Аймақтар • 06 Тамыз, 2019

Ауыл әлеуетін арттырудың амалдары

712 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр Елбасының кезекті Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасы туралы айтылғанда, ауылдағы ағайын елеңдеп қалған-ды. Жыл басында Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді. Nur Otan партиясының XVIII съезінде де осы жобаға мән берілді.

Ауыл әлеуетін  арттырудың амалдары

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігі қолға алған жоба көп ұзамай Ұлттық экономика министрлігіне өтті. Мәселенің анық-қанығын анықтамақ болып осы министрлікке жолдаған сауалымызға  вице-министр Ермек Алпысов жауап берді. Оның айтуынша қазір жоба бойынша жұмыс үш бағытта – ауылдық жерлерді жаңғырту, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық жерлерде еңбек идеологиясын дамыту бойынша жүріп жатыр. Ауылға бағытталған жо­ба­ны жүзеге асыру үшін алда­ғы үш жылға рес­пуб­ликалық бюд­жет­­тен 90 млрд теңге бөлінген. 2019 жылы бөлінген 34,7 млрд тең­­ге­нің 30 млрд теңгесі рес­пуб­­ли­ка­лық бюджеттен, 4,7 млрд тең­ге жергілікті бюджеттен бөлініпті.

Одан әрі вице-министр жоба шеңберінде 700 мыңға жуық адам тұратын 53 ауылдық елді мекен іріктеліп алынғанын атап өтті. Ал жобаны тиімді іске асыру үшін Премьер-Министр орын­ба­сарының төрағалығымен Жо­балық офис құрылған. «Апта сайын өңірлермен селекторлық кеңестер өткізілуде. Осындай өңірлік офистер әкімдердің бас­шы­лығымен облыстарда құ­рылған. Министрлік жанынан құрамында Парламент Мәжі­лісінің депутаттары, Nur Otan пар­тия­сының, қоғамдық бірлестік­тер­дің өкілдері бар үйлестіру қоғам­дық кеңесі құрылды», дейді Ермек Алпысов.

Жалпы, Қазақстанда халықтың орналасу тығыздығы 1 шаршы шақырымға 6 адамнан келеді екен. Салыстыратын болсақ, Нор­вегия, Финляндия сияқты елдерде бұл көрсеткіш – 12-15 адам. Ауылды дамыту туралы мәселе көте­рілсе, қарсы топ «мұндай арақа­шықтық жағдайында жол және басқа жобаларды іске асыру тым қымбатқа түседі. Бір ауылда он шақты адам тұратын болса, оған жол салудың қандай мән-мағынасы бар?

Ол жерде мектеп және басқа әлеу­меттік нысандар ұстау да шығын. Сон­дықтан мемлекет еліміздегі 6 жарым мыңға жуық ауылдың барлығын бірдей ұстап тұра алмайды» деген пікір айтып келген болатын. Ұлттық экономика вице-министрі мұндай сыннан хабардар екенін, көп көңіліндегі күмәнді сейілту үшін халықаралық сарапшылардың көмегіне жүгініп, көрсеткіштерді есептеудің әдіс­те­месі мен модельдерін жетіл­діруге кіріскендерін жеткізді. Нә­тижесінде қазақ ауылдарының орналасу факторы бұл жобаны жүзеге асыруға кедергі келтір­мейтіні анықталды. Жұмыс тобы көрсеткіштерді есептеу әдіс­те­месін өзгерту бойынша кластерлік тәсілге жүгінген. Бұл жүйе бойынша ауылдық елді мекен жеке емес, жергілікті топтар – кластер­лер шеңберінде қаралады. Бас­қаша айтқанда, клас­тер ауылдардың жиынтығы ретінде қарастырылған.

«Ауылдық кластерлердің ор­та­лық­тары тірек ауылдар болып есептеледі. Бұл ретте көлік байланысы бар кластер орталығынан 10-15 км қашықтықта орналасқан жақын маңдағы шағын елді мекен спутник ауыл болып танылады», дейді вице-министр Е.Алпысов.

Қазір даму әлеуеті жоғары ауылдық кластерлер негізінен ірі қалалар мен ауыл­дар, ірі өзендер, темір жолдар және автомагис­тральдар жанында орна­ласқан. «Жоба шеңберінде клас­тер орта­лы­ғы болып саналатын тірек ауыл­­да әлеуметтік және ин­женерлік инфра­құ­рылымдар дамыту жұмыстары жүр­гізіліп, ауылдық елді мекендердің қасын­да шоғырланған спутник ауыл­дарға бағытталған коммуникация­ларды дамыту іс-шаралары іске асырылатын болады», дейді Ұлт­тық экономика вице-министрі Е.Алпысов.

Біздің өз «ковбойымыз» болады

Батыс пен АҚШ агросек­то­рын­­­дағы жетістіктер кобвой-мал­­шы, диқандарға деген көз­қа­рас­ты өзгертуден басталған екен. «Голливуд кинолары арқы­лы ков­бойлардың мәртебесі асқақ­тап кетті» деген пікірді батыс са­рапшыларының өзі мойындай­ды. Бізге де сол көзқарасты қа­­лып­тастыратын кез келді» деген сөз­ді айтып келе жатқанымызға 30 жыл болды. Мәліметтерге сен­сек, ауыл шаруа­шылығында жылына бір адамға 3 мың АҚШ дол­ларына жуық еңбек өнімі тең кел­се, дамыған елдерде бұл көр­сет­кіш – 50-70 мың АҚШ доллары шамасында екен. Астына жарау ат мінген, басында қалпағы, қолында арқаны, беліне екі бірдей «кольт» тапаншасын қыстырған, джинс киген (қазіргі джинсты алғаш дәл осы ковбойлар киген) ковбой бүгінде әлемдік брендке айналды.

Малшының мәртебесін арттыру ар­қылы ауыл шаруашылығын өркендетуге болатынын анықтау үшін маман болудың қажеті жоқ. Экономист Мырзакелді Ке­­мел қазіргі ауылды 1990, тіп­ті 2000 жылдардағы ауылмен са­лыс­тыруға бол­май­тынын айтады. Мал ұстаса аш қал­майтынын ауылдағы ағайын ұмыт­қан жоқ. Кедергі – насихаттың жоқты­ғында. «Ата­мекен» жүргізген талдау­ға (скринингке) сәйкес, Ақтөбе, Аты­рау Түркістан облыстарының өзінде «қара­пайым заттар экономикасы» өндірісіне қажетті жүздеген жаңа мүмкіндіктер бары анықталды. Тиімді жұмыс жүргізілсе,  қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп-ақ миллиардтап табыс тауып, қосымша мың­даған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Мырзакелді Кемел осы тұста қазақтың қал­талы азаматтарының басым көпшілігі асыл тұқымды бәйге аттарын баптаумен айналысатынын айтып өтті. Санамаласақ, олар ел ішінде көп. «Олардың көпшілігі ата дәстүріне хобби деп қарайды. Мұны халықтық сипатқа айналдыру керек. Қалталы азаматтарымыз елге барсын, олардың мал шаруашылығын көтеруіне жағдай жасасын. Сол кезде қазақтың ковбойлары да, ранчолары да шығады. Біз солардың көмегімен-ақ қазақ ауылдарын өмір сүруге жайлы шағын қалаларға айналдырамыз», дейді М.Кемел.

Ұлттық экономика, Ауыл ша­­руа­­шылығы министрліктері бұл ж­о­баға үлкен дайындықпен кел­ге­ндерін айтып отыр. 2013-2014 жыл­дары ауыл-аймақтардың да­муын бағалау және елді мекен­дерді жіктеу бойынша олар­дың барлығының өндірістік және әлеу­меттік-инженерлік инфрақұ­ры­лымдарына толық есептеу жүргізіліпті. Осының нәтижесінде 2020 жылға дейінгі аймақтарды даму бағдарламасы қабылданды.  2020 жыл табалдырықта тұр. Қар­жыны жұмсаудың сапалы тетігін анықтамай жатып қара­жат бөлудің тиімділігі шамалы болатынын түсінетін кезге жеттік. Мұны ауыз сумен толық қам­тамасыз етуді мақсат еткен «Ақбұлақ» бағдарламасына бө­лінген миллиардтардың тиімсіз жұмсалғанынан-ақ көруге болады. Бұл бағдарлама өңірлерді дамыту бағдарламасының көлеңкесінде қалып қойды. Сонымен бірге осы ауыл мен ауылдық аймақтарды қол­дау бағытындағы мемлекеттік саясат­тың іске асырылуына толық жауап бе­ретін, барлық функцияларды ұжым­дас­тыратын бір орган анықталуы керек.

Қандай жобалар қаржыландырылды?

Экономист М.Кемел алдымен осы мәселені пысықтап алу ке­ректігін айтып өтті. Жыл басын­да сол кездегі Премьер-Минис­тр Бақытжан Сағынтаев 2008-2018 жылдар арасында қаржы­лан­дырған жобалардың нәтижесіне мем­лекеттік деңгейде сұрау салға­нын ұмытқан жоқпыз. Осы мәсе­лені қазіргі Үкімет басшысы Ас­қар Маминнің ескеруі керек деген ойдамыз. Үкіметтің экономи­калық блогына аталған жобаны жүзеге асыру үшін осыған дейінгі қабылданған бағдарламалардың қалай орындалғанын нақтылап алу керек. Қазір ауылға бағыт­тал­ған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, ак­цио­нерлік қоғамдар жетіп арты­лады.

«Ауылға бөлінген қаржы талан-таражға түсіп кететіні де рас. Бұл жерде әкімдердің қауқарын арттырған абзал. Үкіметтен бө­лінген қаржыны облыстың бюд­жетіне, одан ауданның бюдже­тіне бөлу әдісін шектеп, қаржы діт­теген жеріне жетуі үшін тікелей ауылдық әкімдіктердің бюджетіне аударған жөн. Ауыл әкімдерінің бел­сенділігін арттыратын кез әлдеқашан жетті. Бұл біз үшін өзекті мәселе», дейді М.Кемел.

Экономистің пайымдауынша, ауылдар туралы мәлімет Үкіметтің қо­лында бар. Ауылдардың әлеу­мет­тік, инфра­құрылымдық жағ­дайы да белгілі. «Ендігі міндет 2008-2018 жылдар арасында қар­жы­ландырған жобаларды түген­деп шығу керек. Кейбіреулер үшін тым ауыр болса да біз бұл мін­детті орындауымыз керек, дей­ді М.Кемел.

Ауылдар қалашыққа айналуы керек

Мұнайлы аймақтарда әрбір елді мекеннен шағын қалаларды ашуға мүмкіндік бар. Тіпті Түр­кістан облысында ураны бар Созақ, мақта өсіретін аймақ­тар Жетісай мен Мақтарал ау­дан­­дарын­дағы елді мекендер­ден шағын қалалар ашуға болады. Түркістан об­лысының Сары­ағашы мен Өз­бекстанның аста­насы Ташкент­тің арасы 20 ша­қырымға жет­пейді. Сарыағаш­тың Түркістан орта­лығында аг­ломерация көзі атануға мүм­кіндік бар. Тоғыз жол­дың торабы. Өзбекстанның Қара­қалпақ­станымен жалғайтын темір жолы да бар. Біз Сарыағашта өндіріс аймақтарын көбірек ашу арқылы 250-500 мың тұрғыны бар ірі қалаға айналдыра аламыз. Іргедегі Ташкенттің дамуы Сарыағашқа дем береді.  Мұн­дай жобаларды Алматы облы­сының Қорғас бекеті орналасқан ай­мақтардан, Жаркент қаласының жанынан қарастыруға болады.

«Біз Қытай сияқты алып көр­ші­міздің мүмкіндігін шекараларға қала салу арқылы ғана пайдалана аламыз. Қала мәртебесіне үміткер елді мекендердің 30 немесе 50 мың тұрғыны болуы керек» деген түсініктің күні өтті. Біз гео­графиялық мүмкіндігімізді пайдалануымыз керек», дейді М.Кемел.

Саясаттанушы-сарапшы За­­мир Қа­ра­жанов ауылды кө­те­руге бағытталған су жаңа жобаның кө­ңіліне қонатынын айтты. Себебі Қазақстанның экономика­сын алға сүйреп жүрген аймақтар енті­гіп, сыр беріп қалды. Сарапшы мұның себебін бүкіл елдегі жұмыс күш­тері­нің мүмкіндігі тек ірі қала­ларға жұмыл­ды­рылып келгенін айтты.

«Миллионер қалалар» деген түсініктің күні өтті қазір. Батыс елдерінде, ЕО ел­дерінде қалалар адам санының көбейе бе­руіне жол бергісі келмейді. Басы артық адам экологиялық және әлеуметтік жағ­дайды ауырлатып жібереді. Гер­манияда, Норвегияда 15-20 мың тұрғынымен экономикасын өрге сүйреп отырған қалалар бар. «Адамдарда жұмыс, кәсібін ашуға жеңілдіктер, өндіріп отырған тауарларына сұраныс болса, қалған шаруаны өздері-ақ дөңгелетіп алып кетеді. Сол себепті үкімет бұл жобаны қаржыландырмас бұрын дамуға ыңғайы бар елді мекендердің тізі­мін қайта жасап шығуы керек», дейді З.Қа­ражанов. Саясаттанушының айтуынша, бұл жобаны аяқсыз қалдырмай, жүзеге асырсақ, Қазақстанда болашағы жоқ елді мекен қалмайды.

 

АЛМАТЫ