Бейбітшілікке үндейтін кездесулерден күтеріміз көп
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:55
Хиронао ОКУМА, «KIODO News» ақпарат агенттігі Мәскеу бюросының журналисі (Жапония): – Қазақ жерінде екі күнге созылған «Иран мәселесіне» қатысты Алматы келіссөздері Иран мен «алты ел» арасында жаңа байланыстардың ашылуына жол салды деп айтуға болады. Бұл саяси кездесу бұған дейінгі осы тақырыптың сеңін бұзғандай. Тараптар өздерін қызықтыратын ұсыныстарды бір-біріне өткізе білді.
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:55
Хиронао ОКУМА, «KIODO News» ақпарат агенттігі Мәскеу бюросының журналисі (Жапония): – Қазақ жерінде екі күнге созылған «Иран мәселесіне» қатысты Алматы келіссөздері Иран мен «алты ел» арасында жаңа байланыстардың ашылуына жол салды деп айтуға болады. Бұл саяси кездесу бұған дейінгі осы тақырыптың сеңін бұзғандай. Тараптар өздерін қызықтыратын ұсыныстарды бір-біріне өткізе білді.
Бұл мәселе жөнінде Ресей өзімен әріптес Батыс елдері секілді Иранның ядролық бағдарламаны бейбіт мақсатта қолдану талабын берік ұстанатындығы аян. Алматы келіссөздерінде көптеген пайдалы пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Ирандық делегация құрамындағы осы саланың жауапты тұлғалары мен сарапшыларының бұл жолғы келіссөз жүргізу мәнері барлығымызды ортақ тіл табысуға түбі қол жеткіземіз деген сенімге жетеледі.
Алматы қаласында өткен 3+3 тұрпатындағы Иранның ядролық бағдарламасы тақырыбын терең қозғаған келіссөздер жұмысына өзара үнқатысу алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды білдіреміз. Қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан бас тартқан ел ретінде Қазақстан бұл келіссөзге өзіндік зор үлесін қоса білгендігін баса айтқым келеді.
Сәуір айында тағы да Алматы қаласында болатын келесі кездесуден, әрине, барша адамзатқа игі шешім қабылданса деп тілейміз. Менің пікірімше, әлемнің әр қаласында өткізіліп жүрген «Иран мәселесі» тек саяси үнқатысу құралы болып қалмай, нақты бір шешімін табатын және уранды бейбіт мақсатта қолдану ісінен барлық адамзатқа пайдасы тиетін нәтижеге жетелейтін тәжірибе болуы керек деп есептеймін.
Айһан ЗЕНГИН, Иран ядролық бағдарламасын зерттеуші: – Алматыдағы бұл басқосу Мәскеу келіссөздеріне қарағанда өте маңызды болды. Әрине, бұл тақырып өзінің шегіне жетпеуі себепті тағы да нақты шешімге қол жеткізілмегені баршамызға аян. Бір сөзбен айтқанда, бұл жеңімпаздар ойыны емес, жеңілушілер ойыны деуге әбден болады. Екі тарап та ерен ілгерілеушілікке қол жеткізе алмады. Бұл үнқатысудың ұтқаны – тараптар бұдан кейін де бұл тақырыпты сыпайы қозғауға жол ашты, келесі жолы ресми жағдайда жылы кездесу мүмкіндігіне ие болды.
Иранның ядролық бағдарламасы тақырыбын соңғы 10 жылдан бері тиянақты зерттеп жүрген адам ретінде Алматы қаласында алдағы өтетін кездесу бұдан да жемістірек болады деп сенім артар едім.
Қонақжай Қазақ еліне келер кезде мен Қазақстанның ядролық қалдықтар банкін жүзеге асыруға мүдделі екендігін білдім. Егер бұл банк жұмыс істей бастаса, Иран Қазақстанмен осы мәселеде тығыз қатынас орнатар еді. Әрине, бұл Еуропалық Одақ үшін «Иран мәселесінен» өзге тағы бір «бас қатырарлық» жұмыс болады деп ойлаймын.
Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі жан-жақты келіссөздерге тікелей мұрындық болу арқылы Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік жаңа бейнеге ие болды деп айтар едім. Әлемдегі үлкен ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде қазақстандық делегация құрамын да осындай келіссөз алаңынан болашақта көруге әлемдік сарапшылар қуана келісер еді дегім келеді.
АЛМАТЫ.