Қоғам • 08 Тамыз, 2019

Азаматтық қару ұстау қатаң қадағаланады

823 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылауды күшейту іс-шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Осы мақсатта биыл бірқатар ведомстволық бұйрық шықты. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз орталығында кеңінен баяндалды.

Азаматтық қару ұстау қатаң қадағаланады

Ішкі істер министрлігінің 2019 жылғы 1 шілдедегі «Аза­мат­тық және қызметтік қару мен оның оқ-дәрілері айналы­мы қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына қоғамдық қауіп­сіздікті күшейтуге бағытталған жаңа өзгерістер енгізілді. Осы жайында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов мәлімдеді.

Оның айтуынша, азаматтық және қыз­мет­тік қарудың ұрла­нуының алдын алу үшін қару мен оқ-дәрілерді орталық­тан­дырылған орында сақтау қарас­тырылған. Бұрыннан заңды тұл­ғаларға қаруды күзет ұйым­­дарының қару-жарақ бөлме­лерінде сақтауға рұқсат етілген. Енді мұндай мүмкіндік жеке тұл­ғаларға да берілді. Бірақ аза­маттарға қаруын үйде немесе белгіленген орында сақтауды таңдауға еркі бар. Қару иелерінің салғырттығынан, сақтау талаптарын орындамауынан ұрлыққа жол беріледі. Сондықтан осындай шаралар қабылданып жатыр.

Сондай-ақ жаңа ережелер негізінде ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатылатын қару­ларды сату тәртібі реттелді. Бұған пневматикалық, сигналдық қарулар және газ бүріккіштері жатады. Мұндай қаруды сатып алғысы келетіндер кәмелеттік жасқа толғанын растап, дүкенге сотталмағандығы, медициналық теріс көрсеткіштерінің жоқ­тығы және қару ұстаудың қауіпсіздік ере­желері бойынша біліктілік тексеруден өт­кен­дігі туралы анықтама беру керек. Бұл қа­дамға полицияның рұқсатынсыз сатыл­ған қарулармен жасалған қыл­мыстық оқи­ғалардың тіркелуі себеп болған. Мысалы, осы са­нат­тағы қарулармен 2017 жылдан бері 157 қылмыс жасалыпты. Оның 33-і қарақшылық, 88-і бұза­қылық болса, үшеуі өлімге әкеп соқтырған. 2018 жылы Қазақ­станға 4 мыңнан аса сигналдық қару әкелі­ніпті. Бұлардың сыртқы көрінісі «Макаров», «Глок» маркалы тапаншаларға айна-қатесіз ұқсайды екен.

–  Жалпы жүргізілген іс-ша­ра­лар нәти­жесінде заңсыз айна­лым­дағы 3,5 мыңнан аса атыс қа­руы тәркіленді. Оның басым көпшілігін азаматтар өз еріктерімен тап­сырған. Жыл са­йын азаматтардан заңсыз сақ­талған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізіліп келеді. Қазіргі таңда полицияға 1,3 мыңнан аса азамат жүгініп, 107 млн теңгеден аса соманы құраған 2 мыңнан аса атыс қаруын, 185 мың патрон, 16 кг жарылғыш зат тапсырылған. Қаруды сатып алу акция­сы өз тиімділігін көрсетіп, бес жылда атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың 42,2%-ға төмендеуіне ықпал етті, – деді Мақсат Байболов.

Сонымен қатар ІІМ өкілі жиын­да биыл 5 тамыздан бас­тап 11 тамызға дейін жүргізі­ліп жатқан «Қауіпсіз аула» іс-ша­­ра­сы жөнінде айтып берді. Бұл қоғамдық тәртіпті тиісті дең­гейде сақтау, көшелерде, аулаларда құқық бұзушы­лықтың алдын алу, жолын кесу мақсатында ұйымдастырылуда. Полиция қыз­меткерлері акция аясында суық қаруды және басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз алып жүру, алкоголь өнімдерін сатуда заңнама талаптарын сақтамау, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, кәмелеттік жасқа тол­ма­ғандардың көшелерде, ойын-сауық орындарында жүру, рұқсат етілмеген жерлерде сауда-саттық жасау фактілерін анықтап жатыр.