Аймақтар • 05 Тамыз, 2019

Қарағанды облысында дала өрті дамыл бермей тұр

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Қарқаралы, Осакаров және Ақтоғай аудандары аумағында дала өртеніп, өрт сөндірушілерді әуре-сарсаңға салып жатыр.

Қарағанды облысында дала өрті дамыл бермей тұр

Негізі, даладағы өртті сөндіру  жергілікті атқарушы биліктің мойнындағы шаруа болса да, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері көмектен қашқан емес. Мысалы, осының алдында ғана Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылынан шығысқа қарай 10 шақырым жерде 45 гектар аумақтың құрғақ шөбі отқа оранғанда оны сөндіруге облыстық ТЖД бөлімшелерінің 25 қызметкері мен 5 техника бірлігі жұмылдырылған болатын.

Айта кету керек, өрт көбінесе техника бара алмайтын қиын жерлерде шығады. Ұсақ шоқылар мен бұталар өртті сөндіруге кедергі келтірсе, жел мен құрғақ шөп тілсіз жаудың өршуіне тікелей себепкер болып жатады. Отпен алысқан өрт сөндірушілер кей жағдайларда суды бірнеше шақырым жерден тасуға мәжбүр болады. Неге десеңіз, қазіргідей құрғақшылық кезде маңайдағы өзендер мен бұлақтардың көбінің суы тартылып қалған.

Жыл басынан бері облыста 241 дала өрті болып, оның 187-сі ТЖД бөлімшелерінің көмегімен сөндірілді. Өрт шалған аумақтың көлемі 7 мың гектардан асады.

Жасыратыны жоқ, даладағы өрттің басым бөлігі адамдардың жауапсыздығынан, немқұрайдылығынан болып жатады. Шала сөндірілген от, шылымның тұқылы,  бықсыған қоқыс... осының бәрі күн ыстыққа өрттің  шығуына себепші болады. Тіпті, лақтыра салған шыны сынығының өзі күн көзі түскенде құрғақ шөптің тұтануына әкеп соқтырады. Сол себепті, табиғат аясында жүргенде от жағу мәселесіне өте жауапкершілікпен қараған жөн.

 

Қарағанды облысы