Қоғам • 06 Тамыз, 2019

Еңбек нарығындағы жаңа тренд: Корпоративтік университеттер – уақыт талабы

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қызметкерлердің нарықтағы бәсекеге сай болуы, білімі мен тәжірибесі компаниялардың негізгі стратегиялық ресурсына айналды. Сондықтан жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін кез келген ресурс сияқты жұмысшыларды да үнемі жетілдіріп, бағыттап, сынап отыру шарт. Осының тиімді бір жолы – корпоративтік университеттер. Мекеменің экономикалық жағдайының тұрақтылығын сақтай отыра, жұмысшыларын кез келген уақытта компанияның қалыптасқан жүйесінен шығармай оқыту бүгінде көптеген халықаралық компанияның тәжірибесінде бар.

Еңбек нарығындағы жаңа тренд: Корпоративтік университеттер – уақыт талабы

Корпоративтік университет ұғымы еңбек нарығында 1950 жылдары қолданысқа енді. 1914 жылдан бері қызметкерлерін оқытудың тиімді әдістерін іздеп келген General Electric компания­сы 1956 жылы жүйеленген оқу орнын ашады. Одан кейін 1961 жылы әйгілі McDonald's корпорациясы ресторан менеджментін оқытатын Hamburger University-дің жұмысын бастайды. Бүгінде 80 000 түлегімен мақтанатын оқу ордасы әлі де корпоративті уни­вер­ситеттер көшін бастап тұр. АҚШ-та басталған феномен көп ұзамай әлемнің басқа да мем­­ле­кеттерінде жалғасын тапты. 1988 жылы АҚШ-та корпо­ративті уни­вер­ситеттер саны 400 болса, бүгінде 4000-ға жетіпті.

Корпоративті универси­тет­тердің міндеттері әр алуан. Де­генмен негізгі мақсаты – қыз­меткерлер мен басқару жүйесін үздіксіз дамытып отыру. Әлемдік корпорациялардан үлгі алған компаниялар елімізде де бар. Бүгінде құрылыс саласындағы үздік компаниялардың бірі саналатын BI Group пен «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қо­ры» АҚ өздеріне тиесілі уни­вер­ситеттерімен мақтана алады.

Әр университеттегі дәріс­тер­дің форматтары мен оқу мер­зімі әртүрлі. Бірақ тек өз қыз­мет­кер­лерімен шектеліп қоймай, ма­ман даярлаудың қалыптасқан үл­гісін басқа да компаниялармен бө­лісуге әзір. «Самұрық-Қазына» кор­поративтік университеті ал­­ға­­шында «ҚазМұнайГаз» ком­­па­ниясының бастамасымен ка­др­­ларды дамыту орталығы ре­тін­де ашылды. 2009 жылы «Са­мұ­рық-Қазына» компаниясына өтіп, университет ретінде қайта құ­­рылады. Содан бері оқу орны 223 семинар өткізіп, 19 903 ма­ман оқытқан. Оған қоса қашық­тық­­тан оқыту жүйесі де қолға алын­­ған. Виртуалды университет бағ­­дар­­ламасы бойынша 78 курс ұсынады.

Компания мамандарды даярлау міндетін толықтай университетке жүктеген. Өйткені оқу орнының курстары басшыларға арналған бағдарламадан бастап, «HR Qyzmet» деп аталатын кадр мамандары курстары, команда құруға арналған шараларды да қамтыған. Сонымен бірге корпоративті семинарлар өткізіп тұрады. Жыл са­йын университет түлектері арасында конкурс жарияланып, үздіктерін университетте тегін оқытып, компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Ал BI Group компаниясына тиесілі BI University елімізде ғана емес, Ресейдің Иркутск қаласында да маман даярлайды. Оқу орны төрт бағытта жұмыс істейді. Кәсіби бағыт сала бойынша мамандардың білімін жетілдірсе, кор­поративті бағдарламалар компа­ния этикасы, бизнес стратегиясы сияқ­ты дағдыларды үйретеді. Басқару бағдар­ла­малары көшбасшыларды даяр­лап, еңбек нарығындағы қажетті бі­лікті­лік­терді оқытып, тек компания ме­нед­­жер­лерімен шектелмей, басқа да ұйым­дар­дың басшыларына қабілетін артты­­руға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тұл­ғалық даму бағдарламалары адам бо­йындағы жеке қасиеттер, кәсіби да­муға қажетті дағдыларды оқытып, сту­денттерге бағыт-бағдар беретін тренингтерден тұрады. Универ­ситет бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Ир­­кутск қалаларында жұмыс істейді. BI Uni­versity де отандық ЖОО сту­дент­терін іріктеп, оларға компания­ның қа­лыптасқан ережелері мен мәдение­тін үйретіп, келешекте құрылыс сала­сын­дағы үздік компанияға жұмысқа орна­ласуға мүмкіндік береді. Оқу орны 2012 жылы ашылғаннан бері 7000-нан астам маман даярлаған. Олардың 58-і бүгінде корпоративті университет тренерлері.

Елімізде корпоративті білім беруді қолға алуға мүмкіндігі бар компаниялар баршылық. Мәселен, «ҚазМұнайГаз», «Қазақмыс», «Қазақстан темір жолы» немесе жылына 19,2 млрд теңге табыс көретін 2000 жұмысшысы бар «Баян Сұлу» кондитерлік компаниясы өз мамандарын өздері даярлауға мүм­кін­діктері бар. Корпоративтік университеттер, яғни өз кадрларын өздерінің қалыптастырып үлгерген ережелері, жүйесіне сай оқыту компания шығынын азайтпақ. Өйткені онсыз да жиі өзге­ретін еңбек нарығының сұранысына сәй­кес мамандарды қайта оқыту, білік­тілігін арттыру компанияның өсуі­нің алғышарты. Training Magazine ха­лық­аралық журналы 2017 жылы шағын кәсіпорындар қызметкерлерін қайта оқыту үшін адам басына 1 886 АҚШ долларын жұмсағанын анықтаған. Оған қоса, әр қызметкерге қайта даярлау курстары үшін орташа есеппен 33,5 жұ­мыс сағаты қажет екен. Patriot Soft­ware компаниясы жұмысшылар жала­қы­сының 21,4 пайызын қайта даяр­лау курстарына жұмсайтынын айта­ды. Еліміздегі статистикаға көз жүгірт­сек, 2017 жылы 89 мың отандық мұғалім­ді қайта даярлауға 13,3 млрд теңге бөлін­ген. Дәл сол жылы республика бойынша мұғалімдердің жалпы саны 325 мың болғанын ескерсек, қалған мұғалімдерді жаңа бағдарламаға сай қайта даярлау үшін тағы да 35 млрд теңге қажет екен.

Сарапшылар корпоративтік университеттер арқылы компанияның кадр­ларды оқытуға кететін шығынын 10 пайыздан 50 пайызға дейін қысқартуға болатынын айтады. Көршілес Ресейде корпоративтік университеттер саны жыл санап артып келеді. «Газпром», «ЮКОС», «Росинтер Ресторанс», «Ингосстрах», «Евросиб», «Сбербанк» компанияларының басшылары корпо­ративтік университет материалдық шығындардың азаюымен қатар, мекеме жұмысының тиімділігінің артқанын айтады. «Ингосстрах» компаниясының мамандардың біліктіліктілігін арттыру орталығының басшысы Любовь Гвоздилина қызметкерлерді компания ішінде оқыту арқылы бір жылда 76 000 АҚШ долларын үнемдегенін айтады. Оның айтуынша, 2000 жылы компания қызметкерлерінің 76 пайызы ерікті түрде қайта даярлау курстарына жазылуды бастаған.

Жоғарыдағы статистика мен әлем­дік компаниялардың мысалдары ма­мандарды компания ішінде оқыту тек экономикалық тұрғыдан бөлек, қызметкерлерді ынталандыру, жаңа технологияларға қызықтыру, уақыт үнемдеу жағынан да тиімді екенін дәлелдеп отыр. Жаңа деңгейді бағын­дырған маманның жаңа лауазымға көте­рілері сөзсіз. Бұл қызметкерге жігер мен сенім беріп, үздіксіз дамуға жетелейді. Экономикалық шығыны былай қалғанда, университет түлектерінің арасында үздіктерін таңдауға, оларды қалыптасып үлгерген ережелер мен жүйеде оқытып, компанияның дәстүрі мен мәдениетін, мақсаты мен міндетін еңбек нарығына енді қадам басқан жас маманға сіңіруге, бейімдеуге мүмкіндік береді. Университет түлектері өз түй­гендерін әріптестеріне үйретіп, мекеме ішінде қызметкерлердің бірін бірі қол­дау сияқты маңызды әрі жақсы дәс­түр қалыптастырады. Басқаша айт­қанда, корпоративті университет мекеме шығынын азайтып қана қоймай, жұмыс тиімділігін арттыру, еңбек на­рығындағы сұранысқа дайын болу, мекеме ішіндегі атмосфераны жақсарту, қызметкерлер арасындағы, жұмыс бе­руші мен жұмысшы арасындағы байла­нысты нығайтуға себеп болатын орта.