Қоғам • 01 Тамыз, 2019

Алакөл: айдынға лас су қайдан келді?

824 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше әлеуметтік желілерде Алакөл жағалауында демалушылар түсірген бейнежазба таралып, онда айдынға суға құбыр арқылы лас судың қосылып жатқаны көрініс тапқан еді. Бүгін бейнежазбаларда көрсетілген жағдай бойынша Алматы облысы, Алакөл ауданының әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылып, болған жайдың себеп-салдары анықталды.

Алакөл: айдынға лас су қайдан келді?

Мәлім болғандай, көл арнасына құйылған су  жағажайдағы «Көктем Гранд» демалыс орынының  бассейнінен аққандығы анықталды.  Арнайы құрылған комиссия анықтағандай, айдынға құйылған су әлеуметтік желіде шу болғандай әжетхана мен асхана құбырынан аққан қалдық су емес, шомылуға арналған бассейінге тартылған құбыр суы екен.

- Сорғыштан аққан су тоқтады, көл жағалауы таза. Бейнежазбадағы аққан су ешқандай хлорсыз, таза бассейннің көлден алынған суы. Су соратын сорғыш сол уақытта істен шыққандықтан, ішке алынатын су кері қайтқан.  Ал демалыс орынының дәретхана құбыры бөлек жерде орналасқан. Қазір Аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының  мамандары қазіргі уақытта зертханалық сынамалар алуда, - деді оқиғаға орай түсінік берген Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Айдын Чалкенов.

Айдын суының ластануына себепкер болған «Көктем Гранд Ресортс» қонақүй кешені өткен жылы ашылған еді. Бір маусымда 30 мың адамды қабылдай алатын демалыс орыны аймақ бойынша 4 млрд теңге инвестиция құйылған, заманға сай қызмет көрсететін жалғыз кешен  болып отыр.

Жалпы, өткен жылғы демалыс маусымында Жетісу өңіріне орташа есеппен 2 млн турист келген екен. Оның ішінде 1 млн адам Алакөл жағалауында демалған. Бұл көрсеткіштер Алматы облысындағы туристік қызмет көрсету жұмыстарының жақсарып, аймаққа келушілер қатарының 22,2 пайызға өскенін айғақтайды. Жалпы 2018 жылы өңірде 19 млрд теңге жұмсалып, 44 туристік нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 33 нысан Алакөлдің жағалауында іске қосылыпты. Ал туризм саласындағы қызмет көрсету құны 12,9 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ өткен жылы Алматы облысындағы демалыс орындары 721,4 мың туристке қызмет көрсеткен. Бір ғана сервистік қызметтен түскен табыс мөлшері 8,7 млрд теңгені құрапты. Алайда облыстың туристік әлеуеті жоғары болғанымен, демалушылардың көңілінен шығатын сервистік қызмет көрсету жағы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Туризм инфрақұрылымының дамуына бөлінген қаржы жыл сайын көбейіп отырғанымен, нәтиже баяу.

Жылдар арасындағы көрсеткіштерді сараптаған мамандар биылғы маусымда Алакөл жағалауына тағы 1,5 млн адамның келуі ықтимал екенін айтқан еді. Демек көктемде жасалған осы  болжамды меже бойынша облыс алдында 2,5 млн туристке қызмет көрсету міндеті тұр. Әсіресе, көл жағалауына келетін шетелдік туристердің саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл қызмет көрсету нарығының жауапкершілігін екі есеге арттыруға тиіс. Дәл осы жерде шағын және орта кәсіп иелерінің пайда табуы мен кәсіби іскерлігі сыналатын сияқты.  Ал атқарушы билік Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Ақши ауылынан демалыс орындарына дейінгі жолдарды қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталған. 23,8 шақырым жолдағы құрылыс жұмысына 3,036 млрд теңге қаржы жұмсалған. Мұнан бөлек, демалыс аймақтарына апаратын тарау жолдарға да күрделі жөндеу жасалыпты. Мұның сыртында жағажайдағы жарықтандыру, жаяу жүргінші жолын салу, су өткізгіш құбырлар мен арықтар жүргізу бағытындағы жұмысқа 50 млн теңге қаражат қарастырылып, игерілуде.

 

Алматы облысы