Тәуелсіздікке қадам басқан жылдарымызда «Мәдени мұра» атты бағдарлама табысты жүзеге асырылды. Ол бағдарлама тарихи өткен жолымыздың ұмытылған жерлерін еске түсіруге, қайта жаңғыртуға, кейбір жерлерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік тудырды. Дегенмен, әлі де көптеген жазба тарихи байлықтарымыз зерттеушілердің қолына тимей, ғылыми айналымға түспей жатыр, өйткені олар Қазақстаннан тысқары жерлерде, шетелдердің архивтерінде.
Елбасының мақаласы Қазақстанның болашағына арналған. Онда тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған бірнеше ірі-ірі жобалар ұсынылған. Мемлекеттік архив қызметкерлері үшін жаңа жоба – «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасы басым бағыт болып табылады. Бұл бағдарлама Қазақстанның тарихы жөнінен тарихи көздердің аясын шетелдердің архивтерінен табу арқылы елеулі дәрежеде ұлғайтуға мүмкіндік береді. Анықталған құжаттар отандық тарих ғылымын бұрынғыдан да толықтыра түседі.
Қарағанды облысының тарихы туралы құжаттар тек жақын шетелдерде ғана емес, сонымен қоса алыс шетелдерде де бар. Ресей Федерациясының Мәскеу, Новосібір, Омбы, Орынбор қалаларындағы мемлекеттік архивтерде көптеген дүниелер сақтаулы. Мәселен, тек Ресейдің мемлекеттік әсекри-тарихи архивінде Қаратау тауларында тас көмір кенінің ашылуы (1863 ж.) туралы деректер, уездердің шекаралары (1852 ж.), Беларусь Республикасының мемлекеттік архивінде қаза тапқан және осы республика аумағында жерленген қазақстандық жауынгерлер туралы деректер бар.
«Архив-2025» бағдарламасы Қарағанды облысының тарихы жөнінен құжаттарды жақын және алыс шетелдердің архивтерінен анықтауды бағдар тұтып отыр. Құжаттар анықталған жағдайда нәтижесі бойынша архившілер арасында қызметтестік туралы меморандум жасалады, оның мақсаты ақпараттар алмасу және оған қоса Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын жаңа құжаттармен толықтыру.
Құжаттар цифрлы форматқа конвертациялау жолы арқылы жаппай жұртшылыққа қолжетімді болады. Сөйтіп «Архив-2025» бағдарламасы архив жүргізудің тағы бір маңызды бағыты – архив құжаттарын цифрландыруға да қатысты болмақ. Мәселен, Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде 2013 жылдан бері «Электронды архив» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіліп келеді, оның көмегімен қағаздағы дәстүрлі құжаттар электронды форматқа көшірілуде. Құжаттарды цифрландыру, яғни архивтегі істерді сканерлеу оларды пайдалануды жеңілдету, оларды Интернет желілеріне орналастыру арқылы құжаттарды ғылыми айналымға түсіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Архивтердің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру бағытында қағаздағы немесе аудио-бейне тасымалдағыштағы болсын, әртүрлі сақталу бірлігін цифрландыру арқылы бірыңғай деректер базасы құрылады.
Қарағанды облысының мемлекеттік архиві үшін аса ауқымды ақпараттар ресурсына ие мекеме ретіндегі басты әлеуметтік мәні зор және маңызды қызметінің бағыты құжаттарды пайдалану болып табылады. Сондықтан да ол бүгінгі күні тек электронды құжаттар құрумен ғана емес, сонымен қоса оларды жастар арасында патриоттық тәрбие жүргізу мақсатындағы да, заңды және жеке тұлғалардың әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сауалдарын орындау мақсатындағы да толығымен пайдалану үшін жұмыс жүргізілуде. Архив Қарағанды және Қарағанды облысының тарихы, атақты адамдары, тарихи оқиғалары туралы көрнекі аудио-бейне материалдарды пайдалана отырып «Орталық Қазақстан архив құжаттарында» атты курс бойынша тарих сабағын өткізуді дәстүрге айналдырған. Бірнеше жылдан бері Қарағанды қаласының мектеп оқушылары, колледждер мен университеттердің студенттері үшін 100-ден астам сабақ өткізілді. Тарих сабағын дәстүрлі емес түрде өткізу студенттер мен оқушыларға тартымды болып, сабаққа ден қоюымен қатар олардың архивке келуге деген ынта-ықыласын арттыратындығы сөзсіз.
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік архивтердің жұмысына жаңа леп беріп отыр. Жаңа тарихи құжаттарды анықтау Қазақстанның Ұлттық архив қорын толықтырары, отандық тарих ғылымының тарихтану базасын бұрынғыдан да ұлғайта түсері сөзсіз. Ал тарихи құжаттарды электронды форматқа көшіру еліміздің өткен тарихы туралы ақпаратқа көптеген зерттеушілердің қолын жеткізеді.
Сөз соңында ата-бабамыздың ғасырлар бойы тарихи құжаттарға басылған мұрасы түсінікті және қазіргі ұрпақтың сұранысы мен қолданысына лайықты әрі жеңіл болады деген сенімдеміз.
Жаңагүл ТҰРСЫНОВА,
Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің директоры
ҚАРАҒАНДЫ