Бүгінгі таңда АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға арзандап, 147,6 теңгеден сатылып жатыр. АИ-95/96 маркалы бензиндер де 3,8%-ға арзандап, 168,6 теңгеге тұрақтады. Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Үкімет отырысында Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кеніштерінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары мұнай өндірісінің қарқынын күшейтетінін, Қашағанда жөндеу жұмыстары мерзімінен 10 күн бұрын аяқталғанын тілге тиек етіп, қазіргі өндіріс көлемі рекордтық көрсеткішке – тәулігіне 400 мың баррельге жеткенін хабарлады.
– Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аяқталғанда өндіріс көлемі тағы ұлғаяды. 2024 жылға қарай Теңіздегі мұнай өндіру көлемі қазіргі 27 млн тоннадан 39 млн тоннаға жетеді. Қашаған кен орнынан биыл тәулігіне 370 мың тонна шикізат алынса, 2024 жылы 450 мың баррель мұнай өндіру жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай көрсеткіш жылына 104 млн тоннаға жетуге тиіс. Теңіз кен орнын кеңейту жобасы жалғаса береді. Бұл бастамаға 37 млрд АҚШ доллары жұмсалады. Қазақстанда 2018 жылы – 90 млн, 2017 жылы 86,2 млн тонна мұнай өндірілді, – деді министр.
Төртінші МӨЗ керек емес пе?
Қ.Бозымбаевтың жағымды ақпараттарды таратуының себебі кейінірек белгілі болды. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға төртінші мұнай зауытының керегі жоқ.
– «ҚазМұнайГаз» нарықты, мүмкіндіктер мен трендтерді зерттеуге қауқарлы компанияларды жалдап, соның нәтижесі бойынша мәселенің мән-жайын анықтап, мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің балансын қайта зерделедік. Сөйтіп, осындай шешімге келдік, – дейді Қ.Бозымбаев.
Отандық БАҚ-тарда еліміздегі 3 МӨЗ-дің қуаты толық іске қосылмай келе жатқаны жиі көтерілетіні белгілі. Бұл сауалға да министрдің жауабы дайын екен:
– Толық қуатымен жұмыс істемесе де 3 мұнай зауыты өндіріс көлемін артығымен орындап отыр. Осы тұрғыдан алғанда да бізге мұнай зауыты қажет емес, – деп сөзін бір түйіп өтті Қанат Бозымбаев.
Жалпы, Қазақстанда төртінші мұнай зауытын салу туралы әңгіменің тарихы 2014 жылдан басталады. Сол кезде таңдау Ақтауға түскен-ді. Бұл идеяны қолдаушылар Ақтаудың шикізат қорына жақын орналасқанын, Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы темір жол арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресей мен Еуропа елдеріне өнімді экспорттауға болатынын алға тартқан еді. Бірақ мұның бәрі кейін жүзеге асырылмай, бос сөз болып қалды.
Министрлік ұсынған мәліметке сенер болсақ, Беларусь, Қырғызстан елдері біздің бензинге қызығушылық танытып отыр. Қазақстан жағы бәсекелестіктің алдын алу үшін оларға реэкспорт жасамау туралы шарт қойған.
– Біз серіктестеріміздің Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін үшінші елдерге реэкспорт жасағанын қаламаймыз. Келіссөз сәтті өтеді деп үміттенеміз, – деді Қ.Бозымбаев.
Бұдан біраз бұрын Энергетика министрі Қазақстан болашақта Қырғызстан, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне бензин экспорттайтынын мәлімдеген болатын.
Қазақстанның көмірсутегі мен дайын өнімдерінің үшінші елдерге экспортталуы бізге экономикалық жағынан тиімді. Бірақ оның кері әсерлері де бар деп санайды сарапшылар. Экономист Константин Смирнов бізге берген сұхбатында Қазақстан жанармай экспорттамақ елдерге дәл қазір жанармайды Ресей жеткізіп отырғанын да ұмытпау керек дейді.
– Алдағы күзде, жиын-терім жұмыстары басталған кезде нарықтың осы сегментіндегі бәсеке Ресей мен Қазақстанның арасында өтеді. Сол себепті Мәскеу Астанаға бензин бағасын алдағы уақытта қазіргі деңгейден түсіруге жол бермеуі мүмкін. Біз көрші елдерге бензин сатуды бастағанда өзімізде баға көтерілуі мүмкін. Өйткені біздің нарық профициттен, яғни артық бензиннен арыла бастайды, – дейді Константин Смирнов.
2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай энергетикалық нарық пайда болады. Бұл мұнай-газ және мұнай өнімдерінің бағасын теңестіреді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл да қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсіреді.
Сарапшылар Энергетика министрлігі баға арзандайды деп қоғамды ерте қуантып қоюы да мүмкін екенін айтады. Үкімет 2015 жылы жанар-жағармай тапшылығының алдын алу үшін АИ-80 маркалы бензиннің бағасын реттеуден бас тартып, еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Сарапшылар бұл шешімге нарықтың заңымен жүру қажеттілігі себеп болғанын, Үкімет бағаны нарықтың өзі реттеп отырады деп үміттенгенін айтады.
– Бірақ Үкімет ішінара қателесті. АИ-80 маркалы бензинді қалталылар емес, орта тап пайдаланады. Мұнайлы ел бола тұра жыл сайын дизель отынын Ресейден аламыз. Ол жетпесе, іргедегі Қытайдан тасимыз. Ресейде мұнай өнімдерінің бағасы сәл көтерілсе, біздегі баға аспанға ұшып кетеді, – К.Смирнов.
Сарапшы бізбен әңгімесінде осыған дейін «төртінші мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт салу керек» деген ұстанымның кенеттен трендтен түсіп қалу себебін түсіндіріп өтті. Оның пайымдауынша, жаңа зауытқа шикізат керек. Біз оны қайдан аламыз? Жұмыс істеп тұрған зауыттардың өзі шикізаттың тапшылығын жиі сезініп жүр. Мұнай өңдеуші зауыттардың мүмкіндігі 17,4 млн тонна «қара алтын» өңдеуге жетеді.
Стандартты көтеру керек
Биыл еліміздегі тіркелген автокөліктердің саны 7 млн 150 мыңға жетіпті. Олардың 2015 жылдан бері қарай шыққандарына Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармай қажет. Ал біздегі зауыттар Еуро-2 санатына жататын өнім өндіреді. Ал Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының басым көпшілігі 2015 жылдан бастап Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармайға көшті. Яғни, МӨЗ-дердің технологиясын Еуро-4 стандартына бейімдеу керек.
Бұл туралы экономист К.Смирнов:
– Алдағы бірер жылда Қазақстандағы барлық жаңа көлік Еуро-4 стандартына көшеді. Себебі 2015 жылдан бастап 10-15 жылдық тарихы бар ескі көліктерді утилизациялау басталды. Енді бірер жылда бізде Еуро-2 стандартындағы бензинді тұтынатын көлік қалмайтыны белгілі. Сол себепті зауыттарымызды Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына алдын ала бейімдеуіміз керек, – дейді.
2018 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары да жақында аяқталады. Демек, МӨЗ-дердің Еуро-4, Еуро-5 стандартындағы жанармай шығаратын кезі жақындап қалды.
Мамандардың айтуынша, 1 тонна мұнайды өңдеудің өзіндік құны – 60-65 доллар. Ал бір тонна мұнайдың тек 16 пайызы ғана Еуро-2 стандартындағы бензин шығаруға жарамды. Егер, Еуро-4 немесе Еуро-5 стандартына көшсек, бұл көрсеткіш 9-11 пайызға түсіп қалуы әбден мүмкін. Сол кезде үш зауыт шикізат тапшылығын көруі мүмкін. Мамандар сол үшін МӨЗ-дерді жартылай болса да Еуро-4, Еуро-5 стандартындағы бензин өндіруге бейімдей беру керек дейді.
Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі, саясаттанушы Досым Сәтпаев бағаның қымбаттауына нарықты шектен тыс монополиялау мен мұнайды аз өңдеу әсер етіп отырғанын, бұл біздің ғана емес, Ресейдің де басындағы жағдай екенін айтады. Сол себепті алдағы жылдар туралы мәліметтерді біріздендіру өте қиын. Олай болатыны, мұнай өнімдерін сату бағасы Қазақстан жанармай қауымдастығы тарапынан бақыланады да, мемлекеттік формулаға сәйкес реттеліп отырады. Еліміздегі 3 МӨЗ-де мемлекет үлесінің болуының өзі жанар-жағармай нарығындағы лоббистердің қарсылығын күшейтіп жіберуі әбден мүмкін. Ондағы әрбір күмәнді келісімшарт ел ішіндегі түрлі әңгіменің отын лаулатып жібермейтініне де кепілдік жоқ.
– Ақпараттық соғыста бұған дейін мұнай трейдерлері мен жанар-жағармай трейдерлері жеңіске жетіп келді, – дейді Д.Сәтпаев.
Д.Сәтпаев масайрауды тоқтатып, барынша салқынқанды және біз үшін тиімді шешім қабылдайтын кез келгенін айтты. Нақты әрекетті мұнай-газ секторындағы өз үлесімізді көбейтуден бастайтын уақыт келді. Енді кері шегінетін жөніміз де, жолымыз да жоқ. Оның пайымдауынша, Қазақстандық үлесті арттырмайынша, мұнай-газ секторындағы ақпараттың ашықтығына қол жеткізе алмаймыз. Ал ақпарат ашық айтылмайтын ортада орындалмайтын уәделер өтімді болады.
АЛМАТЫ