04 Қаңтар, 2013

«Мәңгілік ел» болу – мерейлі мұрат

573 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Мәңгілік ел» болу – мерейлі мұрат

Жұма, 4 қаңтар 2013 7:47

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» болу мұратын көтерген «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел өміріндегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі саяси маңызы зор тарихи құжат ретінде бағалануда. Өзінің жарқын болашағын ойлаған мемлекеттің, оны басқарып отырған лидердің бүгінгі қол жеткізген табыстармен ғана шектелмей, ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдап, алдағы күн міндеттерін саралауы кемел ойдан туған кемеңгер шешім.

 

Жұма, 4 қаңтар 2013 7:47

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» болу мұратын көтерген «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел өміріндегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі саяси маңызы зор тарихи құжат ретінде бағалануда. Өзінің жарқын болашағын ойлаған мемлекеттің, оны басқарып отырған лидердің бүгінгі қол жеткізген табыстармен ғана шектелмей, ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдап, алдағы күн міндеттерін саралауы кемел ойдан туған кемеңгер шешім.

1997 жылы «Қазақстан – 2030» Стратегиялық даму бағдарламасын халыққа жариялау кезінде Мемлекет басшысы: «Өзіміздің басым мақсаттарымызды дұрыс айқындап, тиісті стратегияларымызға таңдау жасап, осы жолмен жүру үстінде ерік-жігер мен төзімділік таныта отырып, біз өзімізді бұралаң-бұрылысты жолдардан, күш-қуатымызды, уақытымыз бен ресурстарымызды жөнсіз зая кетіруден сақтандырамыз», – деген болатын. Бүгінгі күні шынында айқын мақсат, көреген бағдар-бағамның нәтижесінде уақыттың да, күш-қуаттың да зая кетпегеніне көзіміз жетті.

Президенттің Қазақстан халқына арнаған әр жылғы жолдауларының жүзеге асырылуы нәтижесінде еліміз әлемдік өркениеттегі өзінің лайықты орнын айқындады. Осыдан он бес жыл бұрын қабылданған «Қазақстан – 2030» Стратегиялық бағдарламасы Қазақстанды егемен мемлекет ретінде дамыту мен өркендетудің негізгі локомотиві болды. Осы бағдарлама негізінде халқымызды өркениет шыңына жеткізер, ел тәуелсіздігін баянды етер бірнеше жаңашыл реформалар жүзеге асты. Еліміздің қазіргі кезде 120-дан астам елмен саяси, әріптестік қарым-қатынас орнатуы, экономикамыздың тұрақты даму жолына түсуі – жүргізілген реформалардың жарқын жемісі, бедерлі белесі.

Тарихта тұңғыш рет біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған 14 мың шақырымдық нақты шекарасын белгіледі. Әлемдегі алпауыт мемлекеттерді алаңдатқан қаржылық дағдарыстан қиналмай өтіп, қазақстандық модель өз мүмкіндігін дүние жүзіне мойындатты. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, әсіресе, денсаулық сақтау мен білім беру саласында аз ғана уақыттың ішінде ғасырға татырлық биіктерді бағындырды. «Қазақстан – 2030» Стратегиясында белгіленген міндеттер тарихи тұрғыдан алғанда, аса қысқа мерзімде шешімін тауып, белгіленген межеге қол жеткіздік.

Әрбір Жолдауында өткенді саралап, болашаққа бағдар жасай отырып, Үкімет алдына жаңа міндеттер жүктейтін Елбасы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену міндетін қойса, 2012 жылғы  Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісі бойынша Қазақстан 51-орынды иеленіп, қарқынды дамып келе жатқан елдердің бестігіне енді.

Президенттің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы бұдан да биік, бұдан да асқаралы мұраттарға жетелейтіндігіне, бүкіл қазақстандықтардың өз болашағына деген сенімін арттыра түсетіндігіне сенім мол. Арада  белгілі бір уақыттың  өтуі қоғамның,  халықтың, тіпті жеке адамның өміріндегі  өзгерістердің мәнін түсінуге мүмкіндік береді. Осы орайда Мемлекет басшысының қол жеткізген жетістіктерімізді саралай көрсетуі, кеше қандай едік, бүгін қандаймыз деген халық көкейіндегі сұрақтың жауабын нақты мәліметтермен беруі – бүкіл қазақстандықтардың кемел келешегінің кепіліне айналуда.

Жолдауда: «2050 жыл – жай бейнелі дата емес. Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. Біріккен Ұлттар Ұйымында 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады. Қазір елдердің дені  осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жос­парлау көкжиегін айқындап алды», – деп ұзақ мерзімді жоспарлаудың халықаралық тәжірибесіне тоқтала келе: «Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда, біздің жаңа мемлекетімізде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны енді ғана мектепке баруға даярланып жатты. Бүгінде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда. Енді екі-үш жылдан соң Тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келе бастайды. Сондықтан қазірдің өзінде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойлағанның маңызы зор», -деп атап көрсетті. Бұл шын мәнінде ел болашағына жасалған қамқорлық екендігі анық.

Білім мен ғылым – еліміздің ең басты байлығы. Жолдауда білім беру жүйесі мен ғылым саласын дамытудың жаңа міндеттері алға қойылып отыр. «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», – деп талап қойған Елбасы сауаттылық мәселесінің қазіргі заманда әлдеқайда тереңдей, күрделене түскендігін айта келе, білім, ғылым саласындағы негізгі басымдықтарды саралап берді.

Қай мемлекет болмасын оның жан-жақты дамуы заман талабына сай еңбек етіп, қызмет атқара алатын мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасы ХХІ ғасыр мамандарын даярлау мәселесіне, соның ішінде, инженерлік білім беру мен техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды басты бағыт ету қажеттігін алға тартты. Кәсіби-техникалық және жоғары білімді мамандардың ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген сұранысын қанағаттандыру арқылы халықты еңбекпен қамту мәселесін шешуді ұсынды. Бұл инженерлік-техникалық мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары үшін жаңа міндеттерді айқындап отыр.

Кәсіби біліктілігі жоғары, заман талабына сай мамандар даярлауда теория мен тәжірибені ұштастырудың, болашақ мамандардың өндіріспен байланысын нығайтудың алар орны ерекше екені белгілі. Техника мен ақпараттық технология күн өткен сайын жаңарып отырған қазіргі кезде болашақ маманның өз саласын жетік меңгеруі өндіріспен тікелей байланысты. Сондықтан болашақ маман үшін ондағы жаңалықтарды тез арада игеріп отыру күнделікті қажырлы жүйелі еңбек етуді қажет етеді.  Осы ретте Жолдауда айтылған жоғары оқу орындарында екінші курстан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыдан бекітудің өзектілігі жоғары екендігін айта кетуіміз керек.

Елімізді әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойып отырған Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеушілік қызметін дамытуға баса назар аударып келеді. Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуға бағыт алған мемлекетімізде ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлінуде. «Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны түсінуге тиіспіз. Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн. Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз», – деген Елбасы сөзі ең алдымен ғалымдарды ойландыруы тиіс.

Жолдауда айтылған күрделі мәселенің бірі ғылыми зерттеулерді әлемдік деңгейге шығару, сол арқылы жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу, ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясын қалыптастыру. Осы ретте  қазіргі қолданыстағы «Ғылым туралы» Заң экономиканың дамуына серпін беретін ғылымды басқарудың түбегейлі жаңа тетіктерін өмірге енгізіп келеді.

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық мұраты – ел тәуелсіздігін баянды ету әрбір қазақстандықтың перзенттік, азаматтық парызы. Ол үшін ең басты қажеттілік өз еліміз бен туған халқымызға деген сүйіспеншілік, отаншылдық, сынды киелі қасиетіміз екені анық. Осы ретте Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы жаңа қазақстандық патрио­тизм мәселесінің алар орны ерекше. «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.

Бірақ, бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз», – деген Елбасымыздың сарабдал ойы патриоттық тәрбиеге деген жаңаша ұстанымды қалыптастыру мәселесін алға тартады. Ендеше, жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісіне жаңашыл, тың идеялар енгізіп жұмыс жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі. Қазіргі заман талабы тәуелсіз қазақ елін әлемдік қауымдастыққа танытып, мойындата алатын, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, ұлтжанды, отансүйгіш, парасаты биік, кәсіби біліктілігі жоғары, жан-жақты дамыған тұлғалы азамат тәрбиелеу. Өз ұлты мен Отанына, туған жері мен туған халқына деген сүйіспеншілігі жоғары, жан-жүрегіне иман ұялаған білікті маман еліміз үшін келер келешектің кепілі.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Елбасымыздың әр жылғы Жолдауы бүкіл қазақстандықтардың болашағына деген сенімін арттырып, ол сенім өмірлік ұстанымға айналып отыр. Олай болса, Нұрсұлтан Әбішұлының қаламынан туған еңбектер мен әр жылғы Жолдауы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуының тарихи шежіресі ғана емес, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан, өмірге деген сенімін арттырған аса құнды рухани дүниелер. Осы тұрғыдан көз жіберер болсақ, Президент еңбектерін оқу орындарында оқытудың тәрбиелік мәні ерекше.

Өз Отанын қалтқысыз сүйген  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында ХХІ ғасырды «Қазақстанның алтын ғасыры» деп атады. Біз қазірдің өзінде сол жүзжылдыққа қарай батыл қадам бастық. Ендеше, «алтын ғасырға» апарар жол – Елбасы жолы.

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қорқытата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің ректоры,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.