Асқақ өнердің жанкүйерлері осынау «театр жылында» бірінен кейін бірі орын алған жарқын оқиғалардың куәсіне айналды: тұсаукесерлер, гастрольдер, опера және балет әртістерінің беделді халықаралық байқаулардағы жеңістері, театрдың шетелдік әріптестерімен шығармашылық байланысының кеңеюі – осы сынды айтулы сәттер көп болды.
Театрға 145 000 көрермен келді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұжым 7 премьера ұсынды. Атап айтқанда, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсы, М.Фокиннің хореографиясындағы Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» және Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді балеттері, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», Дж.Россинидің «Жібек саты», Дж.Пуччинидің «Богема» опералары мен А.Аданның «Жизель» балеті көрерменге ұсынылды.
Театр 2 сыйлыққа ие болды: «Абай» операсы (Л.Хамиди, А.Жұбанов) үшін авторлар ұжымы: Әлпиев Төлеубек Нығметұлына, Бөрібаев Алан Асқарұлына, Байғожин Сүндет Әбдірахманұлына, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына қатысушыларға Қазақстан Республикасының Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сонымен қатар театр классикалық өнер саласындағы «BraVo» Халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығын иеленді, бұл додада «Астана Опера» «Жылдың концерттік/театр алаңы» аталымы бойынша көшбасшы атанды.
Ұжым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында гастрольдік сапарларға шығып, Италия (Генуя, Рим), Испания (Валенсия), Ресей (Мәскеу, Новосібір), Өзбекстан (Ташкент) елдері мен Қазақстан қалалары (Қарағанды, Көкшетау) бойынша сәтті өнер көрсетті. Театр өз сахнасында Абай атындағы МАОБТ-ның (Алматы) гастрольдік бағдарламасын қабыл алды, ал тамыздың 17 және 24 күндері Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының гастролі өтпек.
Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында орасан зор жетістікпен өткен Ташкенттегі гастрольде әртістер ұлттық классика жауһары – А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы мен Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын ұсынды.
Жыл бойы «Астана Опера» әртістері өз жетістіктерімен қуантты, олар үкіметтік марапаттар, ордендер мен медальдерін иеленді, сондай-ақ көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанды. Атап өтсек, «Астана Опера» дирижері Руслан Баймурзин КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Мұқан Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» Халықаралық дирижерлер байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды.
Опера және балет труппасының солистері «Астана Операның» атын шығарып қана қоймай, Қазақстанның беделін шетелде оңынан қалыптастыруда елеулі үлес қосуда. «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Италия, Швейцария, Франция, Ресей және т.б. елдердің ең мәртебелі мәдени іс-шараларына тұрақты түрде қатысуда. Бұдан бөлек, Бақтияр Адамжан Әйгерім Бекетаевамен бірге Канн қаласындағы Фестиваль сарайы сахнасында өнер көрсетті. «Viva Maïa» әлемдік балет жұлдыздарының Гала-концерті аты аңызға айналған балерина Майя Плисецкаяға арналған.
«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина Башқұрт опера және балет театры сахнасында зор жетістікпен өнер көрсетті. Әнші атақты бас Ильдар Абдразаковпен бірге Дж.Вердидің «Аттила» операсында басты Одабелла партиясын орындады. «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожинның өнеріне итальяндық тыңдарман ду қол шапалақ соғып, қошемет көрсетті. Танымал қазақстандық баритон генуялық Карло Феличе театрының сахнасында Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсында Шарплестің партиясын ұсынды.
«Астана Опера» театрының солисі Евгений Чайников Барселонадағы испандық Театр де Саррия сахнасында әйгілі музыкалық директор, тенор әрі педагог Рауль Хименестің жетекшілігімен композитор Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» (Il matrimonio segreto) операсын орындады.
«Астана Опера» өзінің жетінші театр маусымын 5 қыркүйекте Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен ашпақ. Сонымен бірге, күз мезгіліне, 11 және 13 қазан күндеріне Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсы мен 22-23 қараша күндеріне Л.Делибтың «Коппелия» балетінің премьерасы жоспарланған. Опера труппасы 20 қазан күні Невадағы Санкт-Петербор қаласына Дж.Россинидің «Жібек саты» операсымен аттанады. Алайда бағдарлама мұнымен тамамдалмақ емес!