Орайы келген оңтайлы іс нәтижесінде алдағы кезде атқарылатын жұмыс тиянақталды
Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:06
Биылғы мамыр айының аяғында Алматы қаласында «Интергаз Орталық Азия» компаниясының бас директоры Серік Естай, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Ескендір Бейсембетов және Білім және ғылым министрлігіне қарасты О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының директоры Қайрош Мақышев көптен бері көңілде күпті болып жүрген ынтымақтастық және кадрлық резервті мақсатты түрде даярлау туралы үш жақты меморандумға қол қойып, болашаққа қарай сәтті қадам жасады. Былайша айтқанда, айдарларынан жел есіп, асықтары алшысынан түсті. Сөйтіп, оңтайлы істің бастауына даңғыл жол ашты.
Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:06
Биылғы мамыр айының аяғында Алматы қаласында «Интергаз Орталық Азия» компаниясының бас директоры Серік Естай, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Ескендір Бейсембетов және Білім және ғылым министрлігіне қарасты О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының директоры Қайрош Мақышев көптен бері көңілде күпті болып жүрген ынтымақтастық және кадрлық резервті мақсатты түрде даярлау туралы үш жақты меморандумға қол қойып, болашаққа қарай сәтті қадам жасады. Былайша айтқанда, айдарларынан жел есіп, асықтары алшысынан түсті. Сөйтіп, оңтайлы істің бастауына даңғыл жол ашты.
Бұл маңызды меморандумның мәні – техникалық бейіндегі жетекші оқу орындарында білікті кадрларды даярлап, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ты мамандармен қамтамасыз етудегі ынтымақтастық еді.
Бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағдарламасын іске асырып, өңірлерде жергілікті халыққа білім беру аясын ұлғайту да назардан тыс қалмады. Мектеп-интернатта және Қазақстан-Британ техникалық университетінде тәлім алу үшін дарынды жастарды іріктеу тетігін пысықтап, оларды кейіннен «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамына жұмысқа орналастыру міндеті екшеленді. Мұндай маңызды мәселе үнемі назарда тұрады. Сонымен қатар, Қазақстан-Британ техникалық университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы арқылы «Интергаз Орталық Азия» АҚ қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін және білім деңгейін жүйелі түрде көтеру мәселесі тараптар ынтымақтастығының негізгі бағыты болып табылды.
Мәселен, қол қойылған меморандумға сәйкес, тараптар өздері таңдап алған тәртіппен ынтымақтастық істерді іскерлікпен жүзеге асырады. Танымы мол талапкер шәкірттерді физика-математика орта мектеп-интернатында сапалы білім, саналы тәрбие алуларына барынша жағдай жасап, болашақта білгір маман болып шығуларына өріс ашпақ. Білім ұясының даярлық деңгейін үнемі арттыра бермек. Соның нәтижесінде дарынды түлектерін Қазақстан-Британ техникалық университетінде тегін оқыту үшін іріктеп таңдау міндеті күн тәртібінен түспейді. «Интергаз Орталық Азия» компаниясы балалардың мектеп-интернатта, содан кейін техникалық университетте оқу шығындарын түгелдей өз мойындарына алады. Олар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыссыз қалмайды. Нақтырақ айтқанда, жастар «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың құрылымдық бөлімшелеріне жұмысқа орналастырылады.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Серік Естай атап өткеніндей, компания болашақ мамандарды мектеп қабырғасынан бастап дайындайды және де дарынды балалардың техникалық білім алуларына толық жағдай жасайды. Оларға еліміздегі беделді газ тасымалдау саласы қызметкерлерінің қатарын толықтыруға мүмкіндік беріледі.
Компанияда он үш жылдан бері «Жас маман» деп аталатын арнайы білім беру бағдарламасы қолданылып келеді. Осыған байланысты бұл мекеме жыл сайын магистралды газ құбырлары өтетін жерлерде тұратын жастарға конкурстық іріктеу негізі бойынша гранттар бөлуді дәстүрге айналдырған. Кешенді сынақтардан табысты өткен грант иелеріне өз өңірлерінде жұмысқа тұруына кепілдік берілген. Қазіргі кезде аталған бағдарламаның 196 түлегі өз өңірлеріне оралып, компанияның филиалдарында жұмыс істеп жатқан жайлары бар.
Бүгінгі таңда 114 жігіт пен қыз Қазақстан мен шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алуды жалғастырып, мұнай-газ саласының күрделі де іргелі мамандықтарын игеруге құлшына кіріскен. Компания олардың оқуына, жатақханада тұруына, жол жүруіне төлем ақыны толықтай төлеп отыр. Сондай-ақ, шәкіртақы тағайындап, студенттердің оқу және өндірістік іс-тәжірибелерін ұйымдастыруды да мықтап қолға алған. Тәлімгерлер іс-тәжірибе кезеңінде мамандықтары бойынша жұмыс орындарында ысылып, кәсіптерінің қыр-сырына қанығады.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ әлеуметтік мәселені дамытуға белсене атсалысуды зор мәртебе санайды. Тұрақты негізде білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қаржылай жәрдем көрсетеді. Балалар үйлері мен өзге де білім мекемелеріне қамқоршылық көмек қолын созады.
Компания өзінің он бес жылдық тарихында еліміздің өсу-өрлеу үрдісінен тыс қалған жоқ. Қоғам алдындағы жауапкершілігін жақсы сезінген кәсіпорын халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік маңызды міндетін абыроймен атқарып, республикадағы ең ірі энергетикалық компаниялардың қатарынан берік орын алды.
Қол жеткізген қыруар табыстар – «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы бүкіл ұжымының қажырлы әрі жасампаз жұмыстарының нәтижесі екендігі сөзсіз. Жұмыскерлердің кәсібилігі мен жоғары біліктілігі кез келген жағдайларда алда тұрған міндеттерді сәтті орындап шығуға мүмкіндік береді.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ отандық мұнай-газ индустриясының озық кәсіпорны ретінде адам капиталына да үлкен мән-мағына беріп, құптап отырады. Маңызды мәселеге жұмсаған инвестициялары қашанда мақсатты әрі тиімді. Осы арада компания туралы түйіндеп айта кеткен орынды сияқты. «Интергаз Орталық Азия» АҚ 1997 жылдың шілде айында құрылған болатын. Компания өзінің концессиясына берілген Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін тікелей басқарады және «ҚазТрансГаз» АҚ (ол «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың еншілес кәсіпорны) компаниялар тобы құрамына кіреді. Компания елімізде жылдық өткізу қабілеті 190 миллиард текше метрге дейінгі ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын тасымалдау газ құбырларының негізгі желісін бақылап, жұмысын толықтай жүзеге асырады.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.