Руханият • 25 Шілде, 2019

Көркем шығарма оқудың пайдасы қандай?

12975 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өнердің ішіндегі ең бір қастерлісі – көркем әдебиет. Бала күнімізден-ақ «көп оқу керек» дегенді құлағымызға құйып өсірді. Әдеби шығарма адамның бүкіл ойы мен қиялын баурап, биік қоғамдық идеяларға, арман-мұраттарға жетелейді деп жатамыз. Бірақ заманауи кейінгі зерттеулер мұны қаншалықты растайды? Құндылықтар алмасқан дәуірдегі ескірген сенім емес пе? Көркем әдебиет оқудың адамға пайдасы қандай?

Көркем шығарма оқудың пайдасы қандай?

Қазақстанда орта есеппен елдегі ірі дүкен санатындағы Меломан/Marwin желісі арқылы күн сайын 6 мың кітап сатылады. Кітапқа құмар қалалардың көшін Алматы бастаса, одан кейінгі орынды Нұр-Сұлтан қаласы еншілейді. Қалған көрсеткіш Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе болып жалғасады. Дүкеннің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқырмандарды көбіне қызықтыратыны заманауи әде­биет пен классикалық шығар­малар қатары. «Жылдан жылға қазақстандық әдебиет сатылымы сатылап өсуде. Биыл 2018 жылмен салыстырғанда қазақстандық әдебиет айналымы 2 есеге, саты­лымдағы үлесі 3%-дан 10%-ға дейін артты. Қазақ тілінде өзін-өзі дамыту, бизнес саласындағы әде­­биеттер өте танымал. Ал кла­ссикалық шығармалар мен ба­лалар әдебиеті тұрақты сұра­ныс­қа ие», дейді олар. Көріп отырғанымыздай, ойын-сауық түр­лерінің көптігіне қарамастан, оқыр­мандар әлі де болса оқудан қол үзген жоқ.

Түбі бір шындықты өзек ет­кен көркем шығарма адам кө­ңіл күйінде сан алуан құбылыс туғызып, өмірге деген көзқарас қалыптастырады. Тілдік талғам аясында тіл білімінің теориясы мен практикасын ұштастырады. Әйткенмен осы көркем әдебиет бүгінгі заманның талап-тілектері тұрғысынан бізге қаншалықты ықпал ете алады?

Сая Бақимова – психология заңдылықтары мен меха­низмдерін зерттеп жүрген қазақ­стандық жас маман. Көркем әде­биет оқудың артықшылығы тура­сында психоаналитиктің пікіріне жүгініп көрген едік, жеке іс-тәжірибесінен мысал келтірген маман «көркем шы­ғар­маны көп оқу эмоциялық интеллекті дамытуға септігін тигізеді» деп біледі. «Психолог ретінде айтарым – көркем әдебиетті оқитын адамдармен жұмыс істеу мүлдем әдебиет оқы­­майтын адаммен жұмыс істе­геннен басқаша. Жақсы да, жаман да емес, бас­қаша. Мы­салы, эмоциялық ин­тел­лектіні да­мытудың бір жолы – се­зінетін эмоцияларды жақсы тану, атын атай алу. Яғни, бізде болатын эмоциялардың барынша палитрасын беру үшін бізге сәйкесінше сондай бай сөздік қор керек. Ал оны қалай дамытуға болады? Оның маңызды бөлігі – көркем әдебиет. Эмоциялық интеллектті дамытудан басқа рөлі жайлы өзім сүйенетін психоанализ теориясынан айтсам, бұл жерде клиенттің еркін ассоциациясы маңызды», деген психолог образды ойлай білетін адам мазмұнға бай, мағына жағынан бірнеше деңгейден тұратын терең ассоциацияларды көбірек ұсына алатынын айтады. Әйткенмен, көркем әдебиет те бар дерттің дауасы емес.  Кейде адам шынайы өмірден қашу үшін қиялдан шығарылған өмірге ұмтылуы мүмкін. Психологтың сөзінше, шынайы өмірдегі белгілі бір эмоциялардан қашу да көркем әдебиет пен фильмдерге шектен тыс тәуелділік туғызуы мүмкін деген мәселенің тағы бір ұшығын шығарды.

Заман шындығын сөз еткен, автобиографиялық немесе мемуарлық ыңғайдағы бел­ле­тристика сипатындағы шығар­малардың оқырмандарды бірден баурап алатыны рас. Мұны не­гізсіз айтыла салған жа­лаң пікір деп ойламаңыз, әлемдегі ең ірі баспа санатындағы Оксфорд уни­верситетінің баспасынан шы­ғатын әлеуметтік нейробио­логия бағытындағы ғылыми жур­налға (Social Cognitive and Affective Neuroscience) жария­ланған зерттеу мақалада осы мәселе ту етіп көтерілген. Атал­ған зерт­теу еңбегінде көркем әде­­биет­ті оқудың адамдардың әлеу­меттік-танымдық қабілетін жақсартатыны, атап айтқанда қайырымдылыққа, азаматтық белсенділікке қатысу ниетінен бастап ғасырлар бойы бүкіл әлемдегі зорлық-зомбылық деңгейінің біртіндеп төмендеуіне дейін әсер ететіндігі жазылған. Жекелеген адам тағдыры арқылы көрінетін қайшылығы мол қиын жағдайлар оқырманды уақиға желісіне тереңдетіп, өз бетінше шешім іздеуге итермелейді. «Әдебиет – өмірді таныту, тәлім-тәрбие берудің негізгі нысанасы» деген пікірді алғаш ұсынған Арис­тотель трагедиялық кейіп­керлер оқырман бойында аяныш пен үрей тудыратынын айтады.

Ал Торонто университетінің қолданбалы психология жә­не жеке тұлғаны дамыту ка­фе­­драсының профессоры Кит Оутли көркем әдебиетті «сана­ның пилотажды жаттығуы» деп атайды. Яғни, ұшқыштардың жерден алысқа бармай-ақ әуе лайнерін басқаруды үйренгені сынды, көркем әдебиетті жиі оқитындар да өз бетінше әлеу­мет­тік дағдыларын жақсарта алса керек. Ғалымның зерттеуінше, әдеби персонажбен өзімізді ұқ­састырып, арман-мақсат жолында оп-оңай мүдделес жандарға айналып кетеміз. Кітап кейіпкеріне қауіп төнген сәтте жүрек соғысы жиілеп, уайымнан шаршауымыз да бек мүмкін. Дегенмен үрейге булыққан Раскольниковпен (Ф.М. Достоевский, «Қылмыс пен жаза») бірге қашып-пыс­қа­нымызбен, романның бетін жапқанымызда-ақ сол күңгірт оқиғаның шуы бізден жырақтап сала беріп, жан-дүниеміз тыныштанады емес пе? Осындағы сюжеттің ізін қуып түсініп отыру үшін, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас пен бір-біріне деген ой, жоспарларын білуіміз қажет. Бұл үшін психикалық жағдайды модельдеу, таным формасы қабілетіне ие болу керек деп түсіндіреді психологтар. Осыдан барып кейіпкер басындағы ой айқын ажыратылып, оқырман миында осы іс-әрекетке жауап беретін қызметтер іске қосылады.

Ал енді негізгі сауалымызға қайта оралайық, көркем әдебиет оқитындардың негізінен дерек­ті немесе ғылыми әдебиет оқи­тындарға немесе мүлдем кітап бетін ашпайтындарға қарағанда ең жақсы әлеуметтік дағдыларға ие екенін дәлелдеуге бола ма? Бұл ретте Оутли іске асырған эксперимент шығарманың ой-санаға күшті ықпал ететінін көрсетіп берді. Ол студенттерге көркем және көркем емес әдебиет авторларының тізімін таратып, арасынан білетіндерін белгілеп қоюды өтінді. Олардың алдамайтынын тексеру үшін тізімге жалған есімдер де қосылды. Автор­ларды қаншалықты көп білсе, соншалықты көп оқыған­дығының көрсеткіші болмақ. Содан кейін Оутли топтағы қатысушыларға фотографияларды көрсету ар­қылы Mind in the Eyes тестін өткізді (көру арқылы психикалық жағдайды оқу). Оларға суреттегі адамның жай-күйі, бет әлпетіне қарап оның көңіл-күйін айтып беру міндеттелді. Бір қарағанда фото­­суреттен әлденені аңға­ра қою қиын, сондықтан адам­ның жағдайын анықтау қаты­сушыларға оңайға түсе қоймады. Белгілі бол­ғандай, тәжірибе нәтижесінде көркем әдебиетпен көп шұғыл­данғандар қырағылық танытып, тұлғааралық қабылдау шкаласы бойынша жоғарғы көрсеткішке ие болған. Әрине, көркем әдебиет төңірегіндегі кейінгі зерттеулер мұнымен ғана шектелмесі анық. Мәселен, әлеуметтік неврология бойынша Принстон зертханасының психологы Диана Тамирдің зерттеуінше, беллетрис­тиканы жиі оқитын адамдардың әлеуметтік интеллектісі, яғни өзінің және өзгелердің мінез-құлқын адекватты түсіну, баға­лау қабілеті жоғары болып шыққан. Басқаша айтқанда, өзгенің қуа­нышы мен сүйінішін жақсы сезініп, шынайы түсіне алады. Оның айтуынша, миды сканерден өткізгенде өзгелердің не ойлайтыны туралы толғанған кезде пайда болатын белсенділік көркем әдебиет оқыған кезде мидың тура сол тұсында байқалған. Хош, кітап оқитындар өзгелердің эмоциясын жақсы түсінді делік, бұдан келіп кетері бар ма деуіңіз заңды. Ғалымдар мұны тексеру үшін психологиядағы ең танымал әрі оңай әдісті қолданды. Тәжірибені бастамас бұрын қатысушылар эмпатия деңгейін тексеретін сауалдаманы толтырды. Бұдан соң, қысқа әңгімелерді оқып, шығарма әсері туралы, ондағы бас кейіпкер жайында, сондай-ақ сюжеттің жалғасын қаншалықты білгісі келеді деген сыңайдағы сұрақтарға жауап берді. Осы тұста аяқ астынан жерге алты қалам түсіп кетеді. Тәжірибе көр­сеткендей, әңгіменің әсеріне жақсы қаныққан оқырман жердегі қаламды бірінші болып көтеруге ұмтылған. Зерттеу жұмысының автор­лары, тәжірибеге қатысу­шылардың арасындағы көркем шығармаға барынша ден қойған оқушының басқаларға риясыз қызмет көрсетуге дайындығы байқалғанын айтады. Иә, тәжіри­бенің аты тәжірибе, ал өмірде мүлдем басқаша болуы да әбден мүмкін. Біздің сезіміміз бен әрекетімізге, өзгелерге деген жана­шырлығымызды жаңалық репортаждары да оята алады. Бірақ көркем әдебиет оқырманды кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлай алатын артықшылыққа ие етеді. Әдебиеттің сөз өнері ғана емес, парасат пен нәзік сезімталдыққа бастар жол екенін ұғынған әлемдегі жекелеген кейбір оқу орындары өздерінің бағдарламаларына гуманитарлық модульдерді енгізіп жатыр. Мысалы, Ирвайн қаласындағы Калифорния университетінің отбасылық медицина факультеті «көркем әдебиет оқу үздік дәрігер болуға көмектеседі» деп санап, болашақ дәрігерлерге арналған гуманитарлық бағдарлама әзірлеп шығарды.

Осы орайда сыршыл суреткер Әуезовтің «Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу», деген сөзі ойға оралады. Қа­лай болған күнде де көркем әдеби шығарманың қоғамдық, тәрбиелік маңыздылығымен белгілі бір деңгейде эстетикалық сезімімізге әсер ете алатындығы турасындағы зерттеулер мен маман­дар пікірі бір арнаға тоғысып отыр. Демек, әдебиеттің құдіретін, әлеуметтік мәнін күллі қоғамды өзгертушілік күшін осы тұрғыдан тану шарт. Әдебиет ескірмейді!