Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Омыртқа – бүкіл ағзаның ұстыны

876 реткөрсетілді

Шымкентте омыртқа ауруларына ем жасайтын орталық ашылды. Онда ем алушылар бірнеше жыл мазалаған омыртқа жарығынан толық жазылғанын айтып жатады. Бұл ғана емес, мұнда протрузия, сколиоз, остеохондроз, тіпті кейбір буын ауруларына да кешенді ем жасалады.

Ем барысында остеохондроз сал­дарынан болған желкенің тартылуы, қолдың ұйып қалуы, қан қысымының көтерілуі, миға оттегі жетіспеуі сынды кеселдерден де құлан-таза айығу мүмкіндігі бар. Себебі әр науқасқа жеке емдеу бағ­дар­ламасы түзіледі. Дәрігерлер емде­лушінің омыртқадағы зақым түрі мен ағза ерекшелігіне қарай ем та­ғайындайды. Олар Ресейдің Ека­теринбург қаласында академик Ю.Н.Богдановтан дәріс алған. Ал Богданов – емдеу тәсілін әлем мойындаған ғалым. Ол омыртқа ауру­ларын емдеудің өзіндік тәсілін тек қа­на үдесінен шыға білетін, сенім арту­ға болатын мамандарға ғана үй­ре­тетін талабы өте мықты жан. Міне, орталықтағы дәрігерлердің бірі Сұл­тан Сатаев осындай ғалымнан дәріс алған маман.

«Омыртқада 34 бөлік болады,  дейді дәрігер. – Оның әрқайсысы ағза­ның белгілі бір мүшесінің жұ­мы­сы­на атсалысады. Мысалы, белдегі оты­рықшы тамыр қысылса, оның зардабы аяққа, сан бұлшық еттері, тізе мен табан, бүйрекке беріледі. Тізенің қақсауы, табанның бастырмауы, ер адамдардағы аталық без жұмысының бұзылуы да соның салдары. Кейде құлақтың шуылдауы, бастың себепсіз айналуы, көрудің нашарлауы, өтке тас жиналуы, бас сақинасы да омыртқадан бастау алады. Себебі ондағы дискілер бір-біріне «отырады» да, сол арадағы жүйке талшығына зақым келеді. Сондықтан емделсеңіз де нәтиже болмай жатқан кейбір ауру түрлерінің түпкі себебін омыртқадан іздеу керек. Өйткені омыртқа – бүкіл ағза ұстыны.

Бізде емнің бірнеше түрі топтас­ты­рылған. Емдік және мануалды массаждың көптеген ауруға ем екенін бәріңіз білесіздер. Бұл әсіресе аяқ-қолы қақсайтын, буын ауруы мазалайтын жандарға дауа.

Самырсын ағашынан жасалған емдік фитобөшкенің шипасы – емдік шөптер сығындысының буы сүйекке өткен суықты да қуып, ағзаны шлактардан тазартады. Ал енді оған жүй­ке­ні тыныштандыратын, теріні жасартатын эфир майларын қосады.

«Бірақ біздің негізгі ем бұл емес. Бұл екеуі ағзаны қыздырып, бұл­шық еттерді, тамырларды, тіпті сү­йекті де алдағы емге дайындау. Яғни емнің бірінші сатысы ғана. Омырт­­қаны емдеу осыдан кейін баста­лады. Орталықта Ресейден әке­­­лінген омыртқа ауруларын емдей­тін автоматтандырылған арна­йы құрылғы-кереует бар. Оның бірі – «Кинеза», ол мойыннан бастап белге дейінгі омыртқаның әр бөлігін қоз­ғалысқа келтіріп, дискілердің қа­жал­­уын, тамырдың қысылуын қа­лпы­на келтіреді. «Ормед-про­фес­сио­нал» омыртқа мен ондағы бұлшық еттерге вибрациялық-роликті массаж жасай отырып, дискілер арасын ашады. Мұның бәрі тікелей бақылаумен жасалады. Мануалды терапия, емдік-нүктелі массаж, емдік шөптер бұлауы – фитобөшке, арнайы жаттығу мен кәсіби емдік кешеннің көмегімен таяққа сүйеніп келіп, еркін жүріп кеткен, толық сауығып кеткендер бар. Омыртқасында бірнеше грыжа бар адамдар да кездеседі. Ал грыжа ұзақ емделеді, дұрыс ем жасалса, толық жазылуға мүмкіндік бар», дейді ол.

Дәрігер сөзінің дәлелі ретінде осын­да емде­ліп жатқан жандардың бірі – Алматы қаласынан келген Ерсайын Әділбеков басынан өткенді ай­тып берді.

«Менде төрт грыжа бар еді. Жұ­мыс­­қа жарамай қалдым. Денем бір жа­ғына қарай қисайып қалды. Таяққа сү­йеніп әзер жүремін. Массаждың түр-түрі, ине салатын, тамыр үзетін дә­рігер-емші дегеннің бәрін араладым. Шипасы болмады. Грыжаның бірі 6 миллиметрге дейін өсіп кетті. Бір дәрігер операция жасау керек деді. Енді бірі мүлде жазылмайсың деп, мүгедектікке шығармақ болды. Аяқ-қолым бүтін болса да жүруге жарамай, мүгедек болып қалу оңай емес. Со­дан ізденіп көрсем, әлемде грыжаны шын мәнінде емдейтін адам санау­лы ғана дейді. Сол санаулының мақ­тау­лысы акадамик Богданов де­генді оқыдым. Ресейге баруға қол қысқа, жол ұзақ, қаржы қиын. Қайтсем екен деп отырғанда Сұлтан туралы естідім. Дә­рігердің бәрі осындай болса ғой. Укол­сыз-дәрісіз төрт грыжаның екеуін жоқ етті. Ең үлкені – 6 миллиметр болғаны қазір 2,5 миллиметрге кіші­рейді. Кеше МРТ-ға түсіп келдім. Бұл үшінші курс ем алуым. Дәрігер төрт курстық емде толық жазыласыз, бірақ араға жарты жыл салып профилак­тика үшін тағы бір келуіңіз керек», – деді Е.Әділбеков.


Жарас ҚАСЫМЖАНОВ


ШЫМКЕНТ


Баннер
Соңғы жаңалықтар

120 келі тартатын торпақ көтерді

Аймақтар • Бүгін, 14:31

Ұқсас жаңалықтар