Руханият • 03 Тамыз, 2019

Қаратөбеде Алашорда музейі салынады

780 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының орталығында, 1918 жылы ақпан айында Күнбатыс Алашорданың кезекті сиезі өткен алаңда «Алашорда және Қайыржан Хасановтың мемориалдық музей кешені» ғимаратының құрылысы басталды.

Қаратөбеде Алашорда музейі салынады

Қаратөбе ауылында өткен «Туған жерге бір себің тисе, сен де бақыттысың» атты жерлестер форумы аясында қолға алынған ең үлкен оқиға осы болды. Құны 60 млн теңгеге бағаланып отырған музей құрылысын қолға алған – белгілі өлкетанушы, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Қайыржан Хасановтың ұлдары Ержан мен Нұржан Хасановтар.

Болашақ музейдің іргетасы орнына капсула құю рәсімін Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев пен жоба жетекшісі Ержан Хасанов жасады. Салтанатты шараға марқұм Қайыржан Хасановтың жұбайы Рысты Кәкімқызы қатысып, музей құрлысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, 1918-1919 жылдары Жаһанша Досмұхамедұлы мен Халел Досмұхамедұлы басқарған, әуелі «Ойыл уәлаяты», кейін «Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесі» атанған мемлекеттік құрылымның бір сиезі 1918 жылы ақпан айында дәл осы Қаратөбе ауылында, Шәріп татардың мешітінде өткен екен. Жиынға елге танымал, беделді, билігі жүріп тұрған атқамінерлер мен дін иелері, ел-жұртқа сыйлы ақсақалдар, тіпті алыс Маңғыстаудан да арнайы делегация қатысқан. Осы сиез жайлы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Қаратөбеде болған сиезге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиналды. Бастықтары – екі Досмұқанбетұлы. Сиез мешітте. Мешіт лық толған. Үй іші әбден булықты. Есік берік. Сиезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті айналып алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдады» деп жазған.

Өкініштісі, сиез өткен мешіт ғимараты бүгінгі күнге дейін жетпеді. Бірақ бұрын мешіт тұрған алаңқайға Қаратөбе ауданы әкімдігі осыдан бірнеше жыл бұрын ескерткіш тақта орнатып, тас төсеп, абаттандырған болатын. Алашорда музейі осы тарихи алаңның сәні мен мәнін толықтыратын ғимаратқа айналатын болды.

Жоғарыда айтылғандай, Алашорда музейі өлкетанушы жазушы Қайыржан Хасановтың мемориалдық мұражайымен бір шаңырақта болады. Мұның да мәнісі бар: тірі кезінде «Қаратөбе ауданының Геродоты» атанған Қайыржан ағамыз жүзге жуық кітап басып шығарды. Оның басым бөлігі Қаратөбе өңірінен шыққан танымал тұлғалар, Алаш қайраткерлері туралы болатын. Тіпті Қайырған ағамыздың атасы, қазақтың тұңғыш мұғалімдерінің бірі Төлеген Иманғазиев те жоғарыдағы Қаратөбе сиезіне қатысқаны үшін 1937 жылы ату жазасына кесілген еді. Сондықтан Алашорда тақырыбы – өлкетанушының өмір бойы ізденген, тірнектеп жинаған қазынасы дер едік.

- Музей құрылысын бұйырса келер жылы жазда аяқтаймыз. Оған дейін музейге қойылатын жәдігерлер мен түрлі құнды деректер жинастырыла береді, - дейді идея авторларының бірі Нұржан Қайыржанұлы.

 Батыс Қазақстан