Спорт • 05 Тамыз, 2019

Ел үміті – «Астанада»

149 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен бейсенбі күні футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезең ойындары аяқталды. Еурокубок додаларында бақ сынап жатқан қазақстандық командалардан тек елорданың «Астана» клубы ғана келесі кезеңге жолдама алды. Ал Алматының «Қайраты» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары қарсыластарын жеңе алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты.

Ел үміті – «Астанада»

Әуесқойлар командасын әрең жеңді

«Астананы» Еуродода ойындарында жыл сайын ойнап, деңгейі Еуропалық командаларға жетеғабыл деп мақтанғанымызбен, бейсенбідегі матчтың алғашқы таймында біз білетін «Астананы» тани алмадық. Бірінші 45 минутта жылдық бюджеті Марин Томасовтың табысына жетпейтін «Санта Колома» ойыншылары «Астанадан» әлдеқайда тәуір ойнады. Тіпті ойындағы есепті бірінші болып Андорра командасы ашты. Кездесудің небәрі жетінші минутында «Санта Коломаның» жартылай қорғаушысы Энрик Пи гол соғып, Эричті сан соқтырып кетті. Өз алаңында ойнап, оның үстіне бірінші голды өткізіп алған соң «Астана» ойыншылары әбден абдырады. 20 мүмкіндіктің тек біреуін ғана голға айналдыратын шабуылшы деген дардай атағы бар Янганы айтпағанның өзінде, команданың ең тәжірибелі ойыншысы Дмитрий Шомконың өзі пас беру сәтінде бір емес бірнеше рет қателесіп, тепкен добы командаластарына жетпей жатты. Дегенмен, ойынның 24-минутында бірінші голдың авторы Энрик Пи өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. «Астана» сапына жуырда ғана қосылған исландиялық футболшы Рунар Мар Сигурьонссон пенальтиді сәтті орындап, әрең дегенде есепті теңестірді.

Ойынның екінші таймы да «Астананың» шабуылымен басталды. Бірақ сол шабуылды түйіндейтін футболшы табылмай жатты.  Матчтың 60-минутында алаңға хорватиялық легионер Марин Томасов шыққаннан соң «Астананың» ойыны түлеп сала берді. Томасов жасыл алаңға шыға салып жасындай жарқылдады. Айналдырған 30 минутта қарсыластың қақпасына жалғыз өзі үш гол соғып, командасын өрге сүйреді. Алғашқы голын матчтың 73-минутында салса, араға алты минут салып дубль авторы атанды. Ойынның негізгі кезеңіне қосылған қосымша уақытта матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:1. «Астана» Томасовтың арқасында әуесқойлардан құралған команданы әрең жеңді.

Енді елорда командасы 8 тамыз күні Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Мальта чемпионы «Валлетта» клубын қабылдайды. Қарымта матч бір аптадан соң сырт алаңда өтеді.

Қайраты кеткен «Қайрат»

Газетіміздің өткен сандарындағы шолуымызда «Қайраттың» тағдыры қыл үстінде тұрғанын жазған болатынбыз. Алматының командасы сол «қыл арқаннан» өте алмай, өз алаңында Израиль командасымен тең түсіп, Еуропа лигасынан шығып қалды. Өз алаңында екі гол салып, қарымта матч алдында жағдайын біршама жақсартып алған «Хапоэль» клубы Орталық стадионда өткен матчты аса сақтықпен бастады. Өйткені қарсылас команданың басты мақсаты – қақпаларына гол өткізіп алмау еді. Бірақ «Хапоэльдің» бұл жос­парын «Қайраттың» қорғаушысы Раде Дугалич бұзып жіберді. Бірінші таймның 40-минутында бұрыштамадан көтерген пастан кейінгі қарбалас сәтте Дугалич гол соғып кетті. Осылайша, бірінші тайм «Қайраттың» басымдығымен өтті.

«Қайрат» ойынның екінші бөлігін де шабуылмен бастап, гол соғудың әлегінде жүрген еді. Алайда қорғанысты қымтап жүрген Елдос Ахметов 55-минутта екінші сары қағазын алып, командасын ауыр жағдайда қалдырды. Кездесудің қалған 35 минутын «Қайрат» 10 ойыншымен өткізуге мәжбүр болса, 63-минутта есепті ашқан Раде Дугалич абайсызда өз қақпасына гол соғып, жығылған үстіне жұдырық болды. Ойынның соңына дейін есеп өзгерусіз қалды. Бұл матчта «Қайрат» футболшыларының жүйкесі әбден сыр берді. Футболшылар гол соғудың орнына бірінен соң бірі қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ахметовтің ізін ала Ғафуржан Сүйімбаев, қосалқы құрамда отырған қақпашы Владимир Плотников та қызыл қағаз алды. Сондай-ақ Раде Дугалич, Айбол Әбікен, Исламбек Қуат сары қағазбен жазаланды. Осылайша, қайраты кеткен «Қайрат» Еуропа лигасын екінші кезеңнен аяқтауға мәжбүр болды.

«Ордабасы» орға жығылды

Чехияда өткен алғашқы ойыннан кейін де «Ордабасының» келесі кезеңге шығу мүмкіндігі бар еді. Сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнағанымен, қарсылас алаңында соғылған гол екі гол болып есептелетінін біз айтпасақ та жанкүйерлер жақсы біледі. Сондықтан «Ордабасыға» Шымкенттегі ойында 0:0 есебі де жеткілікті еді. Алайда «Млада-Болеслав» командасы Шымкентке бір бармағы бүгулі келген екен. Кездесудің 8-минутында Марек Матейовски есепті ашты. 33-минутта «Ордабасының» капитаны Пабло Фонтанелло өз алаңында ойын ережесін бұзып, төреші пенальти белгіледі. Оны Николай Комличенко сәтті орындап, командасын 0:2 есебімен алға шығарды. Тайм аяқталар тұста Алексей Щеткин мергендігімен көзге түсіп, үміт отын қайта жаққандай болған еді. Бірақ жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады.

Екінші тайм басталған бетте «Млада-Болеслав» футболшысы Мурис Мешанович соққан үшінші гол «Ордабасының» мерзімінен бұрын Еуропа лигасынан үмітін үзді. 56-минутта Абдуллай Диакатенің пенальтиден соққан голы командасына жеңіс алып келе алмады. Қорытынды есеп – 2:3.

«Ордабасы» командасы биыл Еуропа лигасында біраз жетістікке жету мақсатында жыл басында бірнеше тәжірибелі футболшыны өз сапына қосып алған еді. Мысалы, «Астанадан» өте тәжірибелі деген қақпашы Дмитрий Непогодовты, Еурокубок ойындарында тәжірибесі бар қорғаушы Сергей Малый мен Марат Быстровты, шабуылшы Алексей Щеткинді, Болгарияның «Лудогорец» клубынан жартылай қорғаушы Жоао Пауло мен Май Махлангуды жалға алғанымен, аталған футболшылардан Еуродода ойындарында қайран болмады.

Енді Еурокубок ойындарында ел болып «Астана» командасының тілеуін тілейміз. Биыл да Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып, ел мерейін асырады деген үміттеміз. Қорыта айтқанда, ендігі ел үміті – «Астанада».