16 Мамыр, 2013

Қашанғы өгейдің күйін кешеді?

315 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қашанғы өгейдің күйін кешеді?

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 2:53

Бүгінде Қазақстанда 188 мыңға жуық фермерлік шаруашылықтар жұмыс істейді. Былтыр олар өз тұтынушыларына 12514 мың тонна дәнді дақыл, 2126 мың тонна картоп өнімдерін ұсынған. Бұған жеке меншік үй шаруашылығынан басқа малдың 70-80 пайызы оларға тиесілі екенін ескерсек, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде, саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті өркендету өзекті міндет болып қала беретіні анық.

 

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 2:53

Бүгінде Қазақстанда 188 мыңға жуық фермерлік шаруашылықтар жұмыс істейді. Былтыр олар өз тұтынушыларына 12514 мың тонна дәнді дақыл, 2126 мың тонна картоп өнімдерін ұсынған. Бұған жеке меншік үй шаруашылығынан басқа малдың 70-80 пайызы оларға тиесілі екенін ескерсек, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде, саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті өркендету өзекті міндет болып қала беретіні анық.

Алайда, бұл салада әлі күнге дейін шешімін таппаған түйткілді мәселелер жетерлік. Ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосуды алғы мақсат санағанымен, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің бұл ойы үлкен қиындықтармен жүзеге асып келе жатқаны жасырын емес. Оны Қызылжар өңірі фермерлерінің басқосуы анық аңғартты. Фер­мер­лер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Әуезхан Даринов ауылдықтардың тірегі – ел фермерлерінің көкейкесті проб­лемаларымен жақсы таныс бол­ғанымен, нақты іске келгенде қауқарсыз болып шықты. Ол түсінікті де. Өйткені, келелі жиында бірқатар мәселелердің үкіметтік деңгейде шешілу қажеттігі анық аңғарылды. Сараптамалық талдау материалдары көрсеткендей, өткен жылғы құрғақшылықтан үлкен жапа шеккендердің бірі– ұсақ шаруашылықтар. 1,5 миллион гектар астықтың күйіп кетуіне байланысты тұқым жетіспеушілігі ерекше алаңдатады. Сол сияқты, әлі күнге дейін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жайы да түбегейлі шешілмей келеді. Соның салдарынан көктемгі-күзгі дала жұмыстары кезінде қолбайлаулар туып жатады. Оның орнықтылығын реттей қоятындай айналым қаржы тапшылығынан қолжетімді бағадан қағылатын жайттар да жиі ұшырайды. Фермерлердің ендігі бір алаңдаушылығы демеуқаржылық қолдауға қатысты көп айтылды. Сол себепті ірі агроқұрылымдарға бірден 4,5 миллиард теңгені ұстата салмай, 500 миллион теңгеден асырмау­ды, қаражаттың барынша тең, әділ бөлінуін жақтады. Ірі көлемді егістік жерлері бар алпауыт холдингтер мен инвесторларға барынша жомарттық көрсетілуі, шаруа-фермерлердің кейінге ысырылып қала беруі түсініксіз. Алайда, ауыл шаруашылығының дамуы үшін барлық құрылымдарға тең жағдай жасау тиістілігі қанша айтылса да, деректер соңғы 10 жылда Үкімет тарапынан бөлінген қаражат фермерлердің пайдасына шешіліп отырмағанын көрсетіп берді. Ілуде біреудің қолы жетсе, соған мәз. Демеуқаржы мен жеңілдетілген несие түріндегі қолдау шаралары облыс әкімдігі мен Фермерлер одағы филиалы арасында меморандум түрінде көрініс тапқанымен, қарастырылатын қаржы, теңіздің тамшысындай ғана.

«Мүйіз сұраймын деп жүріп са­қалдан айырылыпты» демекші, Қаржы министрлігінің салық жүйе­сіне енгізгелі отырған өзге­ріс­тері де ауылдықтарды тығырыққа тіреп, жағдайын күрт қиындатып жіберуі әбден мүмкін. Әңгіме бұрынғы бірыңғай жер салығының орнына салықтың әртараптандырылған екі түрінің, атап айтқанда, жер салығы мен өндірістен тапқан табысынан салық алу төңірегінде болып отыр. Фермерлерді тоқсан сайын декларация тапсырып, күнделікті толыққанды есеп-қисап жүргізу машақатынан гөрі, салықтық өзге­ріс­тер қолдау тапқан жағдайдан кейінгі ахуал қатты алаңдататыны білініп тұрды. Сол себепті шаруа және фермерлік шаруашылықтар үшін өндіріс қалдықтары мен шығын­дарына салынатын эко­ло­гия­лық салықты қосып, бұрынғы бірыңғай жер салығын қалдыру ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. М.Жұмабаев ауданы «Куломзино» шаруа қожалығының жетекшісі Николай Сафонов фермерлердің есеп-қисаппен айналысып жү­ре­тін уақыты жоқ, нақты іспен шұ­ғыл­дануы тиіс. Әуре-сарсаңға түсір­мей-ақ бірыңғай жер салығын қалдырған жөн десе, Аққайың ауданы «Полтавка» ЖШС директоры Елтай Зікірин әріптесінің ойын қостап, ір компаниялардан шығып, өздеріне қосылғысы келетін үлескерлердің жер телімдерін алу мың бір машақат екенін қынжыла айтады. Мамлют ауданы «Аметист» шаруа қожалығының басшысы Талғат Әлжанов «Сыбаға» мал шаруашылығын дамыту бағ­дарламасының бастапқыда жақсы өріс алғанымен, кейін саябыр тар­тып бара жатқанына өкініш біл­діреді. Ол жеңілдетілген несиеге 400 бас ірі қара малын ал­ған. Судың қиындығын біраз көрсе де, шешілгенге ұқсайды. Өсіріп отыр­ғаны асыл тұқымды репродуктор мал болғандықтан, өзгелерге сатуы тиіс. Оны сатып алушы табылмаса, несиені уақытылы қайтара алмай қаламын ба деген күдігі бекер емес. Қазір шаруашылықтар жаппай мал бағуға көшті. Сондықтан тиісті ведомостволар мал төлдері мен өнімдерін өткізуде сұраныс пен ұсыныстың теңгермелігін ертерек ойластыруы қажет. Өйткені, майда фермерлердің сатып алу қауқары төмен. Ауыл шаруашылығының ардагері Серікбай Елемесовтың «Жер жарғылық немесе кепілдік қор болмауға тиіс. Ол – бөлінбейтін қор, ел ырыздығы» деген сөзі де ойландырмай қоймайды. Ол инвесторлардың жерді барынша қарпып қалып, оның шын иелері – үлескерлерді күйзелтіп отырғаны жөнінде нақты мысалдар келтірді. Мәселен, Шал ақын ауданы Социал ауылының тұрғындары осындай келеңсіз жайтты бастарынан өткерген. Иесіз жатқан жер телімдерін ұсақ шаруашылықтар игерейін десе, бергісі жоқ. Соның салдарынан жерлері қолдан қол­ға өткен ауылдықтар үлесінде еш­теңе қалмады деуге болады. Тіп­ті, Алматы, Астанада тұрып, бір тиын инвестиция салмас­тан жұмыртқадан жүн қырқуды көз­дейтін жер қожайындары жоқ емес. Бұдан кейін жалғыз асыраушымыз – Жер-ана тозбағанда қайтеді? Ауылдарды тарап кетуден құтқарудың бірден-бір жолы– фермерлік қожалықтарды нығайту. Олардың өгейдің күнін кешіп отырғаны мынау. Қордаланып қалған шетін мәселелерді айта бастасақ, ірілендіру жайын көл­денең тосады. Бұған дейін де бірік­тіруден ұтылмасақ, ұтқан жоқ­пыз. Қайта талайларымызды күштеп, еріксіз қосу салдарынан жер телімдерімізден айырылып, бұрынғы күнімізге зар болып қалдық, дейді ендігі үмітін Үкі­мет­тен күткен фермерлер.

Қалай десек те, басқару­шы­лық тәжірибелері мол, ауыл­ша­руа­шылық ісінде әбден ысылған, жер өңдеу мәдениетін, жаңа ғылыми, технологиялық жетістіктерді игерген, ауылдың бірден-бір асырау­шысы, сақтаушысы саналатын шаруа қожалықтарына жан-жақты қолдау қажет-ақ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Тоқтар ЗІКІРИН,

журналист.

Солтүстік Қазақстан облысы.