100 • 30 Шілде, 2019

Әйелдер бостандығы (фельетон)

1014 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1920 жылы «Ұшқын» газетінің №9 санына шыққан «Әйелдер бостандығы» мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Әйелдер бостандығы  (фельетон)

«Апырмай, осы әйелге де бостандық болды дегеннің өзі рас болды-ау, Жаманшалдың әйелі кеңседен ашық хат алып қайтыпты. Сірә, айырылатын болған шығар», – дейді Тілеубай. Қыздырманың түбінде отырған үй қожасы Қаңтарбай бостандық болғалы қит етсе, «мен кетемін, мен тұрмаймын» деп әбігер салатын қатыны Жәмилаға естіліп қалама деп қайдан айтты деген кісідей Тілеубайды көзімен атып отырады.

Тілеубай, Жаманшалың кім? Айтып отырғаның не, жесір дауы ма», – деп қонақ қарт Құлтай қозғала түсті.

– Иә, жесір дауы, – дейді Тілеубай, – Жаманшал осы жердегі бір жабал, ауқаты да тәуір, өздері жанды-жақты, бұл күнде жігіт ағасы болған, не дегенмен елуден асып жүрген болар. Біздің қазақ малға қызықпай жүре ме, былтыр әйелі дүниеден қайтқан соң, мына жоғарғы елден қыз риза болмаса да баса көктеп біреуді алған. Өзі әйелге қаталдау жігіт еді, ойнайсың депті, өлесің депті, не қылса да сол әйелге күн көрсетпеді білем. Бірақ әйелі қыз күнінде тәуір еді, келіншек болған соң да жаман атын есітпедік. Сол жақсылығы ғой Жаманшалдың басқа-көзге ұрғанын көтеріп, жыл тәулігіне төзіп келді ғой. Таяқ етке батқан соң, әлденеше жылап-сықтап, бірсыпыра үлкендеріне шаққан екен, олар: «Жас жансың ғой, не қылар дейсің, соқса да, сүйсе де өз күйеуің. Тентек болма», – деп қайтарған көрінеді. Оған Жаманшал құтыра түсіп: «Сен кеткенмен қолыңнан не келетін еді, барар жерің, басар тауың болмаған соң, есігіме қайта келдің», – деп бұрынғыдан да таяқты күшейтіпті. Қонақ қарт шыдамады білем:

– Жаным-ау, оның жұрағат-төркіні, ата-анасы қайда, ескермес болар ма?! – дейді.

– Әй, Құлтеке-ай, несін сұрайсың, біз қазақ мал болса болды деп жүрген халықпыз ғой. Есіркеу түгіл, жылына бір келе ме екен?! Қайта ата-анасы: «Қызымыз бізге зорлық көрдім деп келіп, паналаймын деп ойламасын, Жаманшалдан айырғанша ат құйрығына байлап, суға салармыз», – дейді білем.

Сонымен әйел жұрағаттан да, жардан да тегістік көре алмай жүретін еді, біреу жол тауып берген де. Мына Совет үкіметі келген соң, қаладағы кеңседен адам тимеске ашық хат алып қайтыпты деп естідім ғой. Сонан бір күн бұрын әлгі байсымағы сабап, үсті-басын көк ала қойдай қылыпты.

Кеңседегілер «мынаған не болды» дегенде ұялғанынан ешнәрсе дей алмапты, – деп Тілеубай бірнеше сөздермен Жаманшал мен әйелдің арасын ашып, қонақ қартқа түсіндірді.

Қарт та һәм үйдегілер де кінәні Жаманшалға аударып, «балама сол керек» десті.

Бірталай уақыт түрлі әңгімелермен мезгілді өткізіп, ас-су ішіп, қонақтар үйден қозғалды. Қонақтарды аттандырып келіп, Қаңтарбай қатынына: «Бәйбіше-ау, баспақтарды суарсайшы, шөлден қырылып барады ғой», – дейді. От басында шоңқиып, ұзақ ойға түсіп отырған Жәмила: «Қырылсын! Сенің баспағыңнан маған не пайда, ырылдамай манағы саудегер қатынның жібек салын әпер», – дейді.

Қаңтарбай: «Неткен ес-ауан едің, шай тауып іше алмай отырып, жібек салы не керек еді. Басыңдағы қос-қос шаршың мен түбіт салың жетпей ме, жұрт соған да зар болып отыр. Бұл заман сән түзейтін заман емес. Таста, биылғыдай жылы азғана мөшкеңмен өз тамағыңды асырап шықсаң да аз олжа болмас. Қой, сөйлемей суар, суар деген соң», – деп етігін шешіп, күпісін жамылған күйінде сәкінің шетінен мұрнын бір сіңбіріп, қыдырмаға жақын барып отырды.

«Көп дызылдағаныңды естімейін, әперсең де әпересің, әпермесең, малың да, өзің де құры. Біреуіңнің де керегі жоқ. Мен бұл үйде тұрмаймын, қара басымды асырармын. Төркінім де аштан өлейін деп отырған жоқ. Дүниең өртеніп кетсін», – деп Жәмила төр жаққа шығып тұрып алды. 4-5 жасар Бәтіш «әже, нан» деп ыңырсып, өзінен өзі долданып тұрған Жәмиланың қасына келгенде мейірімсіз Жәмила ит ашуын тырнадан алып, жібек салының күйігінен «мә, саған нан!» деп Бәтішті жаққа салып жіберді. Бәтіш шыр етіп барып құлап, тұрайын деп еді және теуіп жіберді.

«Қырылғыр, қырылғыр, бірің қалмай қырылсаң екен. Баласыз да жылаған, балалы да жылаған. Өлмес күнімді көрер едім», – деп аналық мейірімін ойына да алмай, балаға да, Қаңтарбайға да бір емес, екі емес сөзін тигізіп, тілімен шағып қоймады. Тұрмыстың ащы-тұщысынан хабарсыз, жаялығының шетімен ойнап, гуілдеп отырған кішкентай Төлеш те апасының жазықсыз таяқ жегенінен ешнәрсе түсінбесе де, гуілін қойып, бұ да таңырқады. Бәтіш екпінді шапалақтың өксігін баса алмай жатыр.

Жәмиланың біріне-екісіне сөз шықпасын деп көбіне үндемейтін Қаңтарбай тіпті шыдай алмады: «Ау, атаңа нәлет, мұның не!? Баланың не жазығы бар, өлтіремісің енді», – деді. «Сенің тапқан балаң емес, өлсе өлсін, – деді, – саған бала түгіл, баласыз қу басым да көп. Жетер алдағаның, жайыңа қарап, тек отыр», – деп Жәмила сөзді күшейтуге айналды. Төсек орынды жан-жаққа лақтырып, бір сынық нанды «мә, жалмауыз, же де өле қал» деп Бәтішке лақтырды. Бәтіш бейшара қызғаныш көз жастарын төгіп, солқылдап жатса да аш тамақ қиын ғой, ақыры ақырын қолын созып нанды алып, бір жағынан күйсей, ішегін тартып жатты.

Жәмиладан айтылмаған сөз қалған жоқ. Қаңтарбайдың жуастығын, нашарлығын айтып, қарғыс-балағаттың түр-түрімен асты-үстін қазып, адам баласының ең қадірлі, қымбатты болған ата-анасы болса, Жәмила қарғыс түбінде оны да түктей көрмеді, оған да жетті.

Қаңтарбай сорлы арлы-бері «қойсайшы-ау, қойсайшы, жетеді ғой енді» деп айтып қараса да Жәмила сыр мінез Қаңтарбайдан сескенсін бе, онан жаман күшейте түсті.

 Сөз сүйектен өтті.

Тақа шыдай алмайтын болған соң, тіпті, кейімесе де кейитін уақытқа жетіп, Қаңтарбай тура Жәмиланы бір-екі ұрды. Маған тиіп кет деп тұрған Жәмила ойбайды сала есіктен атылды.

Бәтіш те, Төлеш те бұрын болмаған бұл оқиғадан қорқысып, жылап қоя берді. Қаңтарбай бір-екі кейіген сөздер айтып басылды. Жерден Төлешті алдына алып жұбатып, Бәтішті күпісінің бір жағына алып орады.

Айқайға айналадан кісілер жиналып, Жәмиланы үгіттеп қараса да ашу қысқан долы әйел біржола төркінге тартты.

Өйтіп-бүйткенше қас қарайып, қараңғы түсті.

Айналадан іздесіп қараса да Жәмила қайырылмастан кетіп болған. Екі сәби бірінен-бірі ыңырсып, әсіресе, Төлеш тыныштық беретін емес. Қаңтарбайдың жақын жеңгесі сүт беріп жұбатса да қайран ананы жоқтай береді. Біраз әбігерлеп, ақыры ұйқыға кетті. Көпке дейін Қаңтарбай Жәмиланың кеткеніне сенбей, келер деген үмітпен жеңгесіне мұңын айтып отырды. Ақыры түн ортасы ауған соң, біржола күдерін үзіп, Бәтішті қойнына алып, қисайып жатып көзі ілінді. Арада бірнеше күндер өтті.

Бір күні Қаңтарбай азғана мал-мұлын суатқа шығарып жүргенде төменгі ауылдан келген бір жігіт Жәмиланың қалаға барып, кеңседен айырылуға ашық хат алып келгенін айтты. Қаңтарбайдың жүрегі мұз қойғандай болды. Сасқанынан «қой, бекер болар, бекер болар» дей берді. «Бекер боларыңды білмеймін, ауылнайдың орыс писарына оқытып, мәлімдегенінің ішінде өзім болдым. Иван писар: «Қазір сенікі бай қалған, кімге барасың можно. Пережной бай келеді, мен протокол жазам», – деп қатынды күшейтіп қойды. Мен білмеген болып: «Жеңгей қайырлы болсын, қонаққа келдің бе, қайту қашан?», – деп едім, «Енді сіздің ауылға біз жоқ шығармыз», – деп кекесін айтып, жөнді сөйлеспеді», – дейді жігіт. Қаңтарбай нанар-нанбасын білмей, малын суатқа айдап жіберіп, жігітті алып үйге кірді.

Жігіттен әңгіменің шынына қанып, енді болмас деп ақсақал-азамат пен төңіректегі көрші-көлемге хабар айтты.

Кешке жиналған жұртқа Қаңтарбайдың көп сөйлегендегі сөзінің қорытындысы мынау еді: «А, халқым, ес білгелі тыным таппай шаруа болып, онымен де асып-тасқан ешнәрсем жоқ, жұртқа тигізген қылдай қиянатым жоқ бір Қаңтарбай едім. Өздерің көріп отырсыңдар, бұл мезгілде менің басыма мынадай күн туды. Адамнан ба, Алладан ба үйдей дүниесін, екі баласын тастап, 10-15 жыл отасқан әйелім мынадай болды. Жазған, жаңылған ешнәрсем жоқ еді. Жазығым шаруа, момын болу шығар. Бар десе, мойныма салар. «Қатын ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген. Басымызға күн туса, біз сіздерге қараймыз. Бәрің де менен ақыл сұрайтын адам емессіңдер, әншейін шыдамай айтамыз ғой. Осындай бір елдік, жұрттық істеп барып, бір жайлы қылып келсеңдер қайтер екен дейін деп тұрмын. Тілім ащы, таяғым қатты тисе – жаздым. Мен үшін емес, мына сәбилер құқына ашуын тастар әрі сендер барған соң, сөздеріңді елі де һәм жесірлерің де тастамас. Жоқ, тіпті болмайтын болса, барған соң тағы бір елдік істерсіңдер. Тағы сендерге толық ризашылықпен билігімді бердім», – дейді.

Келгендер жақсы-жақсы әбден десіп, жесір дауына пәленше-түгенше бармақшы болып, тарасты.

Ертеңіне жесіршілер жүріп те кетті. Қаңтарбай енді не болар екен деп күннің өткенін санап жүргенде көп ұзамай жолаушылар қайтып, Қаңтарбайға: «Бұ да құдайдың саған берген бір дәулеті шығар. Біз барған жұмысымызды оңға шығара алмадық. Ашық хат дегені рас көрінеді. Күні кеше еш шай деспеген үлкендерді келініміз бетімізден алды. Қарас түбінде болмайтын болған соң, бір түрлі бітімге келіп қайттық»,-дейді. Қаңтарбай ит жұтқандай болды. Бірақ сонда да сыр бермеді. Ар-намыс іште қайнап, сүйекке сіңген ата мінез толқындап жүре берді. Ашу һәм зәбір қысып, біраз үндемей тығылып: «Момындығымнан көргенім болар, халқым, саған өкпем жоқ. Сендер не десеңдер, мен соған құлмын ғой. Үлкендердің «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген нақылы бар еді, бірақ бітімге келген болсаңдар, қайырлы болсын. Бәрің де білесіңдер, табан ет, маңдай теріммен еңбектеніп, 23-іме келгенде алған әйелім еді, мінеки, биыл 38-ге шығамын. Мынау – зарығып көрген төрт перзенттен қалған екі сәби. «Қияметте көршіден» деген, ащы сөз айттың, қатынға таяқ соқтың, я болмаса үсті жалаңаш болды, тыныштық көрмеді деп осы отырғандарың һәм төңіректегі көрші-көлем ешқайсысы айта алмас. Өзім аш болсам да, ол ішті; өзім жалаңаш болсам да, ол киді; аузы барғанша сөйлеп, аяғы жеткенше жүрді. Енді не айыбым бар, халқым? Не жаздым, не жаңылдым, жұртым?! Бұл күндері болғанында ойына өзге ой түсіп, мынадай болды. Бірақ сонда да кінәні маған аудара алмас, менде не күш бар, бұған енді мен не айтайын?! Кім адаспас, үкім қате болмаған шығар, қарсылығым жоқ, закон солай болса, қайтейін. Бірақ мына жас сәби балалардың көз жасы ғой мені шыдатпайтын, қара басым болса, бәрібір ғой». Жүзі қызарып, бұртиып тығылып, біраз отырды. «Алланың бір жазғаны бар шығар, тірі болсақ көрерміз, тағдырда жазымыш солай болса, пенденің көнбейтін шарасы бар ма?!

Жеңеше, бөтен емес, өз балаң ғой, Бәтіш жанды өзің алып бауырыңа бас. Ол безсе де мен бездірмейін, Төлешті шешесіне апарып беріңдер. Тірі болса, мені іздеп табар; өлсем, басыма барып дұға етер. Кішкентай Төлеш гуілдеп, екі қолымен башбайы мен жаялығын қоса жұмарлап ұстап ойнап, болып жатқан оқиғадан хабарсыз, жайына отыр.

Екі көзі мөлдіреп, манадан бері әкесінің бетіне жаутаңдап қарай беріп, тізесіне сүйеніп отырған Бәтіш әкесіне қарап: «Әке, әжем қайда, қашан келеді?», – деп жылап қоя берді. «Қарағым, әжең опасыз болды. Сенің көз жасың түсер, оны жібермес», – деп шыдай алмай Қаңтарбайдың да көзінен жас тамшылап-тамшылап кетті. Қаңтарбай мен жас балаларды үйдегілердің бәрі де есіркеді.