– Биыл шілде айының алғашқы күндері Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген 35 отбасыны қарсы алдық. Бұл «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша Екібастұзға қоныс аударушылардың жетінші легі. Қоныстанушыларға арналған бағдарлама бойынша өңірге 137 отбасы қоныс аударды. Алдыңғы келген 103 отбасының 57 адамы жұмысқа орналасты, – дейді облыс әкімі Болат Бақауов.
Өндірісті өңірге көшіп келген 137 отбасының ішінде 825 ересек адам болса, 569-ы – балалар. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, бұл күндері өңірде 25 мың жұмыс орны бос, оның ішінде 10 мыңы тұрақты жұмыс көзі екен. Осы ретте айта кетелік, «Nurly Ertis» бағдарламасы елімізде қанатқақты жоба негізінде басталған-ды. Өйткені Екібастұз қаласында салынған тұрғын үйлер өз құнына сай уақытында сатыла қоймады. Әрине, тегін жатқан дүние жоқ. Сондықтан аталған бағдарлама бойынша қоныстанушыларға пәтер берілуде.
Әкімдіктің хабарынша, қоныс аударушыларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Оларды қаладағы жұмыс күші қажет кәсіпорындарға шақырып, жұмыспен қамтамасыз етпек. Екібастұзда ірі және шағын кәсіпорындар жетерлік, кәсіпкерлік саласы да жақсы дамыған. Басқарманың мәліметінше, көшіп келген отбасылардың балалары балабақша мен мектепке орналастырылады. Атаулы әлеуметтік көмек беру үшін құжаттарын әзірлейді. Яғни, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Қоныстанушыларға әлеуметтік көмек көрсету аясында жол шығыны өтеледі, пәтерде алғашқы жылы тегін тұрады. Одан кейін төрт жыл отбасылар коммуналдық қызмет құнымен қатар ай сайынғы жалға алу құнын төлейді. Мәселен, 3 бөлмелі пәтерге ай сайын 14 мың теңге төлейді. Ал 5 жылдан соң пәтер құнының қалған құнын төлеп, атына аударып алуға құқылы. Егер қажет етпесе, жалға алу шартын ұзартып, әрі қарай тұра береді. Қазір қоныс аударушылардың бір бөлігі ГРЭС-2 стансасында, «Green Ноuѕе-Каzтомат» ЖШС-нде «Қарағанды Би-Энерджи», Мотор-вагон депосында және денсаулық сақтау мен білім беру мекемелерінде еңбек етуде. Қалған 188 адамның 51-і бала күтіміне байланысты демалыста болса, 40 қоныс аударушыға жұмысқа орналасу үшін жолдама берілген. Олардың арасында бір кардиолог, екі жалпы тәжірибе дәрігері бар. Өзгелерін де жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына дейін қоныс аударушылар санын 200 отбасыға жеткізу жоспарланып отыр.
Қоныс аударғандардың бірі Рүстем Оразбаев қазір «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС жылыжайында көкөніс өсіруші болып еңбек етеді. «Мен бірден жұмыс таптым, дейді Рүстем. – Қазір 5 балам балабақшадан орын алып, мектепке қабылданды. Екібастұз халқы бізді жылы көңілмен қарсы алғаны қуантады». Ал Айдарбек Мәмінов әу баста Шардара қаласынан Нұр-Сұлтанға көшкен екен. «Nurly Ertis» бағдарламасының шарттары ұнады. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. Енді міне,
3 бөлмелі пәтер алдық, 6 балам мектепке, балабақшаға барады. Жұмыс бар», дейді ол. Қоныс аударушылардың барлығы тұрғылықты мекен-жай тіркеуін алды. «Елге ел қосылса – құт». Жақсылықпен басталған бағдарлама ұзағынан болсын демекпіз.
Павлодар облысы