19 Наурыз, 2010

ХАЛЫҚ ҚАЗА БОЛҒАНДАРМЕН ҚОШТАСТЫ

691 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Осыдан бірер апта бұрын Үр­жар ауданының Қаратал және Көк­терек ауылдарының ара­сын­да, Мақаншы-Бақты тасжолының 5-ші шақырымында жоғалып кет­кен “МИ-8” тікұшағының сы­нық­тары бір тәуліктен кейін әрең табылды. Үржар ауданындағы қатты боран салдарынан апаттың неден болғанын анықтау, ”қара жәшікті” тауып алу қиынға соғып тұр. Таяуда мемлекеттік комиссия мүшелері апаттың неден болғаны жайлы ақпарат құралдары өкілдеріне хабар таратты. Бастапқыда тікұшақ әуеде жарылып кеткен соң оның сынық­тары 800 метрге дейін шашылған деген хабарды естідік. Ондай жағдайда, әрине, адамдар денесін табу қиынға соғатыны бел­гілі. Ал Көлік және коммуни­кация вице-министрі, мемлекет­тік комиссия­ның төрағасы Еркін Дүйсембаев журналистерге тік­ұшақтың апатқа ұшырауына ауа-райының қолай­сыз болғаны кінәлі деп айтты. ”Әзірше апат­тың неден болғанын дәл болжау қиын. Себебі, боран толастар емес, сондықтан бір айдан кейін ғана белгілі болады”, деді ко­миссия төрағасы. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовтің айтуынша, апат­тың себептері бірнеше бағыт бой­ынша анықталуда. Бір мә­селені ғана нақты айтуға болады, ұш­қыштар В.Столбовский, Ю.Тю­р­­ников, бортмеханик С.Ба­рабанов, дәрігерлер А.Стрел­ьник, В.Тюк­тяева өз­гелерді құтқарамыз деп өз жан­дарын қиды. Ма­қаншы және Благодарственное ауылдық ок­руг­терінің әкімдері Е.Са­ғым­беков пен Б.Ибраев тік­ұшаққа жерлес­теріне қолғабыс жасасақ деген ой­мен отырған. Ал 17 жасар Қ.Қа­лиев қатты сырқат­тан­ған соң дә­рігерлер оны отыр­ғы­зып алып, аудан орталы­ғын­да­ғы ауруханаға жеткізуді ой­лаған. Ақыры сегізі бірдей оқыста қаза тапты. Мұның алдында облыс әкімі Б.Сапарбаев қайтыс болған­дар­дың отбасылары мен туған-туыс­тарына көңіл айтып, оларды жер­леу және отбасыларына көмек көр­сету жөнінде комиссия құр­ған. Қаза тапқандардың отба­сы­ларына Үкімет қолдау жасамақ. Об­лыс әкімінің ұйғарымы бой­ынша әр отбасына 1 миллион теңгеден көмек көрсетіледі. Сәрсенбі күні үш тікұшақ мү­шелері және екі дәрігермен қош­тасу рәсімі Өскемендегі “Метал­лургтер” мәдениет сарайы алдын­да өтті. Оған мыңдаған қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, олардың азаматтығы ешқашан ұмытыл­май­­ты­нын, Елбасы Н.Назарбаев­тың қайғыға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдағанын, қаза тапқандарға қолғабыс жа­сау­ға тапсырма бергенін айтты. Үр­жар­да да үш азаматты жерлеу рә­сі­міне тұрғындар мол жиналды. Ойды ой қозғайды. Тікұшақ­пен ұшу шынында да қауіпті ме? Облыстық төтенше жағдайлар жө­ніндегі департамент қарама­ғында бірнеше ”МИ” тікұшақ­тары, со­сын бір-екі жеке меншік компа­ния­да шағын тікұшақтар бар кө­рі­неді. Олардың біразы ес­кір­ген, қан­ша сылап-сыйпаса да қау­іпті. Ен­деше, әуе паркін жа­ңа­лап, қа­зіргі жетілдірілген жаңа тік­ұшақ­тардың ауа райы өте қолайсыз, қыс­та бораннан көз жазбайтын Кен­ді Алтайға көбірек бөлсе деген ой бар. Рас, жақында Үкімет об­лысқа 1 миллиард 200 млн. теңге бөлді. Екінші мәселе, би­ылғы ұзақ әрі қатал қыста қа­жетті техни­ка­лардың жетіспейтіні дәлелденді. Жақында Оңтүстік Қазақстан және Павлодар об­лыс­тарынан бір­неше техника кө­мек­ке келді. Ол үшін сын сәтте қол­да­рын созған облыс басшыла­рына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.