28 Ақпан, 2013

Алматы Иран келіссөздері үшін неліктен таңдап алынды?

366 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы Иран келіссөздері үшін неліктен таңдап алынды?

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 8:00

The wall street Journal, 25.02.13

Қазақстан – кез келген кездесу үшін лайықты ел

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер Қазақстанның аса ірі қаласы Алматыда сейсенбі күні басталды. Иран, Ыстамбұлды қоса алғанда, ұсынылған басқа келіссөздер орындарына вето қойып, бірнеше апта бойы кездесу уақыты мен орнын үйлестіру мәселесін шешті.

 

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 8:00

The wall street Journal, 25.02.13

Қазақстан – кез келген кездесу үшін лайықты ел

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер Қазақстанның аса ірі қаласы Алматыда сейсенбі күні басталды. Иран, Ыстамбұлды қоса алғанда, ұсынылған басқа келіссөздер орындарына вето қойып, бірнеше апта бойы кездесу уақыты мен орнын үйлестіру мәселесін шешті.

Қазақстан осы мақсат үшін дәл келетін ел ретінде таңдалды. Бұл ел Теһранмен достық байланыстар қалыптастырған және Вашингтонмен де сенімді саяси және сауда қатынастарына ие. Бұл әркез тіл табысуға болатын, кез келген кездесу үшін жақсы қожайын.

Оның үстіне Қазақстанның ядролық өткені бар. Бұл ел Кеңес Одағы ыдыраған кезде әлемдегі аса ірі ядролық арсеналдардың бірін иеленіп қалды. Бірақ АҚШ-тың бастамасы бойынша өзінің қаруын 1990-жылдардың ортасында Ресейге беріп, толықтай қарусызданды және ядролық қару бағдарламасынан бас тартты.

Бүгінде Қазақстан Орталық Азияда жетекші рөл атқарады. Дүйсенбі күні америкалық бір саясаткер ел қазір өзінде ядролық бағдарлама бар кездегіден бай және қауіпсіз бола түсті деп атап өтті. Дей тұрғанмен, осы қар жамылған, бір жарым миллион тұрғыны бар үлкен қалада келіссөздер көпшіліктің назарын аударды десек, артық айтқандық болып шығар еді. Оқиғадан белгі беретін жалғыз орын келіссөздер өтетін Rixos отелі маңындағы қала орталығы болды.

Дүйсенбі күні отель алдындағы жаяу жүр­гін­шілер көп жүретін табанжолда  Иранның ядролық бағдарламасы туралы хабардар 23 жастағы студенттен пікір сұрадық. «Қазақстан ядролық бағдарламадан бас тартқан алғашқы ел болды. Ядролық бағдарламаның жақсылығы шамалы. Ол бәріміз үшін, бүкіл әлем үшін қауіпті», деді ол.

Түскі үзіліс кезінде қонақ үй сыртындағы саябақта қаладағы пошта қызметтері бірінің менеджері Рауан Алтын оқиғадан құлағдар екенін, Алматыда келіссөздер өткізілетінін білетінін айтты. «Біз бейбітшілік және мәміле іздеу жағындамыз, – дейді 26 жастағы жас жігіт. – Бұл шын мәнінде Қазақстанға көрсетілген үлкен сенім. Бұл кездесу АҚШ-та, Қытайда немесе Үндістанда емес, Қазақстанда өткелі отыр. Біз мұны мақтан етеміз».

 

Reuters, 26.02.2013

«Ешкім де Алматыдан толық шешілген мәселемен оралуды күтпейтіні түсінікті»

Әлемдік державалар Қазақстанның Алматы қаласындағы ядролық бағдарлама бойынша Иранмен келіссөздерден серпінді келісім күтіп отырған жоқ, деп мәлімдеді сейсенбі күні Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі. «Ешкім де Алматыдан толық шешілген мәселемен оралуды күтпейтіні түсінікті», деп мәлімдеді келіссөздер басталғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында Майкл Манн.

Әлемдік державалар, егер Теһран Батыстағылар бомба жасауға бағытталуы ықтимал деп қауіптеніп отырған ядролық қызметін қысқартатын болса, Иран сәрсенбі күні өздерінің кейбір санкцияларды алып тастау туралы жаңа ұсынысына оң қабақ танытады деп үміттенеді.

АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай және Ресей бұл ұсыныстарын сегіз ай үзілістен кейін сейсенбі күні Алматыда басталған кездесу кезінде жасады және ислам мемлекеті оны қарастыру үстінде, деп мәлімдеді олардың өкілі.

Батыс өкілдері келіссөздердің бірінші күнін «пайдалы», ал Иранның мемлекеттік телевизиясы пікірталас ауанын «өте салмақты» деп атады.

Қазақстан қаласында өтетін екі күндік кез­десудің қорытындыларын, егер дипломатия­мен және санкциялармен уран байыту бағдарламасын тоқтатудың сәті түспесе, Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауы ықтимал екенін айқын ұқтырған Израиль мұқият қарайтын болады.

 

NBSNews, 27.02.2013

Неге Алматы? Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге қатысып жатқан журналистер осыған таң-тамаша

Сейсенбі күні Иран мен алты әлемдік держава өкілдері сегіз айға созылған үзілістен кейін Таяу Шығыста жаңа соғыс отын тұтандыруы ық­тимал Теһранның ядролық бағдарламасы төңі­регіндегі дау-дамайды шешуге ұмтылып, өз­дерінің алғашқы кездесулерін өткізді.

Осы жолы ресми өкілдер мен журналистер келіс­сөздер үшін Қазақстанға, Алматы қаласына жи­налды.

Келіссөздер уақытында басқа отельде күтіп отырған журналистер өздеріне: «Неге Алматы?» деген сауалдар қойып, таңқалыстарын білдіріп жатты.

Бір қарағанда Ыстамбұл нақты таңдау сияқты көрінеді, өйткені, осының алдындағы екі кездесу нақ сол қалада өтті (келіссөздер сондай-ақ Бағдат пен Мәскеуде де өткізілді). Бірақ Түркия Иранмен қатынасы нашарлаған елдер қатарына қосылды. Бертінге дейін екі ел арасында берік қатынастар орнаған-тын. Түркия Сирия көтерілісшілерін қолдағаннан кейін ол бұзылды.

Жергілікті журналистер Қазақстан нышандық тұрғыдан дұрыс таңдау деп түсіндіреді. Өйткені, ол – ядролық қарудан бас тартқан алғашқы пост­кеңес­тік мемлекет. Бұған қоса, Қазақстан Батыс пен Иран арасындағы бейтарап ел болып табылады.

Алты әлемдік держава – Германия, Қытай, Фран­ция, Ресей, Құрама Штаттар мен Біріккен Король­дік Женеваны ұсынды, Иран Бағдатты қала­ды. Кейін олар келіссөздерді Стокгольмде өткізу­ді ұсынса, Иран Алматыны құп көрді.

Сөйтіп, алты әлемдік держава батысты ұсынса, Иран шығысты жөн санады.

Осылайша журналистер мен ресми адамдар Алматыға келді. Бірақ журналистердің көп­ші­лігіне келіссөздерге қатысуға рұқсат берілмеді. Дипломаттар мен шенеуніктер Rixos отелінде аталған тақырыпты талқылап жатқанда, 100-ден астам журналист InterContinental қонақ үйінде отырды.

Күні бойы жүрген келіссөздерден кейін ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кэтрин Эштон журналистерге былай деп хабарлады:

«Бүгін біз пайдалы кездесу өткіздік, деді Майкл Манн. Иран жағы өткен кештің барлық оқи­ға­ларын талқы таразысына салып, біздің ұсыныс­тарымызды оң тұрғыдан қарайды ғой деп үміттенеміз».

 

Global Post, 27.02.2013

Иран өкілі ЕО өкілімен сәуірде кездеседі

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бас келіссөзшісі Саид Джалили сәрсенбі күні Иранның ядролық бағдарламасы бойынша алты әлемдік державамен келесі келіссөздерді 5-6 сәуірде қазақтың Алматы қаласында ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кэтрин Эштонмен жүргізетінін мәлімдеді.

– 18 наурызда Ыстамбұлда сарапшылар деңгейінде кеңес шақыру туралы шешім қабыл­дан­ды. Содан кейін 5-6 сәуірде Алматыда Иран­мен 5+1 кездесуі өткізілетін болады, – деп мәлім­деді журналистерге Джалили.

 

Bloomberg, 27.02.2013

Иран келіссөздерде әлемдік державаларға  қарсы ұсыныс дайындауда

 Әлемдік державалар мен Иран Ислам Республикасының ядролық бағдарламасы бойынша екі күндік келіссөздерін аяқтады. Тараптар проблеманы одан әрі талқылауды келесі айдан бастап жалғастыруға уағдаласты.

Иран өкілі Саид Джалили Алматыдағы екі күндік мәжілісті «бетбұрысты сәт» деп атап, Иранға «бұрынғыға қарағанда шындыққа жақын келетін және логикалық тұрғыдан жөндем» ұсы­ныс жасалғанын атап көрсетті. Техникалық келіс­сөздер 18 наурызда Ыстамбұлда, саяси пі­кірталастар 5 сәуірде Алматыда қайта жал­ғасады, деп мәлімдеді журналистерге С.Джалили.

ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кэт­рин Эштон келіссөздердің егжей-тегжейін аш­пай, Иранға жасалған жаңа ұсыныстарды тең­дестірілген деп атады.

АҚШ бастаған әлемдік державалар, Иранның ядролық бағдарламаларына шектеуді қоса алғанда, саяси бағыт іздеу үстінде екендіктерін айтады. Израиль келіссөздер нәтиже бермесе, бағ­дар­ламалардың дамуын тоқтату үшін Иранның ядролық нысандарын бомбалауы ықтимал екенін ескертіп отыр. АҚШ та осы мақсатта күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Иран болса, өзінің бағдарламасы бейбіт мақсатқа бағытталғанын көлденең тартады.

Қазақстандағы екі күндік кездесу өткен жылдың маусымынан кейінгі алғашқысы болды. Соңғы келіссөздерге қатысып жатқан ресми өкілдердің сөздеріне қарағанда, АҚШ пен оның әріптестері, егер Иран 20 пайызға байытылған уран өндірісін тоқтататын болса, онда кейбір банктік, мұнай химиясы және алтынға қатысты санкцияларды жеңілдететіндіктерін мәлімдеді.

Джалилидің айтуынша, Иран өзі қол қойған халықаралық шартқа сәйкес уранды байытуға құқылы. Ол сондай-ақ Ирандағы Фордо зауытын жабуға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Орташа байытылған уран өндіретін аталған зауыт Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық байқаушысының бақылауында екені белгілі.

 

CNBC, 27.02.2013

Иран, Р5+1 Алматыға сарапшылар деңгейіндегі келіссөздерден кейін қайта оралады

Иран мен әлемдік державалар Ыстамбұлдағы сарапшылар деңгейіндегі келіссөздердің бірінші кезеңінен кейін Иранның ядролық бағдарламасын талқылау үшін Алматыда тағы бір кездесу өткізу­ге уағдаласты, деп хабарлады сәрсенбі күні Иран­ның Fars News агенттігі.

Баяндамада екі кеңес өтетін күн нақты көр­се­тілген, бірақ сарапшылар деңгейіндегі келіссөздер Алматыдағы кездесуден бірнеше күн бұрын өтетін болады.

Екі тарап сейсенбі және сәрсенбі күндері Ал­ма­тыда кездесіп, Иранның ядролық қызметіне қа­тыс­ты проблеманы шешуге талпыныс танытқан еді.

 

Ағылшын радиосы, 27.02.2013

Иран, 5+1 тобы Алматыда келіссөздердің 2-ші күнін бастады

Иран мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне бес тұрақ­ты мүшеден тұратын 5+1 тобы және Германия Қазақстанның Алматы қаласында келіссөздердің 2-ші күнін бастады.

Иран тарапынан бас келіссөзші Иран Жоғары ұлттық кеңесінің хатшысы Саид Джалили болса, ЕО жағынан Сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкіл Кэтрин Эштон болып табылады. Олар сәр­сенбі күні мәжіліс өткізді.

Иран мен 5+1 тобы келіссөз үстеліне жаңа ұсыныстармен отырғандарын хабарлады.

Сейсенбі күні өткен келіссөздердің бірінші күні барысында  5+1 тобы Ираннан 20 пайыз байытылған уран өндірісін қысқартуды,  Фор­додағы ядролық нысанын жабуды талап етті. Өз кезегінде Батыс өкілдері Иранға қарсы қол­да­нылған алтын, мұнай химиясы және банктік санк­цияларын азайтатынын айтты.

Иран мен 5+1 тобы негізгі екпінді Иран­ның яд­ролық бағдарламасына түсіре отырып, келіс­сөздердің бірнеше кезеңін өткізді. Келіс­сөздердің соң­ғы раунды 2012 жылдың маусымында Мәскеуде ұйымдастырылған еді.