16 Мамыр, 2013

Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді

200 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 1:25

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕНІ ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП ДАМУДЫҢ ӨЗ ҮЛГІСІМЕН

Global Financial Centres Index аралық рейтингісіне енгізілген Алматы өңірлік қаржы орталығы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін ескере отырып одан әрі дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу жөніндегі жұмыс басталуда.

 

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 1:25

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕНІ ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП ДАМУДЫҢ ӨЗ ҮЛГІСІМЕН

Global Financial Centres Index аралық рейтингісіне енгізілген Алматы өңірлік қаржы орталығы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін ескере отырып одан әрі дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу жөніндегі жұмыс басталуда.

Жақында депутаттар Астана қаласында халықаралық қаржы орталығын құру идеясы туралы әңгіме қозғады. Ол идея қоғамда қолдау тапқаннан гөрі, түсінбеушілік пен сұрақтар туындатты. Олардың бірі – Алматыда құрылып жатқан бір қаржы орталығы Қазақстанға жеткіліксіз бе? Бұл жайында кәсіби мамандар не ойлайды? Осы және Алматы өңірлік қаржы орталығын дамытудың басқа да мәселелерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі АӨҚО және исламдық қаржыландыруды дамыту департаментінің директоры Дархан НҰРПЕЙІСОВПЕН талқыламақпыз.

– Дархан Қадырбайұлы, аталған идеяға қатысты көзқарасыңыз қалай, мұндай мүмкіндікті қалай бағалайсыз?

– Кез келген ақылға қонымды идея мен жоба оларға деген нақты сұраныс пен іске асыру үшін нақты мүмкіндіктер болған кезде ғана өміршең болады. Менің ойымша, мұндай жобаны жүзеге асыру үшін олардың екеуі де жоқ. Мәселен, халықаралық қаржы орталығы ретінде Астананың қалыптасуы үшін қалада қаржы ағындарының және қор нарығы қатысушыларының шоғырлануы үшін көп күш салу қажет. Қаланы жаңа қаржы орталығы деп жариялау үшін мынадай негізгі факторлар болуы қажет: елдік және жергілікті жағдайлар; климат жағдайы; әлеуметтік-экономикалық жағдайлар; құқықтық жағдайлар. Сонымен қатар, заманауи инфрақұрылым; кәсіби қатысушылар және тағы да басқалары. Мұның бәрі тұтастай алғанда республикалық бюджеттен айтарлықтай қаржы қаражатын талап етеді.

Негізінен ірі қалалар қаржы орталықтары болатын фактіні де атап өтуге болады. Мысалы, олар АҚШ-та – Нью-Йорк, Австралияда – Сидней.

Дәл Алматының өңірлік қаржы орталығы ретінде белгіленуі тегін емес. Тарихи тұрғыдан алғанда қала Қазақстанның қаржы жүйесіне кіретін жалғыз «қақпа» болды. Сондай-ақ, бірқатар жағдайлар дәл осы Алматыны қаржы орталығы ретінде ұсынуға мүмкіндік берді.

Біріншіден, қалада түрлі қаржы институттары, оның ішінде шетелдік капитал қатысқан институттар айтарлықтай шоғырланған. Олар жүзеге асырылатын операциялар көлемі бойынша жақын жатқан мемлекеттердің астаналары – Бішкек, Ташкент, Душанбе, Ашхабад және Бакуды басып озады. Екіншіден, Алматы қаласында тұратын халық саны Қазақстанның басқа қалаларындағы халық санынан асып кетеді. Үшіншіден, қалада айтарлықтай жоғары инвестициялық әлеует, ең алдымен зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың және екінші деңгейдегі банктердің есебінен қалыптасты.

Төртіншіден, Алматы көрші мемлекеттердің ірі қалаларынан онда жеке кірісінің деңгейі жоғары, қаржылық қызметтердің төлем жасауға қабілетті тұтынушылары ретінде қызығушылық туғызатын шетелдік те, қазақстандық та азаматтардың тұрып жатқандығымен ерекшеленеді. Бесіншіден, белгілі бір қаржылық қиындықтарға қарамастан, Алматы қоршаған табиғатының әсемдігі мен сапалы сервистің, әсіресе телекоммуникация, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық саласында сапалы сервистің болуының арқасында өмір сүріп, демалу үшін тартымды жер болып қала береді. Алтыншыдан, Алматының өңірлік қаржы орталығы ретінде дамуына ықпал ететін маңызды фактор деп қаланың «Жібек жолы» елдеріне жақын орналасқандығын айтуға болады.

Уәкілетті орган атқарған жұмыс негізінде қаржы орталықтары қалыптасуының белгілі бір деңгейлерінен өткен Алматы қаласының бәсекеге қабілеттілігін көтеру жөніндегі жұмысты жалғастырған оңтайлы әрі орынды  деп ойлаймын.

– АӨҚО жұмыс істей бастағанына жеті жылдай болды. Ол қазір қандай даму деңгейінде, алдына қойған міндеттерге толық жауап бере ала ма?

– Әлемдегі танымал қаржы орталықтары жүріп өткен кезеңмен салыстырғанда, жеті жыл деген көп уақыт емес. Қаланың қаржы орталығы ретінде дамуы қолайлы инвестициялық ахуалды, бизнес-ортаны, фискалдық режімді, инфрақұрылымды және басқа да аса маңызды жағдайларды қалыптастыруда мемлекет тарапынан айтарлықтай күш-жігер жұмсауды талап етеді. АӨҚО – бұл кешенді тетік екендігін түсіну қажет, буындарының бірі сәл артта қалса, бүкіл тұтас кешеннің тиісінше дамымауына әкеп соғады.

Қаржы орталығы осы нарықта ойыншылардың болуы үшін тартымды жағдайлар жасауы тиіс. Салыстыру үшін алайық: Сингапурда бұл – бірегей өнімдер мен Азиядағы барлық қаржы орталықтарының ішінен ең интернационалды орталық ретінде географиялық жағдайының үйлесуі, сондай-ақ оның құқықтық және нормативтік жүйелерінің, жеңілдікпен мақсатты салық салудың және қаржылық қызметтер индустриясының белгілі бір секторларының  дамуына ықпал ететін басқа да ынталандырулардың тұрақтылығы мен тұтастығының үйлесімі.

Аймақтың әл-ауқатын тарту жөніндегі қадамдарды инвестициялар үшін қолжетімді ете отырып, бірінші болып қабылдауы Дубайдың негізгі жетістігі еді. Дубай ашықтық пен тәуелсіздік деңгейі бойынша аймақтағы құқықтық жүйелерден асып түсетін өзіндік құқықтық жүйесі бар Таяу Шығыстағы алғашқы орталық болды.

Жұмыс күші құнының төмен болуымен және ұлттық валютасының әлсіздігімен, салық салу мөлшерлемесінің төмен болуымен және басқа да факторлармен үйлесе отырып, тұтастай алғанда Еуроаймақ бойынша шығын деңгейінің ең төмен болуы Дублиннің жетістігін қамтамасыз еткен бәсекелес басымдық болды. Осы барлық мысалдарда мемлекеттің нарыққа қатысушыларға қолдау көрсету, инфрақұрылымды дамыту және заңнаманы жетілдіру арқылы қаржы орталығын құру үшін нақты мақсатты іс-қимылдары мен өте күшті батылдығы ортақ сәттілік факторы болып табылады. АӨҚО табыстылығына мүдделі ел ретінде Қазақстанға да осындай жағдай қажет.

АӨҚО дамытуға арналған қажетті жағдайлар (қоршаған орта, инфрақұрылым және бедел) ұзақ мерзімді бастамалар болып табылады, бұл бастамалар оның орнықты тұғырын жасау үшін тұрақты және ұзақ қолдауға ие болуы тиіс. Бұл ретте АӨҚО бәсекелестік артықшылықтарының бірі ислам елдерінің инвестицияларына қол жеткізу болып табылады. Қазақстан ТМД және Орта Азия кеңістігінде алғашқы болып исламдық қаржыландыруды дамытуға арналған заңнамалық базасын ендірді, бұл АӨҚО-ның Орталық Азия өңірінде исламдық қаржылық хаб болып қалыптасуының алғышарттарын жасайды. Заңнаманы жетілдіру саласында көп жұмыс істелді. Мәселен, 2009 жылы Қазақстанда ислам банктерін ұйымдастыру мен қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша заң қабылданды. 2001 жылы мемлекеттік исламдық бағалы қағаздар шығаруға рұқсат ететін және корпоративтік исламдық бағалы қағаздар эмитенттерінің тізбесін кеңейтетін Заң қабылданды.

Қазіргі кезде исламдық сақтандыруды, исламдық банкингті, сондай-ақ исламдық лизингті қамтитын заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. АӨҚО-ны исламдық қаржыландыру бойынша өңірлік орталық ретінде көрсету елімізге өңір елдері арасында бірқатар артықшылықтар алуға қосымша мүмкіндік береді.

– Алматы ТМД-да алғашқы болып өзін қаржы орталығы ретінде мәлімдеді. Сіз әртүрлі қаржы орталықтарына тән және олардың қаржы орталықтары ретіндегі жетістігін қамтамасыз еткен сипаттарға назар аударған боларсыз. Алматыда сондай-ақ өзінің алғышарттары және даму жолдары немесе қаржы орталығын дамытудың ортақ үлгісі бар ма?

– Алматыны көшбасшы қаржы орталықтары қалалармен салыстыруға әлі ерте деп ойлаймын. Біз басты бағыттар бойынша әлі де көп жұмыс істеуіміз қажет. Бұл ретте АӨҚО-ны дамыту жалпы алғанда жүйелі түрде болып отырғанын атап өтуге болады. Ол құрылғаннан бастап қаржы орталығы мен қор нарығын жетілдіру және дамыту саласында бірқатар реформалар жүргізілді.

Сонымен қатар, 2012 жылы АӨҚО-ның деңгейі мен әлемдік деңгейдегі орнын айқындау мақсатында Алматы қаласы «Перспективалы қаржы орталықтарының тізімі» Global Financial Centres Index (GFCI 11.5) аралық рейтингісіне енгізілді.

Шын мәнінде, халықаралық қаржы орталықтарын (ХҚО) дамыту модельдері құру себептері және сол сияқты іске асыру тетіктері бойынша барынша әртүрлі. Олардың жетістіктері бірқатар бірегей бәсекелестік артықшылықтармен айқындалды, олардың бір бөлігі қазіргі кезде Қазақстанға тән емес.

Бұл ретте ХҚО дамытудың негізгі векторлары және оны іске қосу бойынша мемлекет қабылдаған бастамалар әлемнің барлық табысты қаржы орталықтарында бір-біріне ұқсас және жақын болды. Сингапурдың, Гонконгтың, Дубайдың, Мумбайдың, Шанхайдың жаңа орталықтарының пайда болуы және сол сияқты Лондон, Нью-Йорк, Франкфурт, Люксембург сияқты «дәстүрлі» әлемдік және өңірлік қаржы орталықтарының өз ұстанымдарын нығайтуы – мемлекеттің мақсатты және көбінесе жаңашыл саясатын жүргізу нәтижесі болды. Осындай орталықтар қалыптасудың және бәсекеге қабілетті ХҚО-ға айналудың негізгі сатыларынан өтті. Орталықтарды қалыптастыру бірнеше ондаған жылдардан бастап бірнеше жүздеген жылға жалғасты. Салыстыру үшін, АӨҚО жобасы 2006 жылы іске қосылды.

АӨҚО жобасына көше отырып, заң шығарушы Дублин, Дубай, Сингапур сияқты және басқа қалалардың қаржы орталықтарын іске қосу бойынша жұмыс тәжірибелерін зерделеді. Қаржы орталығы туралы арнайы заңды қабылдау кезінде олардың жұмысының көптеген артықшылықтарын заңнамалық негізде бекітуге мүмкіндік болмады. Осының себептерінің бірі ретінде олардың елдің Конституциясына қарама-қайшылығын атауға болады. Осыған байланысты АӨҚО қалыптасуы дамудың белгілі бір ерекшеліктері бар меншікті моделі бойынша жүріп жатқанын атап өтуге болады.

Біздің мемлекет те осы бағытта өте көп жұмысты еңсеруі тиіс.

– Бастапқыда Алматы қаржы орталығының өңірлік немесе халықаралық мәртебесі туралы пікірталас болғаны белгілі. Таңдауға қандай жағдай негіз болды?

– Орталықты құру және дамыту бойынша стратегиялық бағыттарды және іс-қимылдардың кезеңдік жоспарын әзірлеу, осы саладағы алдыңғы қатардағы әлемдік практиканың жетістіктерін пайдалану, сондай-ақ нарық сегменттерінің әртүрлі қатысушыларының әлеуетін бағалау үшін әлемдегі белгілі консалтингтік компания – Boston Consulting Group (BCG) тартылғанын атап өтейін. Бұрын дәл осы топ Сингапурдың, Таиландтың қаржы орталықтарын іске қосуға қатысты. BCG қорытындысына сәйкес Алматы қаржы орталығының халықаралық қаржы орталығы ретінде емес, өңірлік қаржы орталығы ретінде көрсетілуі ұсынылды. Осы ұсыныстың негізі орталықтың бастапқыда белгілі бір өңірден (Орта Азия, Ресей, Украина, Беларусь) эмитенттер мен құралдарды тартуға бейімделгені болып табылады. Сондықтан BCG ұсынымдары негізінде ведомствоаралық жұмыс тобы қаржы орталығын өңірлік деңгейде құру туралы шешім қабылдады.

– Алматы өңірлік қаржы орталығын одан әрі дамыту бойынша мемлекет алдында қандай міндеттер мен мақсаттар тұр?

– Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты 2010 жылғы 29 қаңтардағы Жолдауында отандық қор нарығын Алматыны Азиядағы жетекші қаржы орталықтарының ондығына шығара отырып ислам банкингінің өңірлік орталығы ретінде қалыптастыру қажеттілігін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет «Исламдық қаржыландыруды 2020 жылға дейін дамытудың жол картасын» бекітті, оны іске асыру исламдық қаржылық қызметтер индустриясын тұрақты дамыту, эмитенттердің, инвесторлардың және нарық қатысушыларының маңызды тобын құру үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, АӨҚО алдына Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елдерінің қатарына кіруі бойынша жаңа стратегиялық міндеттер қойылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы» – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында айтты.

Жоғарыда аталған стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды ескере отырып, біз жақын арада АӨҚО жобасын елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша одан әрі дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу жұмысын бастауды жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

 Алевтина ДОНСКИХ.

__________________

 

РЕГЛАМЕНТ ЗАҢНАМАҒА СӘЙКЕС

2012 жылдың аяғында және 2013 жылдың басында микрокредиттік ұйымдардың қызметіне қатысты бірқатар заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер қабылданды

Мәселен, 2012 жылғы 26 қарашада Мемлекет басшысы «Микроқаржы ұйымдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Олар 2012 жылғы 16 желтоқсанда күшіне енді.

Оларды іске асыру мақсатында ҚР ҰБ Басқармасы 2012 жылғы 24 желтоқсанда 7 қаулыны бекітті. Ең алдымен, түзетулердің мәні бойынша тиісті түсініктемелер бермес бұрын осы құжаттарды атап өткен жөн.

• «Микроқаржы ұйымының есеп­тілік беру тізбесін, нысандарын және қағидаларын бекіту туралы» № 373 қаулысы (Нормативтік құқықтық  акті­лерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №  8340 тіркелген);

• «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» № 377 қаулысы (Нормативтік құқықтық  актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8306 тіркелген);

• «Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларын бекіту туралы» № 378 қаулысы  (Норматив­тік құқықтық  актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8307 тіркелген);

• «Берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді жіктеуді жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын бекіту туралы» № 381 қаулысы (Нормативтік құқықтық  акті­лерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8305 тіркелген);

• «Пруденциалдық нормативтердi және микроқаржы ұйымының сақ­тауы мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердi және оларды есептеу әдісте­месін, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептілік берудің нысандарын және мерзiмдерiн бекіту туралы» № 382 қаулысы (Нормативтік құқықтық  актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8317 тіркелген) (бұдан әрі – № 382 қаулы);

• «Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеуден өткізу және микроқаржы ұйым­дарының тізілімін жүргізу қа­ғи­да­­ларын бекіту туралы» № 386 қаулысы (Нормативтік құқықтық  актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8319 тіркелген) (бұдан әрі – № 386 Қағидалар);

• «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне микроқаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі және қаржылық есептілігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 388 қаулы (Нормативтік құқықтық  актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8350 тіркелген).

Оған қоса, 2013 жылғы 25 қаңтарда «Кредиттік тарихты қалыптастыру жүйесіне қатысушылардың қызметіндегі ақпараттық процесті ұйымдастыруға және оны пайдалануға, қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға, олардың электрондық жабдықтарына, кредиттік тарихтың деректер базасының сақталуына және үй-жайларына қойылатын ең төменгі талаптарды белгілеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» ҚҚА* Басқармасының қаулысына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР ҰБ Басқармасының қаулысы қабылданды (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8365 тіркелген, бұдан  әрі – № 105 Қағидалар).

Жоғарыда көрсетілген актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

«Микроқаржы ұйымдары туралы» Заңға (бұдан әрі – МҚҰ* туралы  заң) сәйкес микроқаржы ұйымы – ком­мерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ МҚҰ туралы заңмен рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға.

МҚҰ туралы  заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдарды қоспағанда, микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде ҚР заңдарына сәйкес мемлекеттік қайта тіркелуге жатады. Бұл талап сақталмаған жағдайда, мұндай микрокредиттік ұйымдар заң­намаға сәйкес қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады. Коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.

2016 жылғы 1 қаңтарға  дейін жұмыс істейтін микрокредиттік ұйымдар өз қыз­метінде МҚҰ туралы заңның 31-бабының 4-тармағында көзделген нормаларды басшылыққа алуға  құқылы.

Микроқаржы ұйымы есептік тір­кеу­ден өту үшін микроқаржы ұйымы­ның орналасқан жері бойынша ҚР ҰБ филиалына №386 Қағидалардың                            2-тармағында көзделген төмендегі құжаттарды қоса бере отырып белгіленген  нысанда өтініш ұсынады:

1) салыстырып тексеру үшін жарғы­ның түпнұсқасымен бірге көшірмесі не жарғының нотариат куәландырған көшірмесі, сондай-ақ заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

2) жарғылық капиталдың төленгенін растайтын құжаттардың көшірмесі, сондай-ақ № 386 Қағидалардың 2-қосым­шасына сәйкес нысан бойынша меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін сақтау туралы мәліметтер. МҚҰ жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері және меншік капиталының ең  төменгі  мөлшері № 382 қаулымен  белгіленген  және 30 млн. теңгені  құрайды;

3) ішкі бақылау қызметі туралы ереже (бар болса);

4) мыналарды:

МҚҰ қызметінің стратегиясын;

микроқаржы ұйымы бағдарланған нарық сегментінің айқындамасын (қыз­меттерді әлеуетті тұтынушылар, ағымдағы жағдай және олардың нарықтағы үлесінің динамикадағы болжамы);

қызмет түрлерін (микрокредит бе­­ру, микрокредиттерді беру қызметіне байланыс­ты мәселелер жөнінде кон­­­сультациялық қызметтерді көрсету және (немесе) жоға­рыда көрсетілген заңның 19-бабында көзделген қызметтің басқа түрі);

ағымдағы ахуалдың талдамасын, қызметтердің жарнамасын, көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету шараларын, тұтынушылардың қажет­тіліктерін қалыптастыру және ынталандыру шараларын қамтитын маркетинг (клиентураны қалыптастыру) жоспарын;

ұйымның қызметін қаржыландыру көздерін (құрылтайшылар қаражаты, тартылған қаражат, гранттар немесе басқа қаражат) ашып көрсететін бизнес-жоспар;

5) өтініш ұсынылған күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша № 386 Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысандар бойынша құрылтайшылар (қатысушылар), № 386 Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша атқарушы органның бірінші басшысы (мүшелері), бас бухгалтері туралы мәліметтер;

6) МҚҰ жоғарғы органы бекіткен микрокредиттер беру қағидаларының көшірмесі;

7) «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған ақпарат беру туралы шарттың көшірмесі және кредиттік тарихты қалыптастыру және оларды пайдалану жүйесінің қатысушыларына ұсынылатын талаптарға сәйкес келу туралы құжаттың көшірмесі. Кредиттік тарихты қалыптастыру және оларды пайдалану жүйесінің қатысушыларына ұсынылатын талаптарға сәйкес келу туралы құжат ретінде № 105 Қағидаларға сәйкес Ұлттық Банктің қорытындысы ұсынылады.

8) берілген микрокредиттер бойынша кірістерді және корпоративтік табыс салығының есептелген сомасын көрсететін соңғы үш жыл ішіндегі салық декларациясының көшірмесі (МКҰ қайта тіркеу немесе қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған МҚҰ ұсынады).

ҚР ҰБ филиалы есептік тіркеуден өтуге арналған өтінішті толық құжаттар топтамасы ұсынылған күнінен бастап отыз жұмыс күн ішінде қарайды. (Анықтамалық: 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап осы мерзім 15 жұмыс күнін құрайды). Көрсетілген мерзімде филиал МҚҰ микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізеді және ол туралы ұйымға хабарлайды, не жазбаша түрде есептік тіркеуден бас тарту себептері туралы дәлелді жауап жібереді.

МҚҰ-ны микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізуді және оған тізілімге енгені не есептік тіркеуден бас тартылғаны туралы хабарлауды филиал микроқаржы ұйымының орналасқан жері бойынша жүзеге асырады. МҚҰ-ны микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізу туралы ақпарат ҚР ҰБ Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің Интернет-ресурсында орналастырылады.

Есептік тіркеуден бас тарту МҚҰ туралы заңның 15-бабында көзделген негіздемелер бойынша жүргізіледі. Есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда микроқаржы ұйымы ретінде тіркелген заңды тұлға МҚҰ туралы заңның 15-бабының 2-тармағында көзделген шараларды қабылдайды. Ұлттық Банк Басқармасының жоғарыда аталған қаулылары пруденциялық нормативтерді және МҚҰ-ның сақтауы міндетті өзге де нормативтер мен лимиттерді, берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (бұдан әрі – ЖТСМ) шекті мөлшерін белгілейді, берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді жіктеуді жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын, қаржылық және реттеушілік есептіліктерді, ЖТСМ есебін беру, бухгалтерлік есепті жүргізуге қойылатын талаптарға сәйкес келу, сондай-ақ оны автоматтандыру тәртібін реттейді.

МҚҰ пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормативтер мен лимиттерді бұзған жағдайда, ұйымның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздіктері анықталған кезде уәкілетті орган МҚҰ туралы заңның 28-бабында белгіленген ықпал ету шараларын қолданады.

Қазақстан Республикасының микро­қаржы ұйымдары туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 168-1-бабында айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Микроқаржы ұйымына қатысты санкциялар түрінде МҚҰ туралы заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген негіздемелер бойынша тізілімнен алып тастау көзделген.

МҚҰ-ны бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңының 11-тарауында реттелген. Атап айтқанда, микроқаржы ұйымдарын тексеру түрлері, оны жоспарлау және өткізу тәртібі реттелген.

Айнаш СЕРІКБАЕВА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Бақылау

және қадағалау методологиясы департаментінің

бас маман-экономисі.