19 Наурыз, 2010

КӨКСАРАЙ ЕЛ ҮМІТІН АҚТАДЫ

808 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көксарай су реттегіші бірінші кезегінің аяқталған құрылысын аралап көрді. Көксарай су реттегішінің іске қосылуы Оңтүстік өңірі мен Сыр бойындағы халықтың талай жылдардағы арманы еді. Қырғызстан Тоқтағұл ГЭС-ін қыста энергетикалық режімге ауыстырғанда нөпір су Шардара су қоймасын кемеріне келтіре толтырып тастайтын. Амал жоқ, Арнасай арқылы артық су Өзбекстанға берілетін. Егер айтқан жерден аулақ, Шардара су қоймасы шыдас бере алмаса, Сыр жағалап отырған Оңтүстік­тің үш ауданы мен Қызылорда тасқын суға харап болар еді. Суды аз жібер деп айыр қал­пақ­ты ағайынға жалындық, үкә, су алың деп ала топылы аға­й­ын­ның алдында бас ұрдық. Сөйтіп жүріп, бір Аралдың суын  мәжбүрсіздіктен көрші мем­ле­кетке сыйладық. Көксарай су реттегішінің маңызы туралы сөз қозғағанда Нұрсұлтан Назарбаев мәселенің осы жағынан келді. – Біз еліміз үшін аса ма­ңыз­ды стратегиялық нысанның құрылысын іске қосу арқылы көптеген проблемаларды шеш­тік, – деді Елбасы.  – Атап айт­қан­да, су көлемін сақтап қал­­дық. Таңдайы  кебірсіген Арал­ға жаз бойы су жіберіледі. Екін­ші­ден, Сыр жағасында отыр­ған ауылдарды тасқын су­дан қорғау мақсатында мем­ле­ке­тіміз жыл сайын орасан қара­жат жұмсай­тын. Сол әбігерші­ліктен құтыл­дық. Үшіншіден, суармалы жер көлемі молаяды. Көксарайдың сыйымдылығы 3 млрд. текше метр. Су көп болған жылдары жүз мыңдаған гектар жерге жүгері егіп, мал азығын қамдап алуға болады. Көксарай су реттегішін салу оңай болған жоқ. “Қазсел­ден­қорғау” мемлекеттік мекемесі­нің бастығы Тоқтарбек Баймол­даевтың айтқанындай, су тас­қыны басып қалатын аймаққа Оңтүстік Қазақстан облысы бой­ынша – 18, Қызылорда облысынан 51 елді мекен кіреді екен. Қорғаныс үшін соңғы 35 жылда ұзындығы 526 шақырым бөгет салынған. Жойқын су апат­ты жағдайда салынған бөгеттерді жұлып кетіп, жыл сайын ел улыған-шулыған болып жататын. 2008 жылы басталған алып құрылыстың қазір бірінші кезегі аяқталып, 412 млн. текше метр су келді. Қазір Шардара су қоймасындағы судың мөлшері 5 млрд. текше метрден асты. Ар­тық жинау қауіп. Ал, Көксарай су реттегіші биылдың өзінде 1 млрд. текше метр су жинай алады. Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің бас болуымен биыл желтоқсан айында Сырдария өзенінің ескі арнасын жауып, өзенді бас су ғимараты арқылы арна бойымен ағызған. Осы­лай­ша, Сырдария өзеніндегі суды басқаруға мүмкіндік туды. “Қаз­селденқорғау” мемлекеттік ме­ке­месі қазір Көксарайдағы су бөгетінің барлық нысандарын гидравликалық сынақтан өткізіп жатыр. Ақын Жақып ауылы аума­ғында орналасқан су жіберу каналындағы көпір мен су жеткізу каналындағы “Шөгірлі” көпірі пайдалануға берілді. Елбасы Шардара су қой­ма­сын­дағы күрделі жағдайдың енді рет­телетіндігін айтып, осы жауапты жұмыстың басы-қасында болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Көк­са­рай су реттегіші 2012 жылы толықтай іске қосылады. Оңтүстік Қазақстан – аграрлы, негізінен орта және шағын биз­неске бейімделген облыс. Алайда, дағдарыстың толқындары ірі өн­ді­ріс орындары болмайынша эко­но­микалық өсудің ауылы аса алыс­тап кететінін көрсетіп берді. Сон­дықтан, облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метов бұрынғы фосфор және шина зауыты аумағын индус­трия­лық-инновациялық аймаққа ай­нал­дыру мақсатында жұмыс бас­тап кеткен болатын. Инфра­құ­рылымдық-коммуникациялық желілері іске қосыла бастаған аймаққа қызығушы инвесторлар көбейіп келеді. Осы жерге мықтап тамыр тартқан “Азия керамик” ЖШС-нің  жұмысын Елбасы арнайы барып көрді. Құрылысқа аса қажетті кера­мо­гранитті Қазақстан өзге мем­лекеттерден тасып келеді. “Азия керамик” жылына 2,5 млн. шаршы метр керамогранит дайындай ала­ды. Италияның озық техноло­гия­лық қондырғыларымен жабдық­талған серіктестік өз өнімдерін көрші мемлекеттерге де  шығаруға қабілетті. Сапары соңында Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласының орталығындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға келді. Обалы кәні, мердігерлер жұ­мыстарын халықаралық талаптарға сай орындаған. Облыстық филар­монияның жетекшісі Сайлаубек Жақсыбеков те “Акустикасы жақсы, микрофонсыз-ақ залды толық қамтиды. Мұндай өнер орталығы Астананың өзінде жоқ”, дейді ризалықпен. Филармония екі бөліктен тұрады. Іргесінде сырт­тан шақырылатын өнерпаз­дарға, дирижерлерге 22 орындық қонақ үйі бар. Кон­церттен шыққан соң әбігер болып жатпайды. Елбасына мұндағы атқарылған жұмыстарды Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев баяндап берді. Филармонияның салтанат сарайында Президент өнер ұжы­мының концертін тамашалады. Сүгірдің “Ыңғай төк” күйі, Н.Ті­лендиевтің “Өз елім”, халық әні “Сары бидай” және “Венгр биі” орын­далған соң Мемлекет басшы­сының өтінішімен Құрман­ға­зы­ның “Сарыарқа” күйі күмбірледі. Нұрсұлтан Әбішұлы филар­монияға бір шебер орталығының қолынан шыққан 51 халық аспаптары жиынтығын тарту етті. “Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра” деп Қадыр ақын айтқандай, Оңтүстіктің зиялылары атынан Елбасына домбыра сыйға берілді. Нұрсұлтан Назарбаев журна­лис­терге берген сұхбатында Өз­бекстан сапарының қорытын­дыларын хабарлады. Екі халықтың түбі бір туысқан екенін айта келіп, Өзбекстандағы қазақтар Өзбек­станды, Қазақстандағы өзбектер Қазақстанды өз үйі, өз отаны деп  білетінін, екі ағайын халықтың арасында  дәнекер екендігін жет­кізді. Шекараның екі жағы достық шекарасы болғаны бәрімізге, көршілеріміз Қырғызстан, Тәжік­стан, Түркіменстан мемлекеттеріне де пайдалы, солай болуы керек, деді. Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы келген сапарының мәнісі­не тоқталды. Биылғы жылы инвес­тициялық бағдарлама бойынша Оңтүстікте тоғыз ірі нысан пай­далануға берілмек. Ел халқының 15 пайызын құрап отырған ең ірі облысты өрге сүйрер өндіріс орын­дарын көбейту мәселесін нықтады. “Жыл сайын ажарлана түскен Шымкент қаласын “Шым­кент – шырайлы шаһар” деп атағым келеді”, деп сөзінің аяғын әзілге бұрған Елбасы “Ақыры  “ш” әрпін жақсы көресіңдер ғой”,  деп түйді. Соңынан облыс халқын ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз­бен құттықтап, бақ, береке, денсаулық, жақсы өмір тіледі. Бақтияр ТАЙЖАН,  Оңтүстік Қазақстан облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.