Қызылордада қарқынды жұмыс жүріп жатыр
Бейсенбі, 23 мамыр 2013 1:50
Ақмешіттің көшесінде кептелек пайда болды. Бұрын зулап жататын көліктер тұрып қалып, бұған дейін мұндайды көрмеген жүргізушілер күйгелектеніп, абыр-сабыр болып жатыр. Мұның себебі неде? Бір күнде көлік көбейіп кетті ме? Жоқ. Енді ше? Қызылордада жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қаладағы жолдарды жөндеудің алғашқы кезеңінің өзіне 43 көше кіріп отыр. Аз емес, әрине. Ал осы жұмысқа бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген.
Бейсенбі, 23 мамыр 2013 1:50
Ақмешіттің көшесінде кептелек пайда болды. Бұрын зулап жататын көліктер тұрып қалып, бұған дейін мұндайды көрмеген жүргізушілер күйгелектеніп, абыр-сабыр болып жатыр. Мұның себебі неде? Бір күнде көлік көбейіп кетті ме? Жоқ. Енді ше? Қызылордада жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қаладағы жолдарды жөндеудің алғашқы кезеңінің өзіне 43 көше кіріп отыр. Аз емес, әрине. Ал осы жұмысқа бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген.
Мына деректі оқыған адамның бірден «Қызылорданың көшелері қырық жамау болған екен. Бұрынғы әкім не істеген?» деп ойлауы бек мүмкін. Мәселенің олай емес екеніне біз куәлік бере аламыз. Қаланы бұған дейін басқарған Мархабат Жайымбетовтің кезінде аяғыңды тығып алатын шұңқыр жолдар жөнделіп, Ақмешіттің ажары кірген. Оны әрбір қызылордалық біледі. Шаһарға жаңадан тағайындалған әкім Нұрлыбек Нәлібаев қаланың шет аймақтарындағы көшелерді жөндеуден бастады жұмысын. Бұрын қатынау қиын соғатын шеткері жатқан аймақтардың қаламен байланысы осылайша жақсармақ. Оның ішінде Титов қыстағы, КБИ шағын ауданы, Тасбөгет кентінің жолдары, Әл-Фараби ауданының көшелері бар. Әсіресе, барсаң батпақтап қалатын Әл-Фараби шағын ауданы тұрғындарының көзі ашылатын болды. Сонымен қатар, қаладағы кейбір орталық көшелер де жөндеу көреді. Жалпы, Қызылорданы бір көше белінен кесіп өтіп жатыр. Ол Жібек жолы болып басталып, одан Абай көшесіне жалғасып, Ахмет Байтұрсынұлымен аяқталады. Бүгінде осының Жібек жолы бөлігіне күрделі жөндеу басталып кетті. Сондықтан онда уақытша көлік жүру тоқтатылып, жүргізушілер айналма жолмен өтуде. Осы жерде ғой кептелектің пайда болып жатқаны.
Жол дегеннің өзі мәңгілік емес қой. Кетеуі кететін кездері болады. Сондай мұрты бұзылған көшелердің де тесігі жамалмақ биыл. Қала әкімдігі тамызға дейін негізгі жолдардың жөндеуі аяқталады деп отыр. Осылайша, қызылордалықтар тақтайдай тегіс жолда жүреді. Ал қазіргі кептеліс, уақытша ғана.
Сырдың бойындағы сырбаз қаланың тіршілігі туралы сөз бастадық қой. Соны жалғай түсейік. Биыл Қызылордада қандай жаңалықтар болмақ?
Осы жылы қалада 790 пәтер пайдалануға беріледі. Мәселен, құрылысы былтырғы жылдың соңына қарай басталған Амангелді және Сұлтан Бейбарыс көшелерінің бойында салынып жатқан тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, 7 жалдайтын, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 3, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 3, ипотекалық 5 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бәрінің басын қоссаңыз, 18 тұрғын үй екен. Ал биыл 270 отбасы баспаналы болады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленген «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша осы мүмкіндікке ие болып отыр.
Жайма базар Қазақстанның қай қиырынан да табылатын шығар. 90-жылдардың басындағы дүрбелеңде пайда болған осы бір күнкөріс көзі әлі күнге дейін өмір салтымыздан шыққан жоқ. Заман дамып жатса да жабайы саудадан арыла алмай келеміз. Қызылордада халық көп баратын базарлар ретінде – «Асбол»және «Сыбаға» сауда орындарын атауға болатын шығар. Тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызды орын алатын аталмыш сауда орындарында, өкінішке қарай тауарлардың көпшілігі бей-берекет әрі ашық аспан астында сатылуда. Үкіметтің жайма базарды жабық базарға алмастыру туралы тапсырмасы бар. Осыны басшылыққа алған қала әкімдігі тұтынушыға қажетті тауардың барлық түрін табуға болатын «Атамекен» сынды сауда орталығын үлгі ретінде атап, осындай орталықтар санын арттыруға ниетті кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
Жайма базардың айналасында көлік кептелектері де көп орын алады. Онсыз да тар көшеде машина жүре алмай қалады. Сондай-ақ, сатушылардың айналаны таза ұстамайтыны да жасырын емес. Экологиялық талаптардың сақталмауынан түрлі иіс шығып, айналадағы тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Осындай жағдаяттарды ескерген Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына бей-берекет орналасқан сауда нысандарына толық талдау жұмыстарын жүргізіп, тәртіпке келтіруге қатысты нақты ұсыныстар беруді, сондай-ақ, сауда орталықтарының басшыларына жақын күндері өз автотұрақтарын салдыртуды қатаң тапсырды.
Жыл басынан бері қалада жұмыс іздеуші ретінде 1465 (16-29 жас арасындағы) жас тіркелген екен. Бүгінде осы жастардың 515-і тұрақты жұмысқа орналасса, 311 жас қоғамдық жұмыстарға тартылды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 168 жас әлеуметтік жұмыс орындарында, 158 адам жастар тәжірибесі бойынша жұмыс жасауда. Жалпы жыл соңына дейін әлі де 162 жасты жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында уақытша жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қаланың индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етуде нарықтағы сұранысқа ие кәсіби мамандықтар бойынша тұрғындарды оқыту және қайта даярлау жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, жыл басынан бері 73 жас қайта даярлау курстарына жолданып, еңбек нарығында сұранысқа ие болған 17 мамандық түрі бойынша оқып жатыр. Мұнымен қоса, қалада жұмысқа тартудың белсенді түрлерінің бірі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тоқсан сайын ұйымдастырылуда. Өткізілген жәрмеңкелердің нәтижесінде 39 адам тұрақты жұмыс тапты.
Жастарды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, ауылдық елді мекендерге білікті мамандарды тартуда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қосып отырған үлесі ерекше. Биыл бағдарлама аясында 4,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 16 жас маман жұмыспен қамтылады деген жоспар бар.
Жыл өткен сайын жастардың қоғамдағы орны нығайып, азаматтық белсенділігі артып келеді. Ерекше атап өтетін жайт, жастардың қоғамдық маңызды шараларда бастама көтеріп, белсенділік көрсетуі. Мәселен, қала тазалығын қолға алғанда жастардан құрылған «Тазалық сақшылары» насихаттық жұмыстарға көмекші болса, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында қарттарымызға көмек көрсетіліп, көңіл бөлінді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қаладағы жастар ұйымдарының саны 5-тен аспайтын болса, қазіргі таңда олардың саны 40-тан асты және бұл мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі де бірнеше есеге ұлғайып отыр.
Айталық, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға өткен жылы 4,9 миллион теңге бөлінген болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 2,5 есеге артып, 12,7 миллион теңгені құрап отыр.
Қалада жастарды қолдау мен көмек көрсету бағытында 8 әлеуметтік маңызды жоба аясында жұмыстар атқарылуда. Олар: жастар саясатын жүзеге асыру аясында «Эрудит» жас көшбасшылар мектебінің қызметін ұйымдастыру; қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында «Студент көктемі-2012» өнер фестивалін ұйымдастыру; жастар апталығын және «Сыр жастары – жасампаздық жаршысы» атты дәстүрлі жастар форумын өткізу; жастар сыйлығына байқау ұйымдастыру; жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шараларды ұйымдастыру; қала жастарына әлеуметтік-құқықтық кеңес беру қызмет жұмысын ұйымдастыру; жастарға арналған ресурстық орталық қызметін ұйымдастыру; қалада аула клубтарының қызметін ұйымдастыру.
Аула клубтары демекші, биыл қалада 5 аула клубы өз жұмысын бастайды. Қызылорда қаласында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы ерекше жобалардың бірі ретінде мамыр айының соңына дейін ашылатын жастарға арналған ресурстық орталықты айтуға болады. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 4,3 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ресурстық орталық қаладағы жастарға жоғары білікті психологтар мен заңгерлер тарапынан тегін кеңестер мен көмектер берілуін және түрлі бағытта іс-шаралар өткізілуін қамтамасыз етеді. Жастардың кез келген мәселелер бойынша ақпарат алуына мүмкіндік жасалатын болады. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қалада аула клубтарының жұмыстары жандандырылуда. Осы орайда, шет аймақтар: Титов қыстағы, Тасбөгет кенті, «Шұғыла», «Ақмешіт», «Мерей» шағын аудандарында жаңадан 5 аула клубын ашу жоспарлануда. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 3,2 миллион теңге қаржы қарастырылды.
Мұнан өзге, қаладағы мәдениет үйлері мен клубтар жанында 54 үйірме жұмыс жасайды. Бұл жерде 600-ге жуық жас түрлі оқу үйірмелеріне қатысып, шығармашылықтарын шыңдауда.
Сонымен қатар, 1 наурыздан бастап, қаладағы, ауылдық округтердегі мектептерде жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағыт-бағдар беру, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен суицидиалды мінез құлықтың алдын алу мақсатында кездесулер ұйымдастырылуда. Мұнан бөлек, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шараларды ұйымдастыру мақсатында қаладағы мектептерде және көп қабатты тұрғын үй аулаларында «Мен спортты таңдаймын!» атты спорттық-эстафеталық жарыстар ұйымдастырыла бастады. Осы арада айта кету керек, қазіргі кезде облыс орталығында 463 спорт нысаны жастарға қызмет көрсетуде. Нәтижесінде биылғы жылдың І тоқсанында 37 спорттық шара ұйымдастырылып, 37161 жас бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндік алды.
Сонымен біткен іс, қолға алынатын шаруа, алда атқарылатын тірлік аз емес. Мұның барлығы ел игілігі үшін жасалып жатқаны әмбеге аян. Бастысы, басталған жұмыстардың орта жолда тұрып қалмай, оң нәтижемен аяқталғаны.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.