Тарих • 26 Шілде, 2019

Осы жұрт «Жас қазақты» біле ме екен?

1753 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеңестік кезеңнің өзінде жекелеген азаматтар қазақ халқының мүддесі үшін саяси-ағартушылық бағытта бейресми ұйымдар құрды. Соның бірі – 1961 жылы Қарағанды қаласында құрылған «Жас қазақ» ұйымы.

Осы жұрт «Жас қазақты» біле ме екен?

Аталмыш ұйымға қатысты 1964 жылы 8 мамырда Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтында комсомол активтерінің қатысуымен жабық жиналыс өтеді. Жиналысты төраға ретінде В. Мельник басқарып, В.Гудзик, В. Токарь, С. Власюк, Л. Журба т.б. хатшылық міндет жүктеліпті.

Күн тәртібіне, ұлтшылдық бағыт ұстаған «Жас қазақ» ұйымын құрушылар: Омарбеков Мақсым, Сауғабаев Кәрім, Әдикәримов Совет, Спаин Аманжолдың мә­се­лесі талқыланыпты. Жиында сөз алған Қарағанды қалалық комсомол комитеттің хатшысы М. Достемесов: «Бұл шын мәнінде жағымсыз оқиға. Егер мұндайға жеке басқа табыну кезінде жол берілсе, онда бұл адамдармен сөйлесіп, жиналыс жасап жатпай-ақ, бірден түрмеге жіберер еді. Омарбеков 7-8 сыныптарда оқып жүрген кезінде-ақ ұлтшылдық сипатқа бой алдырған...» деп жас­тарды қаралай сөйлепті.

Осында аты аталған Мақсым Омарбеков 1957 жылы Қайнар ауылдық орта мектебінің 9-сыныбында оқып жүргенде, 57 оқушысының қолын қойдырып Қазақстанның Оқу министрлігіне петиция жазып, кейін мақсатын орындау үшін өз ауылында «Жас қазақ» ұйымын құрады. Бұл ұйым партия немесе қозғалыс болмағанымен, кеңестік биліктің жүргізіп отырған солақай саяса­тын әшкерелеуге ұмтылған жас­тар­дың көзсіз ерлігі екені шын­дық.

Осылай қазығы Қайнарда қағылып, томағасы Қарағандыда сыпырылған «Жас қазақ» ұйымы жайлы архивте: «...Бұл ұйым жетекшісі – Омарбеков. Бұлардың әрқайсысы осы әрекеттері бойынша жазалануы тиіс. Омарбеков «Социалистік Қазақстан» газетіне өзінің наразылығы туралы мақала жолдап, орта мектепте оқып жүр­генде Оқу министрлігіне де хат жазған. Ал келесі тұлға Сауғабаев болса, өзінің қабілетімен ерек­ше­ленбейді. Ол тілге шорқақ. Оны­мен қоймай жыр жазады. Мұндай ұлтшылдық идеямен өмір сүруге болмайды. Бұл адамдар ешқашан ақын-жазушы болмайды. Ақын-жазушы дегеніміз адал, идеалды коммунист болуы тиіс..» деп сипаттама берген екен сол тұста факультет деканы Қ.Жуасов мырза.

Бұдан біз «Жас қазақ» ұйымы­ның негізін Мақсым Омарбекұлы қаласа, оны қолдаушылар қа­тарын­да Кәрім Сауғабаев бастаған сту­дент жастар болғанын аңғара­мыз. Бұл жастар өздерінің мақсат-мүддесін әйгілеп Алматыдағы қазақтың атақты адамдары Мұх­тар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ер­мек Серкебаевтарға арнап «Со­циалистік Қазақстан» газетіне ашық хат жолдапты.

«Сол кездегі Қазақстандағы партияның бас газеті «Социалистік Қазақстанға» жолдаған бұл ашық хатымызда, біз ұлттық тіл мен дәстүр-салтымыздың тығырыққа тірелген ауыр тағдырына қатты алаңдаушылық білдіріп, егер бұл жағдай осылайша созыла берсе, ұлтымыздың болашағына қауіп төндіретінін еске салдық» дейді Мақсым Омарбеков.

Жас жігіттер мұнымен шектеліп қалмай «Жас қазақ» ұйымының идеясын тарату үшін үнпарақ әзірлейді. Осы оқиға жайлы Кәрім Сауғабаев: «Бұл 1961 жылдың 10 қазаны болатын. Біз табан аудармастан 10 күн бойы әрқайсымыз 200 листовка-үнпарақ жазып, 2 қараша күні таңертең сағат 6.00-де қаладағы барлық институттардың аудиторияларына, киім ілетін жерлерге таратуды қолға алдық. Менің үлесіме Ленин даңғылы бойындағы өзім оқитын оқу орны тиді. Институттың сыртқы есігі таңғы 5.00-де ашылады. Үй сыпырушылар сағат 9.00-ге дейін барлық қабаттың едендерін жуып шығады екен. Мен №1 листовканы қолыма ұстап тұрып «О, Жасаған ием, өз рухым үшін өмір бойы күресуге бармын» деген сөзді айтқанымда, көзімнен ыстық жас төгіліп тұрды. Бірінші листовканы оқытушы отыратын үстелдің үстіне қойдым. Қал­ған 9-ын Мақсым айтқан шен­құмарлар отыратын үстелге тас­тадым. Сөйтіп, бір сағаттың ішін­де 200 листовканы таратып, жатақ­ханаға қайттым» деген еді.

«Жас қазақ» ұйымының атынан таратылған үнпарақтардың жазылуына нендей оқиға себеп болғаны жайлы бізге Кәрім Сау­ғабаевтың жары Майра Ақашқызы айтып берді. «Сол тұста тың және тыңайған жерлерді игерумен бүкіл қазақтың жері жыртылып, мал шаруашылығына зор әсер етті, қазақ мектептері мен балабақшалары азайды. Осының бәрі халқын сүйген, жанымен түсінген Кәрім мен Мақсымдай азаматтарға әсер етті. Листовка таратуға сол заманның өзі итермеледі» деді Майра апай.

Расында, ол кезде адамдар өздерінің көлеңкесінен қорқатын қара бастың қамын ойлап жүрген заманда ұлт тағдырын ойлау дегеніміз соғыстағы ерлікпен пара-пар оқиға екені анық. «Жас қазақ» ұйымының мүшелері үнпарақтар таратудан басқа, жас­тарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу мақсатында Қарағанды қаласында: «Жас қалам» атты әдебиет және өнер бірлестігін құрған; Қазақ тілінде ай сайын «Болашаққа жол» атты газет шығарып тұрған; Мазмұнды-мәнді әдеби кештер өткізген; Институтта қазақ студенттерінің үйірмесін ұйымдастырған т.б.

Оның сыртында М. Омарбеков өзінің студенттік өмірден жазған «Мазасыз махаббат» атты екі бөлімнен тұратын пьесасын институт сахнасында қойған. Бұдан біз «Жас қазақ» ұйымы мүшелерінің қайраткерлік қыз­меттері қарағандылық студент-жастар арасында ұлттық ояну, патриоттық серпіліске алып келгенін көреміз. Бірақ бұл жас­тардың ұлтшылдық бағыттағы ісін басқалар аяқсыз қалдырмады. Оқуын бітіруге бірнеше ай қал­ғанда Мақсым мен Кәрім оқудан қуылды.

 

Әділет БАУЫРЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы
ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының аға оқытушысы,

Гүлден АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ,

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты