Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Ақтөбе облысының әкімі Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барды

746 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

18-шілде күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданына іс-сапармен барды. Аймақ басшысы алдымен Белқопа, Жарөткел ауылы тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Аталған ауыл тұрғындарын ең алдымен көгілдір отын, ауыз су мәселелері толғандырды.

Ақтөбе облысының әкімі Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барды

Облыс әкімі мәселені анықтап, шешу  жолдарын қарастырды. Аудан басшысы Мәди Елеусізовке Белқопа ауылындағы жөндеуі аяқталмаған екі бірдей ұңғыманың жобалық сметалық құжаттарын жинақтап, тез арада ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесін шешуді тапсырды. Ал, Жарөткел ауылы биыл газбен қамтылады.

Әйтеке би ауданында  2018 жылы облыстық бюджет есебінен жалпы құны 376,6 млн теңгені құрайтын 2 газбен жабдықтау нысандары жүзеге асырылып, пайдалануға енгізілген. Сонымен қатар республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырумен 5 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру басталды. Жобалардың ішінде  осы Жарөткелді  ауылішілік газ құбырымен қамту қарастырылған. Аталған 5 жобаны 2019-2020 жылдары пайдалануға беру жоспарда.  Оңдасын Оразалин Қарабұтақ ауылындағы  «Әйтеке би туберкулез ауруларына арналған хоспис» ғимаратын аралады. Ауруханада  туберкулездің созылмалы түрімен ауыратын науқастардың симптоматикалық емі жүргізіледі.(Диспансерлік есептің IГ тобы) Бұл топтағы науқастар қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Ем алушылар санының аздығына байланысты мұндағы науқастар Темір ауданындағы туберкулезге қарсы бөлімге ауыстырылып, ғимарат жабылады. 3 қабатты нысанды болашақта басқа мақсатта пайдалану жоспарда бар, ол үшін облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.  Сондай-ақ Оңдасын Оразалин  хосписте жұмыс жасайтын  35 дәрігердің жұмыссыз қалмауын, оларға өтемақы төленуін, еңбек демалыстарын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Ауыл тұрғындарын сыбайлас жемқорлықпен күресуде бірге  ат салысуға шақырған Ақтөбе облыстық   сыбайлас жемқорлыққа қарсы  департаменті Ұлттық бюросының басшысы Мирлан Мұхамбетов облыс басшысымен бірге  жергілікті   тұрғындарды  адалдық алаңының жұмысымен, соңғы кездері енгізіліп жатқан жаңа жүйелерімен  таныстырды.  2 бағытта жұмыс жасайтын адалдық алаңының мақсаты тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жойып,  азаматтарға қолайлы жағдай жасау. «Адалдық алаңының» мамандары қазірде мемлекеттік мекемелерде «Open space» кабинеттерінің  ашылуы бойынша жұмыстар жасауда.  Облыс басшысы  Қарабұтақ ауылы тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізді. Жергілікті халық  облыс әкіміне ауылдан   қоқыс төгетін арнайы полигонның ашылуын сұрады. Оңдасын Оразалин экология басқармасының басшысына тұрғындардың өтінішін тез арада шешуді тапсырды. Іс сапар соңында өңір басшысы аудан әкіміне Әйтеке би ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуды, қосымша жұмыс көздерін көбейтуді, мәдени-рухани шараларды жандандыруды барлық салада  жұмыстарды  дамытуды тапсырды.