Аймақтар • 07 Тамыз, 2019

Асқар Мырзахметов: «Уақыттан ұтамыз деп, құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмау керек»

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен жиын өтіп, жиында Тараз қаласындағы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылыс барысы қаралды. Кешендегі құрылыс жұмыстарына жауапты штабтың есебі тыңдалып, жан-жақты сараланды.

Асқар Мырзахметов: «Уақыттан ұтамыз деп, құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмау керек»

Аталған кешен ағымдағы жылғы күз мезгілінде аталып өтілуі тиіс облыстың 80 жылдық мерейтойына дейін толығымен аяқталып, пайдалануға берілуі керек. Алайда мұндағы құрылыс жұмыстарының бүгінгі таңдағы қарқыны көңіл көңшітпейтіні жиында ашық айтылды. Осы мәселеге жіті назар аударған Асқар Мырзахметов құрылыс жұмыстарын жандандыра түсу керектігін баса айтты. Ол үшін екі ауысымдық режимге негізделген жаңа жұмыс кестесі бекітілді. Сол бойынша мердігерлердің  жұмысы ширатылып, қарқыны күшейтілмек. Алайда әкім уақыттан ұтамыз деп, құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмау керектігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар жиын барысында ендігі кезекте жұмыс режимінің өзгеруіне байланысты, құрылысқа қажетті материалдарды уақтылы жеткізіп отыру жайы да сөз болды. Бұл орайда материалдарды өндірушілермен  алдын-ала келісімге отырып, қажетті бұйымдарды күні бұрын дайындатып қоюдың маңыздылығы айтылды. Асқар Мырзахметов бұл жұмыстарды күнделікті өз бақылауында ұстайтынын жеткізіп, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

 

Жамбыл облысы