Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Жаңа жұмыс орындары көбейіп келеді

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арал ауданында өз ісін ашып, ауыл тұрғындарына жұмыс көзін ұсынған кәсіпкерлер көбейіп келе жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп, іс бастаған кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүгінде 4206-ға жетті. Оның 3665-ы тұрақты іс жүргізуде. Соның нәтижесінде ауданда 7547 адам тұрақты жұмыс тапқан. Өңірлік Коммуникациялар баспасөз қызметінің деректері осылай дегізеді.

Жаңа жұмыс орындары көбейіп келеді

Кәсібін ширатқан аралдық кәсіпкерлердің басым бөлігі «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес», «Бизнес бастау» бағдарламалары арқылы бизнесін дамытты. Мәселен, ауданда соңғы кезде 3 бірдей кәсіпкерлік нысан ауыл тұрғындарына қызмет етуде. Жеке кәсіпкер Гүлмира Наурызова мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 14 миллион теңге несие алып, фитнес орталық ашқан. «Айбар» деп аталатын жаңа фитнес орталықта күніне 30-40 адам спортпен айналыса алады.

Мұнан өзге, Аралда «Нұр» қонақ үйі, «Ай-Жұлдыз» жол бойы қызмет көрсету сервистері жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алған қос кәсіпкер өз бизнесін жандандырып отыр. «Ай-Жұлдыз» қызмет көрсету кешені ашылғалы бері кәсіпкер 50 адамға жұмыс көзін тауып берген.

Енді жыл соңына дейін қосымша 13 нысан ашылады. Бұл өз кезегінде қосымша 121 адамның жұмыс табуына мүмкіндік бермек.