар тарапынан ғана бағасын алуы тиіс. Алайда, біздің қоғамда қазіргі кезде қалыптасып отырған жағдай бұрынғы «бармақ басты, көз қысты» психологиясынан үзілді-кесілді алшақтауымызды қажет етеді. Оған алып баратын жолдың басы – шығармашылық сынақтарына мамандармен қатар көпшілікті қатыстыру арқылы жүз пайыз ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл бір жағынан үлгі. Өнер саласында да ашықтықтың, азаматтық-мәдени ұстанымдардың бар екендігінің бірден-бір көрінісі. Біз осы жағынан келгенде үлкен бір міндеттің үдесінен шықтық деп ойлаймыз.
– Оның үстіне орын да шектеулі ғой. Мәселен, былтыр академия бойынша 305 гранттық орынға 738 адам құжат тапсырса, биыл 303 орынға 810 талапкер өтініш берген. Оның 13-і және 19-ы сәйкесінше жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, шетелдік қазақ балалары, басқа да жеңілдікке ие талапкерлерге арналған квота...
– Яғни, бір орынға алты-жеті адамнан келеді. Соның ішінде «Алтын белгімен» марапатталғандар саны былтыр 8 адам болса, биыл ол 18 талапкерді құрап отыр. Сондай-ақ абитуриенттер арасында Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері, аймақтық өнер байқауларының жүлдегерлері де аз емес. Мұның өзі қоғамдағы мәдениет пен өнерге деген ықыластың күрт артуының және ұлттық мәдениетіміздің әлемдік аренада таныла бастауының бір көрінісі, экономика тілімен айтқанда, мультипликациялық эффект. Соған сәйкес, академиядағы мамандықтар да үлкен сұранысқа ие болып отыр. Шындығы сол, бізге келушілер тұтас алғанда өздеріне әнші Димаш Құдайбергенді, актерлер Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыровтарды, соңғы шыққан жастардан Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергендерді үлгі тұтады. Біздің хореография факультетіне түсушілер бүгінде әлемдік деңгейде би билеп жүрген Бахтияр Адамжанға, академия түлегі, Венгрияның ұлттық балет театрының жетекші солисі Әлия Тынықбаеваға еліктейді. Осының барлығы жастардың бойына өнер арқылы қоғамның, мемлекеттің дамуына үлес қосуға болады деген сенім ұялағанын және бұл мамандықтармен өз несібесін тауып, отбасын асырап, азамат болып қалыптаса алатынына көздері жете бастағанын аңғартады.
– Білуімше, академияда ақылы оқимын деушілерге де есік ашық, бірақ соның өзінде де олар арнаулы комиссиядан сынақтан өтіп барып қана қабылданады екен. Яғни, өнер ордасының есігін көлденең адамның ашуына жол жоқ деген сөз.
– Жаңа оқу жылының және бір ерекшелігі – академиядағы мамандықтардың білім бағдарламасы аясына топталуы. Мұның өзі білім беру жүйесінде бірыңғай болондық үрдіске көшуімізге байланысты орын алып отыр. Мұның мәні – оқу орнындағы мамандықтар өзара топтасып, бұрынғы мамандықтар өнер-білім бағдарламасының аясына кіреді де, одан әрі мамандандырулар таралады. Осы жүйеге сәйкес академияда биыл ашылған ұлттық өнер факультетіне айтыс, физикалық театр артисі, кино және теледидар суретшісі, балеттану, қайта өңдеу және бұрын ешбір жерде болмаған қылқобызбен ән салу, жетігенмен ән салу, сахна қозғалысының педагогы және т.б. жаңа мамандықтар қосылды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын шығармашылық жоғары оқу орындары арасында ең бірінші болып академия жүзеге асырып жатыр. Бағдарлама шеңберінде «Ақпараттық-технологиялық кафедра» құрылды. Мультимедиялық сценография мамандығын оқыту қолға алынды. Жоғарыда аталған білім бағдарламасы негізінде медиаға мамандандыру да бағдарлама аясында ашылды. Сондай-ақ біздің оқу орны жұмысының үлкен бір саласы – этностық театрларға мамандар даярлау болып отыр. Академия жалпы театр мамандарын дайындау бойынша Қазақстандағы бірегей оқу ордасы болып саналады. Биыл корей, орыс курстарына түсушілерді қабылдап жатырмыз. Келесі жылы ұйғыр тобы мен неміс тобы қосылатын болады.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»