Қоғам • 24 Шілде, 2019

Бақытжан Әбдірайым: Шындық бар жерде сенім бар

693 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жан-жақты саралаумен бірге оны оңтайлы шешу және билік пен қоғам арасында өзара тиімді байланыс болуы үшін Ұлттық қоғамдық сенім комиссиясын құруға уәде берген еді. Сол сөзінде тұрды. Twitter-дегі парақшасында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық кеңес мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері елімізді жаңғырту ісіне елеулі үлес қосады деп сенемін. Бұл – өте маңызды міндет» деп жазды.

Бақытжан Әбдірайым: Шындық бар жерде сенім бар

Егемен елімізді одан әрі өр­кен­дету мен халықтың тұр­мыс деңгейін жақсарту, қоғамның да­муына кедергі келтіріп отыр­ған кесел – сы­байлас жем­қор­лықты жою, көкейкесті әлеу­­мет­тік-экономикалық және еңбек қатынастарына бай­ла­ныс­ты мәселелерді ше­шу бағытындағы игі істер мен маңызды міндеттерден кә­сіп­од­ақ та тысқары қалмайды. Екі миллионнан астам мүшесі бар қоғамдық ұйым елімізді жаң­ғыр­ту бағытындағы ауқымды жұ­мыстардың бел ортасында болатыны сөзсіз.

Кәсіподақ – азаматтық қо­ғам­­ның негізгі тірегінің бірі. Сондықтан біз таяу уа­қыт­та ат­қарылатын ауқымды жұ­мыс­­тардың ойдағыдай жүзе­ге асуы жолында күш-жіге­рімізді сарқа жұмсауға тиістіміз. Кә­сіп­одақ жұ­мыс­шылардың мүд­де­сі мен құқын қорғайтын ұйым болғандықтан, жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей және тығыз байланыста, диалог түрінде жұмыс істеуді жалғастыра береміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің ке­ңей­­тілген мәжі­лі­сінде де осы мә­­селені – билік пен қоғам ара­­сындағы диалогты дамыту қа­жет­тігін баса айтты. Жаңадан құ­­рыл­ған комиссияның да бас­ты мақсаты осы. Билік тар­мақ­­тары елмен етене байла­ныс­­та болуы тиіс. Сонда ғана халықтың жағдайы мен тұр­мыс-тіршілігін, әлеуметтік мәсе­лелерін жан-жақты білуге мүм­кіндік болады. Ештеңені жасырып-жабудың қажеті жоқ. Ашықтық қажет. Шындық бар жерде сенім бар. Халық өздері көтерген мәселелерді биліктің ескерусіз қалдырмайтынына шүбәсіз сенімде болуы керек.

Әлеу­мет­­тік-еңбек қа­ты­нас­тарына байланыс­ты мәсе­ле­­лер­ді оңтайлы ше­шу­­дің бірден-бір жолы – әлеу­мет­тік әріптестік. Оған кейінгі жылдары нақты көз жетті. Бұл – жұмыс берушілер, жұмысшылар мен мемлекеттік орган­дар арасындағы еңбек және әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша мүд­де­лер­ді келістіруді қамта­ма­сыз етуге бағытталған өзара тиімді қарым-қатынас жүйесі. Осындай үшжақты комиссия республикалық, салалық және аумақтық деңгейде бар. Респуб­ликалық үшжақты комис­сияның құрамына Қа­зақ­стан Республикасының Үкі­­меті, Кәсіподақтар федера­ция­сы және «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы енген. Ал салалық үшжақты комис­сия­ның құрамында тиісті министр­лік, салалық кәсіподақ, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы бар. Ал аумақтық комиссия әкім­дік, аумақтық кәсіподақ, жер­гі­лікті кәсіпкерлер палатасы арасындағы әлеуметтік әріп­тес­тікті қалыптастырып отыр. Сон­дықтан осы бағыттағы жұ­мыс­тарды одан әрі жандандыру – біздің басты мақсатымыз.


Бақытжан Әбдірайым,

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы