Аймақтар • 08 Тамыз, 2019

ҚарМУ-да Жастар орталығы мен «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі

780 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде 2019-2020 оқу жылының басында Жастар орталығы мен «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі.

ҚарМУ-да Жастар орталығы мен «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі

Жаңа нысан университет жатақханалары арасын жалғап жатқан жапсарлас ғимарат ішінен орын алады. Орталықта заманауи компьютер техникаларымен жабдықталған конференц-зал, коворкинг-аумақ жұмыс істейтін болады.

– Бұл игіліктер студент жастарға белсенді түрде демалып және бос уақыттарын тиімді өткізуге мол мүмкіндіктер береді, – дейді ҚарМУ-дың ректоры Азамат Едрисов.

Сонымен қатар аталған нысан ішінде кофе-брейк пішіміндегі дәмхана да жастарға қызмет көрсететін болады.

Қарағанды

Ал университеттің бас корпусы мен жатақханаларының арасындағы «Жастар» аллеясында Wi-Fi еркін интернет желісі бар табиғат аясында денсаулықты қалпына келтіру аумағының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, аллеяда сырты қоршалып, табанына жасанды көгал төселген шағын футбол алаңы салынып бітті.

Осы шаруалармен айналысып жатқан мердігер компания – «Шығыс-5» ЖШС-нің құрылтайшысы Самажан Кенжебаевтың айтуынша, мақсат – құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне баса көңіл бөлу екен.

– Қосымша жұмыстардың туындауына байланысты нысанның тапсырылу мерзімі сәл-пәл алға жылжытылғаны рас. Ең бастысы, біз сапаға мән береміз. Дегенмен, тапсырыс беруші тараппен келісілген мерзімде нысанды толықтай тапсыруға күш салып жатырмыз, – деді мердігер компанияның басшысы.

Қарағанды облысы