Қоғам • 05 Тамыз, 2019

Халықаралық армия ойындары басталды

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәскеу облысының «Алабино» полигонында V Халықаралық армия ойындары – 2019 сайысының ресми ашылу рәсімі өтті. Биыл ойындар тамыздың 3-і мен 17-сі аралығында 10 мемлекеттің 21 әскери полигонында, Каспий, Балтық теңіздері мен Парсы шығанағының су айдындарында өтеді.

Халықаралық армия ойындары басталды

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл ойындарды Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қы­тай, сондай-ақ алғаш рет Өзбек­стан, Моңғолия және Үндістан өз жерлерінде өткізеді. Жылдан-жыл­ға осы шараға деген қызы­ғушылық арта түсуде. Сонымен бірге қатысушы елдердің саны да ұлғаюда. Осы жылы үздік деген атаққа, жүлделі орындар мен марапатқа Азия, Еуропа, Африка, Орталық және Латын Америкасының 39 елінен 223 команда бақ сынасатын
болады.

Армия ойындарының бағ­дар­ламасына дала, әуе және теңіз машығы бойынша 32 байқау кіреді.

– Қазақстан командасы оның 16 байқауына қатысады. Өткен ойындарда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы көшбасшылар үштігінде болды. Биылғы жылы әскери қыз­метшілеріміз жоғары нәти­же­лерге қол жеткізуге ниеттеніп отыр. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь қорғаныс министрлері, сондай-ақ қатысушы елдердің ресми делегациялары қатысты, – деп атап өтті Қорғаныс ми­нис­трлігінен.

Өткен жылдардың тәжі­ри­бесіне сүйенсек, әскери са­йыстың көрермендері мен әуесқойлары арасында «Танк биатлонын» көшбасшы деп сеніммен айтуға болады.

Әскери ұшқыштар мен байланысшылар, дәрігерлер мен кинологтар, мергендер мен артиллерияшылар, аспазшылар мен инженерлер, теңізшілер мен десантшылар өздерінің шеберліктерін көрсететін болады.

Армия ойындарының аясында Моңғолия аумағында алғаш рет «Ат марафоны» байқауы өтеді. Қатысушылар арасында біздің командамыз да бар.

Қазақстанда Халықаралық армия ойындары – 2019 7 тамызда бастау алатынын айта кеткен жөн. Ел аумағындағы полигондарда «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сұңқар аң­шы­лығы» және «Сенімді қабылдау» атты үш байқау өтеді.