Құрдымға құлаған құрылыс
Сәрсенбі, 29 мамыр 2013 1:30
2009 жылы қазан айында басталған Екібастұздағы отын-энергетика саласына арналған техникалық және кәсіптік мамандар даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтың құрылысына республика бюджетінен 4,5 млрд. теңге бөлінді. Тапсырысты берген еліміздің Білім және ғылым министрлігі. Содан Екібастұздағы кешеннің құрылысы 17 айда бітеді, яғни 2010 жылдың соңында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Алайда, олай болмады. Екібастұздағы салынуға тиіс алып орталықтың құрылысы 2010 жылдың қыркүйегінде, 2011 жылдың сәуірінде де,
Сәрсенбі, 29 мамыр 2013 1:30
2009 жылы қазан айында басталған Екібастұздағы отын-энергетика саласына арналған техникалық және кәсіптік мамандар даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтың құрылысына республика бюджетінен 4,5 млрд. теңге бөлінді. Тапсырысты берген еліміздің Білім және ғылым министрлігі. Содан Екібастұздағы кешеннің құрылысы 17 айда бітеді, яғни 2010 жылдың соңында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Алайда, олай болмады. Екібастұздағы салынуға тиіс алып орталықтың құрылысы 2010 жылдың қыркүйегінде, 2011 жылдың сәуірінде де, 2013 жылдың қаңтарында да, одан кейін айтылған айында да пайдалануға берілмеді. Құрылысы жол ортада қалып, қаңтарылып әлі тұр. Ал бұл құрылыстың басына «қызықтап» келмеген адам жоқ. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Премьер-Министрдің бұрынғы орынбасары Қырымбек Көшербаев, Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев, облыс әкімі Ерлан Арын, т.б. барлығы да алып құрылыстағы қалыптасқан қиын жағдайды көріп, біліп отыр. Осылайша министрлер, әкімдер келеді-кетеді, бірақ әзірге шыққан нақты қорытынды болмай тұр. Екібастұздағы тұрғызылуға тиіс орталық 14 бөліктен, яғни 14 жеке ғимараттан тұрады. Әрқайсысы 240 орындық екі жатақхана, 100 орынды қонақ үй, спорт ғимараты, әкімшілік корпусы, 3 оқу ғимараты, 2 шеберханасы жобаланып, өндірісті қаладағы басқа да алып кәсіпорындар қатарына қосылмақшы еді. Амал не, құрылыс жұмыстары тоқтатылыпты. Қала шетінде орналасқан орталық құрылысын көруге келгенімізде Қабдынасыр Сабырбаев қарсы алды. Қазір бүкіл құрылыс басына жауапты үш-төрт күзетші және өкіл ретінде бір өзі қалыпты. Астанадан, облыс орталығынан келетін министрлік, әкімдік өкілдеріне кешенді аралатып көрсетіп шығады. Қолдан келер қайраң жоқ, әзірге атқарар бар жұмысы осы. Бұдан бұрын да келіп кеткен кезімізде кешен құрылысын аралатып көрсетіп шыққан еді. Осыдан бір жыл бұрын сапасыз, бақылаусыз салынып жатқан құрылыс барысын көріп, құрылыс маманы болмасақ та, жаман айтпай жақсы жоқ, аралап жүргенде апат орын алса қайтеміз деген көңілімізге қорқыныш ұялап, күдік келгені шындық. Енді, міне адам айтса нанғысыз, сол күдігіміз, күмәнді құрылыс барысы алдымыздан шықты. Сапасыз құрылыс. Көзге көрініп тұр. Басталды да тасталды деген осы. Кешендердің аралықтарын бір-бірімен қосатын галереяның бірінші қабаттағы төбелері майысып, еңкіш тартып, енді сәл болмаса құлайын деп тұрғандай. Қарадай зәрең кетеді. Кешендер ішіне бірнеше жерден темір тіреулер орнатыпты. Темір тіреулердің төменгі жағы жертөле, оның өзі төбедегі ауыр салмақты көтеріп тұра ала ма, алмай ма, белгісіз. Бұл – бір.
Екіншіден, алып нысанның монолитті негізгі қаңқасын тұрғызуда өрескел қателік жіберілгені анықталыпты. Қыс кезінде бетондық жұмыстарды жүргізу технологиясын сақтамаудың кесірінен монолитті тіреуіштерде, ғимараттың қасбетінде сызаттар пайда болған. Бұл жерде тиісті құрылыс материалдарының қалай пайдаланылғанына да таңғаласыз. Ең басты мәселе бұл жерде алып кешеннің құрылысы ойпаң, шұңқырлау жерден бой көтерді.
– Ал, биыл көктемде еріген қардың, жаңбырдың суы орталықтың бірінші қабатын алып, жертөлелердің ішіне түгел толып кетті. Бұл жағдайды тұрғындар да, жергілікті басшылар, «Нұр Отанның» жергілікті бақылау бөлімдері бәрі көрді, – деді бізбен әңгімесінде Қабдынәсір.
Көріп тұрғанымыздай орталықтың іші буланып кеткен. Дымқыл басқан. Демалу мүмкін емес. Сылауы түсіп, енді-енді кебе бастаған сарғайған қабырғаларына қарап-ақ, судың қаншалықты жерге дейін көтерілгені көрінеді.
– Суға батқан кемедей судың ішінде қалды ғой. Біздің тұрған үйлеріміздің айналасының бәрі қазылған, құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуы біздерге де қиындық тудырып отыр, – дейді Естай атындағы көше тұрғындары. Әуел баста құрылысты саламыз деген уақытта саз-батпақты бұл жердің жер-жағдайы жобада ескерілмепті. Бас мердігер деп танылған «НИКО» ЖШС-нің қандай «қулық» ойлап тапқандары белгісіз, аяқ астынан 2011 жылы 20 сәуірде өздерін банкрот деп жариялап жұмысты тастап кетіп қалған. Алып кешеннің құрылысына алаңдаған Екібастұздық Аманқос Өтегенов бастаған бұрынғы депутаттар 2011 жылы сәуір айында сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке шұғыл түрде хат та жазғанын білеміз. Мән-жайды түсінген, түсіндірген Үкімет басшысы кешен 2011 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жауап жазады. Тіпті, Үкімет басшысы сол жылы өткізген Үкімет отырысында «тендерді жеңіп алдыңдар ма, сол қаражатқа салып бітіріңдер, артық ақша сұралмасын» деген болатын.
– Қалалық әкімдікке қатысты барлық жағдайды жасадық. Күнделікті бақылап отырмыз. Мынадай алып кешеннің құрылысын мердігерлер, құрылысшылар кетіп қалды деп біз далаға тастай алмаймыз ғой. Құрылыс барысында орын алған олқылықтар бар екенін өзіңіз де де көрдіңіз. Су сорғы дренаждар орнату қажет. Онсыз болмайды. Кешендер арасын қосатын галереялардың майысып тұрған төбелерін көтеру үшін қойылған қорғаныш тіректері, темір тіреулерді көтеруге едендер жоғарыдан түскен күшке шыдас бермеуі мүмкін, сондықтан төменнен де бекіту арқылы жол табу керек. Екіншіден, біздің Екібастұздың ауа райы шұғыл континентальды, қысы ызғарлы, суық, жел. Сондықтан, құрылыс материалдарының сапасы ауа райының ерекшеліктерін ескеріп барып жасалу керек еді, – дейді Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняк. – Былтыр мамыр айында облыс прокуратурасы орталықтың құрылысына бөлінген бюджеттік қаражаттың пайдаланылуына орай тексеру жүргізеді.
Тексеру барысында анықталғандай, орындалмаған жұмыс көлемінің жалпы көлемі 10 865 700 теңге құраған. Сондай-ақ, жұмысты жүргізу барысында бекітілген жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқулар орын алғаны анықталды. Сол сияқты Екібастұзға осындай алып құрылыс салудың қандай қажеттігі бар еді? Кеншілер қаласы мамандармен толық өзін-өзі қамтамасыз етіп келеді. Облыстық білім басқармасының хабарына қарағанда, облыста 25 мемлекеттік кәсіби-техникалық лицей болса, онда 6 860 жас білім алуда. Тіпті, бұнда да 1 194 оқушының орны бос тұрған көрінеді. Облыста 50 кәсіп бойынша 26 кәсіптік лицей және 84 мамандық бойынша білім беретін 32 колледж бар. Ал Екібастұз политехникалық колледжі Ресейдің Сібір индустриялық университетімен, Томскі ұлттық зерттеу университетімен, Томскідегі мемлекеттік университетпен, Екатеринбургтегі көлік және құрылыс колледжімен әріптестік байланыста. Екібастұздағы екінші оқу орны Қаныш Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институты еліміздегі энергетикалық кешен, ірі өндірістер орналасқан аумаққа қарасты өңірлік оқу орны саналады. Институтта 2 мыңнан аса студент білім алуда. Оқу техникалық және экономикалық профильдегі 14 мамандық бойынша жүргізіледі. 17 жыл ішінде өңір кәсіпорындары үшін 4971-ден астам мамандар даярланды. Оқулары өндіріспен тікелей біте қайнасып келеді. Ендеше, облыста, аудандарда, Екібастұздың өзінде кәсіптік мамандықтарға оқытатын бірнеше оқу орны бола тұра алып орталық салудың қандай қажеттігі болды? – деген сауал екібастұздық ғалымдарды, ұстаздарды таңғалдырады. Керісінше, мұндай қыруар қаражатқа осы оқу орындарын жаңғыртудан өткізіп, студенттерге бірнеше жатақхана салып беруге болар еді. Ең бастысы, тексеру барысында алып нысанның монолитті негізгі қаңқасын тұрғызуда өрескел қателік жіберілгені анықталды. Қыс кезінде бетондық жұмыстарды жүргізу технологиясын сақтамаудың кесірінен монолитті тіреуіштерде, ғимараттың қасбетінде сызаттар пайда болған. Қадағалаушы орган мамандары бұл жерде тиісті құрылыс материалдарының пайдаланылғанына да күмән келтіруде. Сондықтан енді нақты бір шара қолданбаса, ары қарай не болатыны белгісіз. Бірақ қыруар қаржыға салынған құрылысты қараусыз қалдыра алмаймыз, – дейді бізбен әңгімесінде жергілікті «Нұр Отан» бөлімшесі төрағасының орынбасары Самат Рамазанов.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы.