Технология • 02 Тамыз, 2019

Қазақстанда термос-вагон шығарылады

689 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда ет, балық, көкөніс секілді тез бүлінетін өнімдерді тасымалдауға арналған  термос-вагондар құрастырылады. 

Қазақстанда термос-вагон шығарылады

Өндірістің бұл түрімен Петропавл ауыр машина жасау зауыты айналысады. Сөйтіп  көрші  Ресейге  экспортталатын болады. Еліміз бен жақын шетелде теңдесі жоқ жобаны жүзеге асыру  тәжірибелі ұжымға сеніп тапсырылған. Қазір мамандар теміржол вагонының қанқасын дайындауға қызу кірісіп кеткен.

«Вагонның әр бөлшегін бөлек-бөлек дайындаймыз. Рамаға кузовты бекітеміз, тежегіш қондырғысын орнатамыз. Ішін полиуретанды жабындымен қаптаймыз. Ең бастысы, ауа өтпегені маңызды», дейді  бас дәнекерлеуші Александр Девисенко.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның  бас директоры Вадим Шақшақбаевтың сөзіне қарағанда,вагонның қызмет ету мерзімі – ширек ғасыр. Сыйымдылығы – 145 текше метр. Оның ішіне салынған өнім  10 күнге дейін бүлінбейді.

Мамандар вагон жасау технологиясын тез-ақ меңгеріп алыпты.  Жұмысшылар айына 50-60 термос-вагон әзірлеуге қауқарлы. Қазір кәсіпорында  жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Жаңа қондырғылар орнатылып, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік тудырылады.

Деректерге сүйенсек, соңғы термовагондар осыдан 30 жыл бұрын Германияда жасалыпты.  Ресей тарапынан зауыт шығаратын өнімге сұраныс  жоғары болатын сыңайлы. Бірқатар компаниялармен қызығушылық танытып отыр.

Кәсіпорын басшылығы вагондарға арнайы GPS  орнатуды да жоспарлап отыр. Сонда  өнімін жіберген компаниялар тауардың қайда және қандай температурада екенін бақылай алады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы