30 Шілде, 2019

Сөз киесі

1671 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазайын деп жазбайсың, айтайын деп айтпайсың, көзің көріп, құлағың естіген соң, амалың таусылып, діңкең құрыған соң қолға қалам ұстайсың. Оның үстіне қиын заманда империя иықтан басып тұрса да, тілге тиек, ойға бұғау салса да айтарын айтып кеткен Алаш арыстары осындай халде ойға оралады. Тұлғасы таудай болып, ұлтым, жұртым деген үні құлақ түбінен шыңылдайды.

Сөз киесі

Оны естіп, рухың оянады, ет жүрек шымырлайды. Бізге дейінгі ұрпақ, алдыңғы толқын неге ескертпеген, қара басының қамын күйіттеп жүре берген бе демесін дейсің де, демің бір тұншығып барып, ой толғауға кірісесің. Сондағы айтпағымыз не дейсіз ғой, баяғы Мағжан (Жұмабаев) меңзеген баба тілінің бағын ашу жолындағы жеңіл жортақ желістің жанды жейтіні. Сөз киесіне мән бермей, тұспалмен «Тіл өнері – дертпен тең» (Абай) екенін естен шығарып, жүректің сөзін қор етіп, өз сөзін зор етіп, жосыла беретіндер неге көбейіп барады екен деген мазасыздық бойыңды билейді. Осыдан да данышпан Абайдың «Қайран тіл, қайран сөз, Наданға қадірсіз», деп күйінетіні еске түседі. Билік қолда барда, ел болған тұста, қазаққа тіл үшін күйіну емес, сүйіну керек емес пе еді дейсің. Әрине, қозғалыс жоқ дей алмаймыз. Дегенмен жаһандануға тұмсық тірегенде тыпырламасқа болмайтындай. Одан «жаныңды» сақтап қалатын тілің, ұлттық құндылығың ғана болады. Тіліңе, түріңе қарап өзгелер: «Сен кім едің?» дейді. Мәселе тілде ғана емес, ұлттық болмыста жататыны мәлім. Ұлттық болмысы мықты жұрттар ешкімге есесін жібермейді. Ұлтты сақтайтын сол болат болмыс екені еш шүбәсіз.

Атам қазақ бүгінгідей кестелі жазу үлгісі жоқ кездің өзінде ауызша тілге ерекше мән берген. Соның нәтижесінде бүгінгі әдеби тілдің алтын арқауы есілген. Сөйтіп: «Француз тілі Еуропаға қандай әсер етсе, қазақ тілі түркі мәдениетіне солай әсер еткен» (В.Радлов), деп әлем оқымыстылары таңдай қаққан тілімізді – Мұхтар Әуезов айтқан «сөз шатасына» ұрындырмаған. Абыздар мен шешендер тіл тербеп, насихат айтқанда ұйып тыңдамаған, оған тоқтамаған адам болмаған.

Тіл мәдениетінен ұлт мәдениеті көрінеді. Тәңір жарылқап тұрғанда тіл мәдениетін шегендеудің орнына, зиялыларымыздың «Әй!» демегендіктен бе, тіл мәселесі көкпарға түсумен келеді. Бас бұзарға заң болғанда, ұлт сөзін қорлайтын, тіл киесін ұқпайтындарға неге заң әлсіздік танытады екен?

Өзге тілді үйренуге келгенде қолында барлар, әсіресе екі тізгін, бір шылбырды қолға ұстағандар алдына жан салмайды. Ал банк, бизнес, тағы басқа жайлы да, майлы орын қызметкерлерінің көбі мемлекеттік мәртебесі бар тілге жұмылып мән бере қоймайтынын көріп жүрміз. Биік лауазым иелерінің ұл-қызы ана тілінен көп жағдайда мақұрым, не шала-шарпы, болмаса шатты-бұтты сөйлейтіні жұртқа белгілі. Есесіне өзге тілге жүйрік. Ондайлардың әке-шешесін былай қойып, ата-әжесі төрдің төбесінде отырып, ұрпағының өзге тілді жетік меңгергенін мақтан етіп, бойын тіктейді. Ол да жөн болар. Бірақ өз тіліне келгенде «е, қазақ тілі қайда кетер дейсің, үйренеді ғой», деп көлгірсиді. Бұл баяғы кеңестік жүйеден қалған орыс тілін білмесең, күн көре алмайсың деген бодандық психологиядан, ескі сүрлеуден шыға алмай, азаттықтың қасиетін әлі танып-біле қоймағандықтан болып отырған тірлік емес пе екен? Бұл дағдыны ұлт жастарының санасына сыналап сіңірсек, ана ғасырда мемлекеттік мәртебеге ие болған тіліміз көркеюдің орнына, өзге тілдің көлеңкесінде әлі де қалып қоймас па екен деген күдік көкейден кетер емес. Осы арада «Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең – ол күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу – бұл сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», деген Халел Досмұхамедұлының кемел сөзі ойға орала беретіні бар.

Иә, өзге тілді талассыз білу керек. Бірақ ұлт тілі өзге тілдің алдында тұру тиіс. Басқа жұрттар көп тіл біледі екен дейміз. Мысалдарды да топтап келтіреміз. Ол рас. Бірақ, ол елдер өз тілін өзге тілдің бодауына бермейді. Өз тілінде сөйлейді. Біз болсақ өзге тілді білеміз де өз тілімізге иықтан қарап, ұмытуға бейім тұрамыз. Тіпті бүкіл қазақ ағылшын тілін үйрену міндетті емес шығар. Әркім қажетіне қарай меңгерсе аздық етпес еді. 

Күні кеше сол тілді балабақшаға дейін тықпалап, мектепте терең білуді тапсырдық. Қыруар қаржы шығарып, аз күнде ұстаздар дайындауға тырыстық. Биылдан бастап химия, биология, жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытамыз деп ұрандата жөнелдік. Шала-шарпы сабақ жүргізгендер де табылып жатты. Енді ол қадамымыздың шикілігі шығып, кейінге ысыра тұратын түріміз бар. Осыдан сабақ алар ма екенбіз?